Алдағы дүйсенбіде ресейлік станция Айға қона ма?

3333

Космонавтикасы құрып бара жатқан солтүстік көрші бұдан құр дақпырттан басқа еш пайда көрмейтінге ұқсайды. 

Алдағы дүйсенбіде ресейлік станция Айға қона ма? Фото: tagesspiegel.de

Ресей алғаш рет Жер планетасының табиғи серігіне – Айға қону модулін аттандырды. 11 тамызда Восточный ғарыш айлағынан "Союз-2.1б" зымырантасығышы "Луна-25" автоматты станциясын алып ұшты. 

"Роскосмостың" хабарлауынша, "Луна-25" автоматты станциясына жүктелген миссия – Айдың күн түспейтін қараңғы бөлігіне жұмсақ қонуды жүзеге асырып, сонда топырақты жинау және Оңтүстік полюсінен мұздың, яғни судың мол қорын табу.

Станцияның салмағы 1800 келідей. Ал ғылыми аппаратурасы кешенінің салмағы – 31 келі. Ол Ай бетінде 1 жыл белсенді жұмыс істей алады деп есептелген. Айдың арғы бетіне алғаш қонған ел атанып, әлем тарихында қалу үшін осының өзі жетеді. 

Фото: dzen.ru

Егер барлығы табысты өтсе, Ресей онда Айдың адамдарға көрінбейтін қараңғы бөлігіне, Оңтүстік полюсіне кемесін қондырған әлемдегі тұңғыш елге айналады. Осы арқылы әлемде абыройдан айрылған Мәскеу Кеңес кезіндегідей, ғарыштағы жарыста озған ел ретіндегі беделін қалпына келтіруге ниетті.

Сонымен бірге, халықаралық сарапшылардың байламынша, бұл бастамадағы табыс арқылы Кремль Батыстың санкцияларын еңсере алғанын, технологиялық дамығандығын, оқшауланғанына қарамастан, жалғыз жүріп те жол таба алатынын, ең бастысы, бұрынғыдай әлемдік держава болып қала беретінін жаһанға паш етпек.

Сондықтан ел тарихындағы бұл символға толы мезетті Ресей билігі де, жұртшылығы да тағатсыздана күтіп отыр.

Ресейдің қону модулі жоспар бойынша 21 тамызда, яғни алдағы дүйсенбіде Айдың оңтүстік полюсіне табан тіреуі мүмкін.

Бұл ретте ресейлік ғалымдардың өкшесін үнділік әріптестері басып келеді. Үндістан миссиясы ұқсас төл зондын Ресейден бұрын ұшырған болатын. Алайда ол Айдың адамзаттың қиялын қытықтаған тылсым бетіне ресейлік станциядан кейін ғана жетеді.

Ендеше ресейлік "Луна-25" станциясы жұмсақ қона алмай, парша-паршасы шықса, немесе бұған дейінгі көптеген РФ ғарыш аппараттары сияқты апта ішінде әлдебір ақауы шығып, бағытын жоғалтса, онда "адамзаттың алғашқысы" болу бақыты Үнді еліне бұйыруы мүмкін.

"Енді 21 тамызды асыға күтеміз. Айға қону өте дәл және жайлы өтеді деген үміттеміз", — деп қысқа қайырды "Роскосмос" басшысы Юрий Борисов.

Фото: aerospace-technology.com

Үндістанның "Chandrayaan-3" ғарыш кемесі Оңтүстік полюске тамыз айының соңында ғана қонбақ. Кемеде орбиталдық аппарат, қону модулі және жол талғамайтын көлік құралы орналасқан.  

Американың НАСА агенттігі, Аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу ұлттық басқармасы Айдың жерден жабық бетін мұқият зерттеудің қамын жасауда. Әйтсе де, АҚШ ғарышкерлері тек 2024 жылдың соңында ғана Айды айналып ұшатын болады. Болашақта ол жаққа адамдардың қонуына алғышарттар түзуге тырысады. Өйткені америкалық Илон Масктың SpaceX компаниясы 2025 жылдан бастап, алыс ғарышқа адамдарды аттандыру миссиясын пысықтауда.

Державалар неге Айдың арғы бетіне ұмтылды?

Ғалымдардың пікірінше, оның күн нұры жетпейтін Оңтүстік полюсінде қатпар-қатпар мұз жатуы мүмкін. Егер ол тұтынуға жарамды болса, онда адамзат ғарыштық базаларын Жердің табиғи серігінде өрістетіп, оны отарлай алады. Ғылыми фантастикада адамдардың Айдағы елді мекендері Марсқа жол тартатын планетааралық ғарыш кемелері үшін аралық аялдама ретінде қарастырылған.

Сонымен бірге Айдың қойнауында түрлі отын болуы мүмкін деп болжануда.

"Айдың Оңтүстік полюсі стратегиялық маңызға ие. Өйткені онда сулы мұздың бай ресурстары бар деп саналады. Сонымен бірге ол пайдалы қазбалар өндірілетін, өнеркәсіптік кәсіпорындар мен елді мекендер орналасатын болашақ орын ретінде ұзақ мерзімді әлеуетке ие", — деді ғарыш саясаты бойынша тәуелсіз эксперт Намрата Госвами.

Кеңес одағы төл "Ай миссиясын" 1976 жылы жүзеге асырды. Алайда одақтың өзі дағдарысқа килігіп, күйреп тынды.

Ресейлік пропаганда содан 50 жылдай өткенде басталған бұл ұшырылым Батыс санкцияларының қауқарсыздығын көрсетеді дегенге сайды. Шын мәнінде, "Луна-25" миссиясына былтыр енгізілген ауқымды санкциялардың қатысы жоқ: оған Ресей сонау 2013 жылдан бері дайындалды. Сондықтан миссия санкцияға ілікпеді.

Жалпы, Ресей аталған модулін Айдың қараңғы бетіне табысты қондыра алмауы да әбден мүмкін. Бұған дейін қонуға талаптанған Үндістан, Израиль және Жапония сияқты елдердің зондтары үнемі қирап қалумен болды.

Юрий Борисов Путинге баяндамасында "мұндай миссиялардың әрдайым тәуекелге толы" екенін ескертті. Ол табыстың ықтималдылығын 70% деп бағалады.

Тіпті қондырғанымен одан даңғара мадақтан, пропагандадан басқа еш пайда келмеуі мүмкін. Украинаға басып кіргені үшін қуатты санкциялар енді ғана күш алуда. Ғылыми, технологиялық әлеуеті күрт қысқарғандықтан, біраз қызметкері кетіп қалғандықтан, "Роскосмосқа" көптеген бағдарламаларын уақытша доғаруға тура келді.

Санкциялар Ресейдің ғарыш саласындағы өзге елдермен, әсіресе дамыған мемлекеттермен ынтымақтастығын қатты шектеді.

Сол себепті бұл миссияны халықаралық сарапшылар Ресей космонавтикасының "соңғы тұяқ серпері" санайды.

"Бүгінде біз Ресейдің ғарыштағы соңғы ірі жобасына, оның космонавтикасының соңғы тарауына куә болып отыруымыз мүмкін. Ғарыш саласындағы ғалымдар қоғамдастығы болашаққа қарайды. Ал болашақта НАСА мен Роскосмос енді жақын серіктестер емес. Украинада қантөгіс соғысты бастаған және тұтастай алғанда, жаһандық демократияға гибридтік қатер төндірген путиндік режим бір кезде ұлы саналған орыс космонавтикасын осындай ауыр жағдайға жеткізді", — деген ой айтты Пенсильвания университетінің Физика және астрономия факултетінің аға ғылыми қызметкері Бенджамин Л. Шмитт.

Үндістан және басқа да жиырма шақты ел Америка Құрама Штаттары бекіткен ғарышты игеру қағидаттарын құптады. Ал одан Американың басты бақталасы Қытай қалыс қалды: ол өз бетінше 2036 жылы Айда қытайлық базаны орналастырып, соны колонизациялауға кіріспек. 2011 жылы АҚШ Конгресі технологияларды ұрламауы үшін НАСА-ға Қытаймен ынтымақтасуға тыйым салды. 

Ресей бұл істе Қытайға қосылуға тырысатын болса керек. Екеуі бірігіп, Халықаралық Ай зерттеу станциясын салуы мүмкін. 

Шың еліне кіріптарлық Кремлге де ұнамайды. Ол мысалы, Украина соғысына қатысты Бейжіңнің бастамалары мен ұстанымына қайшы келетін тірліктерге барып, өзінің одан тәуелсіз екенін көрсетуге тырысып жүр.

Әзірге Путин ғарышты игерудің кеңестік даңқты тарихын сақтау үшін төл Ай бағдарламасын жалғастыруға табандап отыр. Тиісінше, "Роскосмосқа" бар күш, ресурстарын соған бағыттауға тура келуде.

Бірақ сәтсіз ұшырулар, ғарыш аппараттарының құрылысындағы толған ақаулар, коррупциялық жанжалдар, күшейген кадр тапшылығы орыс космонавтикасының аяғына оралғы болуын жалғастыруда. Сол кеселдерден арылмай, адымы да ашыла қоймайды, қайта соларға санкциялар қосылып, Ресейдің осы саласындағы дағдарыс күшейе беруі ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу