Өткен жылғы демалыс маусымында Жетісу өңіріне орташа есеппен 2 млн турист келген екен. Оның ішінде 1 млн адам Алакөл жағалауында демалған. Бұл көрсеткіштер Алматы облысындағы туристік қызмет көрсету жұмыстарының жақсарып, аймаққа келушілер қатарының 22,2 пайызға өскенін айғақтайды.
Жалпы 2018 жылы өңірде 19 млрд теңге жұмсалып, 44 туристік нысан пайдалануға берілген. Оның ішінде 33 нысан Алакөлдің жағалауында іске қосылыпты. Ал туризм саласындағы қызмет көрсету құны 12,9 млрд теңгеге жеткен. Сондай-ақ өткен жылы Алматы облысындағы демалыс орындары 721,4 мың туристке қызмет көрсеткен. Бір ғана сервистік қызметтен түскен табыс мөлшері 8,7 млрд теңгені құрапты.
Алайда облыстың туристік әлеуеті жоғары болғанымен, демалушылардың көңілінен шығатын сервистік қызмет көрсету жағы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Туризм инфрақұрылымының дамуына бөлінген қаржы жыл сайын көбейіп отырғанымен, нәтиже баяу. Әсіресе, туристердің негізгі ағынын қабылдап отырған Алакөл жағалауы мен Балқаш, Көлсай, Қайыңды көлдері маңындағы жатын орын, тамақтандыру, телекоммуникация байланысы көңілден шықпайды. Бұған жолдың жайын тағы қоссаңыз, Жетісудағы туризмнің дамуына қарап тоқмейілсу әлі ерте.
"Облыс өз күшімен туристік нысандарға апаратын көлік қатынасын реттеуге кірісті. Оның ішінде Көлсай көліне, Шарын шатқалына дейінгі көлік жолын жөндедік. Енді Балқаш көліне апаратын 140 шақырымдық жолды жаңғыртуды аяқтаймыз. Бұл мекендердің барлығы әлем туристерінің назарына ілігіп, үздік табиғи демалыс орындарының тізіміне кіріп отыр. Бүгінгі көрсеткішке қарап тоқтап қалуға болмайды, біз болашақта келетін туристер ағынын қабылдауға дайын болуымыз керек", – дейді Алматы облысының әкімі Амандық Баталов.
Негізінен, Жетісудың туристік әлеуеті жазғы маусыммен ғана шектелмейді. Қазір облыста тау туризмі де кластерлік жүйемен дамып келеді екен. Қысқы демалыс орындарының көптеп ашылуы соның айғағы. Бұған мәдениет және спорт министрлігі мен "Қазақ Туризм" компаниясы қолдау білдіріп отыр. Биылдың өзінде бір ірі, бір шағын шаңғы демалыс базасы ашылды. Талғар ауданында "Ойқарағай-Лесная сказка" демалыс паркі мен Сарқан ауданындағы осындай нысан бұған дәлел. Жалпы Алматы облысындағы тау шаңғы курорттарының қуаттылығы 2020 жылға қарай 2 есеге артады деген болжам бар. Ол үшін инфрақұрлымды дамыту бірінші кезектегі мәселе болып қалатыны сөзсіз. Қазір туристерге жалпы 729 нысан қызмет көрсетсе, оның ішінде 189 қонақүй, 185 аңшыларға арналған үй, 250 демалыс базасы, 31 сауықтыру орны, 67 демалыс үйі мен 7 басқа нысан жұмыс істеп тұр.
Әрине, туристік маусымдағы негізгі мақсат – ақша табу. Бұл жағынан алғанда, қаржының қайтарымдылығы жағажай бизнесінде жоғары. Алакөл жағалауы Алматы облысындағы табысты туристік нысанға айналып отыр. Өткен жылы көл жағалауындағы Ақши және Көктұма демалыс аймақтарында орналасқан 214 демалыс орнында 1 млн 19 мың адам демалып, бұрнағы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 143 пайызға артқан. Ал туристерге 5 млрд 861 млн теңгеге сервистік қызмет көрсетіліпті. Сондай-ақ көл жағалауындағы маусымдық жұмыстар кезінде 2123 адам жұмыспен қамтылған екен.
Биыл Алакөл жағалауы қанша туристке қызмет көрсетуге дайын? Жылдар арасындағы көрсеткіштерді сараптаған мамандар осы маусымда Алакөл жағалауына тағы 1,5 млн адамның келуі ықтимал екенін айтады. Демек биылғы болжамды меже бойынша 2, 5 млн туристке қызмет көрсету міндеті тұр. Әсіресе, көл жағалауына келетін шетелдік туристердің саны жыл сайын көбейіп келеді. Бұл қызмет көрсету нарығының жауапкершілігін екі есеге арттыруға тиіс. Дәл осы жерде шағын және орта кәсіп иелерінің пайда табуы мен кәсіби іскерлігі сыналатын сияқты.
Ал атқарушы билік Алакөл жағалауындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жүйелі жүргізіп келеді. Ақши ауылынан демалыс орындарына дейінгі жолдарды қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толықтай аяқталған. 23,8 шақырым жолдағы құрылыс жұмысына 3,036 млрд теңге қаржы жұмсалған. Мұнан бөлек, демалыс аймақтарына апаратын тарау жолдарға да күрделі жөндеу жасалыпты. Мұның сыртында жағажайдағы жарықтандыру, жаяу жүргінші жолын салу, су өткізгіш құбырлар мен арықтар жүргізу бағытындағы жұмысқа 50 млн теңге қаражат қарастырылып, игерілуде.
Айтпақшы, Алакөлге дейінгі көлік логистикасы да оңалып жатыр. Қазір Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан Үшарал әуежайына дейін ұшақ рейстері ашылған. "Алматы-1" вокзалынан Алакөл жағалауына жақын Бескөл стансасына дейін арнайы пойыз қатынайды. Ал көл жағалауына дейін көлікпен бару жағы әзірге сын көтермейді. Қазір Алматы – Өскемен тас жолы қайтадан салынып жатыр. Осы жолдың Үшарал қаласына дейінгі бөлігі 2021 жылға дейін толық аяқталуға тиіс. Яғни Алматы-Талдықорған бағыты бойынша Алакөл жағалауына дейінгі автожолдағы кідіріссіз көлік қатынасы орнайтын күн жақын.
Гүлжан Амангелдіқызы