АҚШ Невадада "ядролық сынақ" өткізіп, Ресейді тіксінтті

5907

АҚШ атом қаруын соңғы рет 1992 жылғы 23 қыркүйекте сынаған еді.

АҚШ Невадада "ядролық сынақ" өткізіп, Ресейді тіксінтті Фото: reactor.cc

Аға ұрпақ Америкадағы ядролық сынақтар туралы жақсы біледі. Себебі, біріншіден, Кеңес заманында тіпті оқулықтардың өзі Атлант мұхитының ар жағындағы алпауытты "басты жау" ретінде таныстырып, құлаққа құюмен болды. Ескі оқулықтарды пайдаланатын Қазақстанның әскери кафедралары әлі күнге болашақ офицерлерге "басты дұшпан" Американың арсеналын егжей-тегжейлі түсіндіреді.

Екіншіден, "Невада-Семей" қозғалысы тоқсаныншы жылдары Невада штатында жасалған зұлмат жарылыстар туралы көп айтып, халықтың сауатын ашты.

Құрама Штаттар 1945 жылдан 1992 жыл аралығында барлығы 1 054 ядролық сынақ өткізді.

fishki.net

Салыстырсақ, Кеңес одағы 1949-1990 жылдар аралығында ресми түрде 715 сынақ өткізді, шынында одан көп болған. Мысалы, Қазақстандағы бір ғана Семей ядролық сынақ алаңында 500-ге жуық сынақ жүргізілді. Бұдан бөлек Қазақстанда кем дегенде үш полигонда "ақырзаман қаруы" сыналған.

Америкада ядролық сынақтардың басым көпшілігі Невадада (NTS), сондай-ақ Тынық мұхиттағы Маршалл аралдаында, Атлант мұхитында өткізілді. Тағы 9 сынақ өзге штаттардың, Алясканың, Колорадоның және Нью-Мексиконың "еншісіне" тиді.

АҚШ атом қаруын соңғы рет 1992 жылғы 23 қыркүйекте, Невададағы полигонда, шахтада жарды. 

Енді ресейлік барлық ақпарат құралдары, пропагандасы арада 31 жыл өткенде Құрама Штаттардың "тағы да ядролық сынақ өткізгенін" жариялады.

Мұны ести сала, РФ сыртқы істер министрлігі Вашингтонға "қатаң ескерту" жасады. Мәскеу "Америка ядролық сынақ өткізсе, оған жауап ретінде біз де сынауға көшеміз" деген Путиннің уәдесін еске салды.

"Ресей СІМ Невада штатындағы ядролық полигонда сынақ өткізгені үшін Құрама Штаттарға ескерту жасады. Бұл ретте АҚШ өткізген жағдайда ұқсас сынақтарды Ресей де жүзеге асыруға құқылы екенін еске саламыз. Президент Владимир Путин: "Біз, әрине, мұны бірінші болып жасамаймыз, бірақ егер АҚШ ядролық сынақ өткізсе, онда біз де өткіземіз", – деген болатын", – деп мәлімдеді ресейлік сыртқы саясат ведомствосы.

Бұл оқиғаға Кремльдегілер де үн қатты. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің Америкадағы ахуалды мұқият қадағалап отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, енді Ресей мен АҚШ тең жағдайда болады.

"Біздің ұстанымымыз мейлінше анық. Енді жағдай де-юре теңеліп отыр. Өйткені Америка да, Ресей де ядролық сынақтарға тыйым салатын шартқа қол қойды. Бірақ екі ел де оны ратификацияламады. Біз жағдайды өте мұқият қадағалап отырмыз", – деді Кремльдің өкілі Д.Песков.

politobzor.net

Ресей Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартына (ДВЗЯИ) тек қол қоюмен шектелген жоқ, оны ратификациялады.

Ал Америка қол қойғанымен, Конгресс оны сол бойы бекітпеді. Алайда жаһандық қауіпсіздіктің кепілі және халықаралық қоғамдастықтың сенімді серіктесі ретінде АҚШ өз мойнына алмаған міндеттемесін де адал атқарып келді.

Оған қарағанда, Ресей өзін "кез келген халықаралық келісімнің күшін қалаған уақытта жоя салатын" сенімсіз серіктес екенін танытты. Мысалы, былтырғы жылдан бастап, ол Украинамен арадағы шекараға, достық қарым-қатынастарға қатысты келісімдердің күшін жаппай жойды. Биылғы маусымда Украинамен арадағы Азов теңізі мен Керчь бұғазын пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімнің күшін жойды. Яғни, көршілерімен арадағы шекаралық келісімдерді сақтамайтынын анық аңғартты.

Осыдан бір күн бұрын Ресей Парламенті Адам құқығы жөніндегі еуропалық Конвенцияны денонсациялады.

Осы аптада, 18 қазанда Ресей Мемлекеттік думасының депутаттары Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының ратификациясын тоқтату туралы заңды бірден біршеше оқылымда, әрі бірауыздан қабылдады. Оны сенаторлар да қолдап отыр. Осылайша, Ресей аталған шарттан шықты.

Мәскеу өзінің осы қарау ісін Америкаға ызасы ретінде бүркемеледі.

"Біздің дауыс беруіміз Америка Құрама Штаттарына, олардың жаһандық қауіпсіздікті сақтап тұруға деген міндеттемесіне нашар қарауына жауабымыз болады", – деді Мемдума төрағасы Вячеслав Володин.

danilevsky.ru

Бұл ретте Мәскеудің тағы бір өтірігі әшкере болды. Американың ядролық сынақ өткізбегені анықталды. Мұны Ресей де мойындады. Ол өз мәлімдемесінде Невада полигонындағы жарылыс ядролық қарудың сынағы болмағандықтан, Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шартының талаптарына қайшы келмейтінін, тиісінше, АҚШ мұндай сынақтарға мораторийді бұзбағанын жеткізді.

Керісінше, Америка Невададағы ядролық полигонында дүниежүзіндегі атом қаруының сыналуын анықтау бойынша тәжірибе жүргізіпті. Бұл егер Ресей немесе лаңкестік ұйымдар әлемнің әлдебір бөлігінде ядролық қаруды сынаса, АҚШ бұл туралы нақты білуі үшін қажет. 

"Құрама Штаттар Невадада химиялық жарылыс жасады. Полигондағы жерасты химиялық жарылыс Американың шетелдегі ядролық жарылыстарды әшкерелеу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған. Бұл Кремльге ұнамады", – деп хабарлады германиялық Deutsche Welle агенттігі.

АҚШ Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ұлттық басқармасы (NNSA) 18 қазан күні Невада ұлттық қауіпсіздік орталығындағы (Nevada National Security Site) ядролық полигонда жерасты химиялық жарылыс өткізгенін ресми хабарлады. Сынақтың мақсаты – "Әлемдегі түрлі елдерде шағын қуаттылықтағы ядролық жарылыстардың жүзеге асырылуын әшкерелеудегі Американың қабілетін арттыру" болған.

NNSA басшысының орынбасары Кори Хиндерштейн мұның сенімсіз елдердің ядролық сынақтарды жасырын түрде жүргізуін уақытылы анықтап, әлем жұртшылығын хабардар ету үшін маңызды екенін білдірді.

"Мұндай сынақтар ядролық жаппай қырып-жою қаруларын таратпау саласындағы жаһандық мақсаттарды Америка Құрама Штаттары қолдауы үшін жаңа технологияларды әзірлеудегі біздің ортақ күш-жігерімізді ілгерілетеді. Бұл эксперимент жерасты ядролық сынақ жарылыстарын әшкерелеуді жақсарту есебінен әлемдік ядролық қатерді төмендетеді", – деді ол.

Бұл қауіп бекер емес. 2023 жылғы 5 қазанда Владимир Путин кеңес кезінен бері әзірленген, ядролық қондырғысы бар, ұшып өткен территорияларына, соның ішінде тіпті Ресейдің өз аумағына радиоактивті қалдықты шашатын "Буревестник" қанатты ауыр зымыранын сынақтан табысты өткізгенін жариялады.

Содан кейін Ресейдің басты пропагандистерінің бірі, "Раша Тудей" халықаралық телеарнасының басшысы Маргарита Симонян Сібірдің үстінде ядролық қаруды жаруды ұсынды. Оның пікірінше, Ресей өз аумағындағы осы жарылыс арқылы сыртқы жауларына енді ештеңеден де тайынбайтынын паш етеді.

Ресейдің мұндай қадамдары Американы тіксінтті. АҚШ Конгресінің Стратегиялық күштер саласындағы партияаралық комиссиясы арнайы есебін жариялады. Онда комиссия Ақ үйге Ресейге және Қытайға қарсы тұру үшін америкалық ядролық әлеуетті арттыруға кеңес берді. 

Олай болса, өткен ғасырдағы "қырғиқабақ" суық соғыс кезіндегідей, әлемде қайтадан "ядролық қару жарысы" басталып кетуі ғажап емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу