Ақтөбеде ғұн дәуірінің ескерткіштерін зерттеу басталды

1069

Қазба жұмыстары облыстың Ойыл, Қобда және Әйтеке би аудандарында жүреді. 

Ақтөбеде ғұн дәуірінің ескерткіштерін зерттеу басталды Фото: Ақтөбе облыстық тарихи-өлкенату мұражайы

Зерттеу жұмыстарын Ақтөбе облыстық-тарихи өлкетану мұражайы мен Ә.Марғұлан атындағы археология институты бірлесіп жүргізіп жатыр.  Ғұрыптық жерлеу кешендерін зерттеу Дербісәлі II бейітінен басталды. Қобда ауданының Жарсай ауылынан 19 шақырым оңтүстік-шығысындағы кешеннің ауқымы үлкен. Ол 40-тан астам қорғаннан тұрады.  

Биыл Дербісәлі ІІ қорымнан бес қорған, ғибадатхана және "гантель тәріздес" нысандарды зерттедік.  Ғалымдар ғұн-сармат дәуіріне тән жерлеу ғұрпы негізінде тұрғызылған нысандар мен бұйымдарға қарап, біздің заманымыздың II-IV ғ.ғ. көшпенділер бір қорғанда бір жерлеу болғанын анықтады. Жерлеу шұңқырлары тіктөртбұрышты немесе жанама түрінде болған. Зерттеу жұмыстары кезінде ұғынғанымыз - ғұн-сармат мәдениетінде  жерлеу рәсімін әдейі өзгертіп отырған. Тіпті, бала кезінде бас пішінін деформация жасау арқылы өзгерткен. Мұны сол дәуірдің элитасы, яғни  жоғары тап өкілдерінің қалауы болуы әбден мүмкін деп түсіндік. Бұл не үшін жасалған? Негізгі мақсат өзгелерден айрықша болу ғана емес, сондай-ақ, тайпаластарды біріктіру болған сыңайлы.

Нысандарға келсек, ғибадатханада әйел адам жерленген. Оны сол жерден табылған күміс алқаның бөлшектерінен, әшекей бұйымдарға қарап болжауға болады. Ғибадатхананың ортасында керамиканың сынықтары табылды. Біз бұған қарап  сол дәуірде өмір сүрген адамдар белгілі бір уақыт өткеннен кейін  қандай да бір ғұрып өткізетін болған деген тұжырымға келдік.

Келесі "гантель тәріздес" нысанда ақсүйек өкілі жерленген. Оның мәртебелі адам екенін шұңқырдың ауқымы үлкен екеніне қарап болжадық. Бейіт ер адамға тиесілі болуы әбден мүмкін. Себебі, сол жағына салт атты темір қылыш қойған. Жерлеу рәсімі сәл басқа екеніне де назар аудардық. Бейіттің әр бұрышында арнайы қуыстар жасақталған, олардың ішінен қола жалатылған ыдыс, қыш құмыра, сүйек сабы бар темір пышақ, аяқ жағында табақ табылды.

"Біздің мақсатымыз – қазақ жерінде, соның ішінде Ақтөбе облысы аумағында өмір сүрген ғұндардың тарихын терең зерттеу" - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының ғылыми қызметкері Аслан Мамедов.

Ақтөбе облысы аумағында ғұн-сармат дәуіріндегі жүздеген ескерткіш бар. Олардың өзі 5-6 шақырымға дейін созылып жатқан екі жүз нысаннан тұрады. Ғұн көсемдерінің жанына тайпаластарын да жерлеген. Археологиялық қазба жұмыстары, зерттеу мұнымен бітпейді. Әрі қарай да жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу