Шарын шатқалына аспалы 3 көпір салынады

Құрылысына 1,5 млрд теңге жұмсалатын жоба бюджетке жыл сайын 47 млн теңге түсіреді.

Шарын шатқалына аспалы 3 көпір салынады

Шарын шатқалы "алқаптағы ғимарат" аталымына кіретін дүниежүзіндегі бірегей нысан. Берісі Жетісу, арысы қазақ даласындағы, тіпті Жер ғаламшарындағы ең көне табиғи орын ретінде анықталған шатқал осыдан 30 млн жыл бұрын пайда болған деген дерек бар. Шарын сияқты табиғаттың өзі жасаған ерекше шатқалға тең келетін орын ғаламшардың Солтүстік Америка бөлігінде ғана бар. Демек Шарын әлем назарындағы екінші нысан. Сол үшін де Шарынды көруге құмар турист өте көп.

Қазір Шарын шатқалы мемлекеттің қорғауында. Бұл аумақты табиғатта сирек кездесетін аң-құс мекендейді. Зерттеушілер Шарында  табиғи шөптің 1500 түрі өседі дегенді айтады.  Оның 17 түрі "Қызыл кітапқа" кірген. Дәл осы шатқалдағы Шарын өзенінің жағасында барбарис тоғайы жайқалып тұр. Үнді бөріқарақаты бұталар тобына жататын өсімдікті қазақтар ежелден қызыл тораңғы деп атаған. Әсіресе, шатқал іші күз мезгілінде қызыл арайға тұнып, көз жауын алады екен. Сирек кездесетін аң-құс, жәндіктеріне дейін келушілердің назарын аударатын мекенде сүтқоректі жануар мен  жорғалаушы жәндіктің 62 түрі және қанатты құстың 100-ден астам түрі өседі. Айтпақшы өткен жылы ғаламтор қолданушылары арасында Шарын шатқалы туралы дерек іздеушілер саны күрт көбейген. Былтыр Қазақстанның көрікті жерлері туралы интернеттен ақпарат іздеушілердің TOP-10 тізімінде Алматы облысындағы 5 бірдей нысан аталды. Бұл Google, Яндекс және Youtube арнасындағы іздеу дерекқорына жасалған мониторингтің нәтижесі. Демек Шарын шатқалы жайлы білгісі келетін әлем азаматтарының қатары көп деген сөз. Ал Жетісудағы танымал табиғи демалыс орындарының қатарында Шарын шатқалынан басқа Алакөл жағажайы, Көлсай мен Балқаш көлі және Қайыңды көлі тұр.

Өкінішке қарай, Шарын шатқалында халықаралық туризм талабына толық жауап беретіндей демалыс орны жоқ. Қазір облыс билігі осы олқылықтың орынын толтыруға күш салуда. Биылдан бастап Шарын алқабында қызу құрылыс қолға алынбақ. Қазір шатқал аумағында "Park Canyon" серіктестігі әлемдік талапқа сай келетін ойын-сауық паркінің құрылысын бастады. Сәтін салса, бұл жобаны ендігі жылы толық аяқталады. Нақтыланған құрылыс жобасы бойынша Шарында ұзындығы 200 метр және биіктігі 80 метрге жететін үш аспалы көпір салынуға тиіс. Бұл шатқалдың құз жартасты аумағын жоғарыдан тамашалап, ондағы табиғаттың тұмса бөлігімен танысуға мүмкіндік береді. Құрылысқа 1,5 млрд теңге жұмсалмақ.

"Бұл бюджетке жылына 47 млн теңге табыс әкелетін жоба. Қазір құрылыс жұмыстарын жүргізуге шатқал аумағынан 24 гектар жер телімі бөлінді. Биыл құрылыстың бірінші кезеңі аяқталады, оған 700 млн теңге жұмсалады. 2020 жылы шатқалдағы көпірлер іске қосылады деп үміттенеміз", –  дейді Алматы облысы, Кеген ауданының әкімі Талғат Бәйеділов.

Туризм демекші, былтыр Алматы облысындағы демалыс орындары 721,4 мың туристке қызмет көрсетті. Түскен табыс 8,7 млрд теңгені құрады.

Алматы облыстық туризм басқармасының мамандары бұл сан салыстырмалы түрде алғанда өте жоғары көрсеткіш екенін айтады. Мамандар 2015 жылғы көрсеткішке қарағанда қызмет көрсету 2 есеге артқан, соның нәтижесінде облыс ел бойынша туризмнен түскен табыстың 11 пайызын иеленіп, Астана, Алматы қалаларынан кейінгі орынға орналасқан.

Гүлжан Амангелдіқызы, Алматы облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу