Әлегі көп алкогольге тәуелділік

Виктория Вольская Виктория Вольская
3386

Кәсіпкерлер алкоголь нарығын реттейтін заңнаманы қайта қарауды талап етіп отыр.

Әлегі көп алкогольге тәуелділік

2015 жылдан бері Оралдағы алкоголь өнімдерін саудалайтын шағын дүкендердің жартысына жуығы жабылған. Кәсіпкерлер кезінде қол жеткізу қымбатқа түскен лицензияларын кері қайтаруда. Енді біразы супермаркеттер мен көлеңкелі саудадағы бәсекелестікке шыдамай, сауда саласындағы бизнестерін тоқтатуда.

Бұл мәселе Батыс Қазақстан облыстық "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінде қаралды. Дәлірек айтсақ, шағын бизнестегі алкоголь өнімдерінің саудасы әңгімеге өзек болды.

Шағын бизнес өкілдерінің парламентке деген өкпесі қара қазандай. Айтуларынша, парламенттің "Лицензиялау туралы" заңға сыра өндіруден бөлек, оны сатуға мемлекеттік рұқсат қағазын алуды міндеттеуі – үлкен қателік.

Градусы қайда?
Оралдық кәсіпкерлердің айтуынша, 45-50 шаршы метрлік аумақты ғана алатын кішігірім дүкендердегі алкоголь өнімдерінің айналымы тек сыраның есебінен өзін-өзі ақтай алады.

"2015 жылдан бері қабылданған заң саны бесеуден кем емес. "Этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу туралы" заңда лицензиялауға жататын алкоголь өнімдерінің түрлері тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни, бұл қатарға арақ, ликер-арақ өнімі, градусы әлсіз алкоголь өнімі, шарап өнімдері, коньяк, бренди және сыра жатады. Осылардың ішінде сырадан басқасының градусы көрсетіледі. Сырада неге жоқ? Мәселен, арақты алайық. Оның градусы 40-тан басталып, жоғарылай береді. Брендидің градусы 60 және одан да жоғары. Міне, қалғандары да осылай тізбектеле береді. Ал "сыра – қыздырылған уытты сыра ашытқысын қосып, ашыту әдісімен қос қышқылды көміртектің қоюлығынан алынатын алкоголь өнімі". Сыраның алкогольді өнімге жататындығын дәлелдейтін градусы қайда?" – деді аталған сұрақты көпшіліктің талқысына тастаған кәсіпкер Айгүл Туркина.

Оралдағы шағын дүкендердің бірінің иесі Ирина Ковалева да осы мәселеге қатысты өз ойын жеткізді.

"Саудалағанымыз үшін лицензиялық алым төлейтін алкогольдік өнімдердің ішінде тек сыра ғана өтімді. Жұрт бағасы қымбат спирттік өнімдерді тек мереке уақытында ғана сатып алады", – деді ол.

Бұл ретте, кәсіпкер арнайы лицензияны алу барысында мемлекеттік кірістер басқармасына алкоголь өнімдері саудаланатын стационарлы үй-жайдың кәріз жүйесінің дұрыстығын растап, жергілікті сумен жабдықтау және энергетика қызметтерімен жасалған келісімшартты ұсынуға міндетті.

Осы орайда, кәсіпкер Айгүл Туркина алкоголь өнімдерін саудалау үшін коммуналдық қызметтермен келісімшартқа отырудың қандай қажеттілігі барын түсінбейтінін айтты.

Десе де, ол жаңартылған заңнаманың шамалы артықшылықтары барын алға тартты.

"Әйтеуір, лицензияны иеліктен шығаруға болатындығы қуантты. Егер мен дүкенімді жалға берсем, жалға алушы алкоголь өнімін сатуға рұқсат беретін лицензиялық алымды төлемейді. Яғни, 226 900 теңгесі (100 АЕК) өз қалтасында қалады", – дейді кәсіпкер.

"Біз жаңа нысанды ашатын уақытта 100 АЕК төлеп, лицензия аламыз. Бұдан бөлек, лицензиялық алымға деп тағы да 100 АЕК шығындаймыз. Айтпағым, бизнес ірі, орта және шағын болып бөлінеді. Ендеше, лицензия берілетін өнімдер неліктен алкогольділігі төмен, алкогольділігі жоғары немесе осы секілді басқа да түрлерге жіктеліп, қарастырылмайды?! Іргеміздегі Ресейде сыраға лицензия берілмейді. Бізде олай емес. Оралдықтар, жазда, жалпы әлеуметтік жағдайға байланысты арақ пен коньякқа ұмтылмайды. Тек, сыра мен энергетиктерді ішеді. Міне, осындай сусындардың есебінен сауда айналымы да жақсы жүреді. Ал қыста жағдай мүлдем басқаша. Тыныштық орнайды. Себебі, сауда жылдың жылы кезеңінде ғана алға басады", – дейді Айгүл Туркина.

Жан айқайы
Шағын және орта бизнес өкілдері лицензиялық алым ірі және шағын бизнеске жасалған жағдайдың теңсіздігіне алып келгенін алға тартады. Себебі, гипермаркеттер мен қала шетінде орналасқан шағын дүкендер лиценциялық алым үшін бірдей соманы – 100 АЕК төлейді. Егер шағын кәсіпкерде әрқайсысының көлемі 50 шаршы метр болатын екі-үш дүкен бар десек, ол әрбір дүкенге жаңа лицензия алуы шарт. Кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесіне жиналған бизнесмендер осы жағдайға да назар аудару керектігін ескертті. Әйтпесе, осының салдарынан дүкендер жабылуы немесе бағытын өзгертуі ықтимал.

"2015 жылдың 1 қаңтарынан жаңа заң қабылданды. Батыс Қазақстан облысы бойынша дәл сол жылы 14 кәсіпкер алкоголь өнімін саудалауға рұқсат беретін лицензиясын кері өткізді. Ал биыл 600-дей кәсіпкер лицензиясын қайтаруға мәжбүр болды", – дейді Айгүл Туркина.

Кәсіпкер шағын бизнестің өзге де шығындары туралы айтып берді.

"Шағын бизнеске "еркін тыныстауға" мүмкіндік беріңіздер. Шағын бизнесті коммуналдық қызметтер тарифін өсіру және басқа да амалдармен "тұншықтырудың" қажеті жоқ. Онсыз да өнімді тасымалдаушылар бағаны шарықтатты. Бұл ретте, шағын бизнесте сатушылар болсын, техникалық қызметкер болсын келісімді жалақыға жұмыс істеуге құлықсыз екенін атап өтуге тиіспіз. Жұмысшыларды өзімізде қалдыру үшін еңбек демалысын төлейміз. Енді бұған міндетті медициналық сақтандыру қосылды. Жалпы, шағын бизнестің шығындарын нақты есептеп бере алатын экономистер бар ма? Бұл шығындар есепке алынбайды. Соңында шағын бизнес тығырыққа тіреледі. Әйтпесе, қазір шағын бизнесті қолдауға арналған қаншама бағдарлама бар. Шыны керек, бәріміз де сол мүмкіндіктерді пайдаланып, алға басқымыз келеді. Дүкеннің жанынан кәуапхана немесе ұлттық тағамдарға арналған қазақы "Макдональдс" ашуға болады. Сондықтан, алкоголь өнімдерін саудалайтын ірі, орта және шағын бизнеске дәйектеме енгізу қажет. Көтерме саудамен айналысатын дүкен мен шағын дүкен арасында айырмашылық жер мен көктей. Ендеше, ірі, орта және шағын бизнес арасында айырмашылықтың болмауын әлеуметтік әділетсіздік деп есептеймін", – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, шағын бизнес – экономиканың іргетасы. Ел экономикасының дамуы да осы саламен тікелей байланысты. Егер шағын бизнестің "еркін тыныстауына" мүмкіндік берілсе, тың идеялар дүниеге келер еді, деп есептейді Айгүл Туркина.

"Несиелер мен өзге де міндеттемелердің салдарынан сауда айналымынан түсетін табыс мардымсыз. Әзірше, бизнесті ұстап тұруға ғана шамамыз жетіп отыр", – дейді кәсіпкер.

Батыс Қазақстан облыстық "Атамекен" кәсіпкерлердің өңірлік палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесінің төрағасы Хайдар Қапановтың айтуынша, алкоголь өнімдеріне берілетін лицензиялық алымға дәйектеме енгізу туралы ұсыныс "Атамекен" ұлттық палатасына 2015 жылдың қараша айында жіберілген.  

"Бұл мәселе ұлттық палатаның мәселелер реестріне енгізілген-ді. Алайда, екі жылда мәселе шешілген жоқ. Кәсіпкерлер әлі де алаңдаулы. Сондықтан, бұл мәселені қайта көтеретін боламыз", – дейді Батыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Нұржан Мақсотов.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Әлия Салиеваның айтуынша, шағын бизнестің мәселелері заңнамаға келіп тіреледі. Бәлкім, сатылатын өнімнің айналымына байланысты лицензиялық алымның көлемін қайта қарау қажет шығар, деген ой айтты халық қалаулысы.

"Бұл сұрақты әбден саралаған дұрыс, – деп есептейді БҚО прокурорының орынбасары Тәжиден Найманов. – Көтерме сауда базаларына, супермаркеттерге, шағын дүкендерге ортақ сома көлемі – 226 мың теңге. Әрине, бұл әділдік емес. Бәлкім, шағын бизнестің дамуына осы және өзге де төлемдер кедергі  келтіріп отырған болар".

"Біз сатылатын өнімнің айналымына байланысты алкоголь өнімдеріне берілетін лицензиялық алымға дәйектеме енгізуді ұсындық. Сауда нүктелерінде алкоголь өнімдерінің қаншалықты саудаланатын салық инспекторлары жақсы біледі. Оларда әрбір өнімнің есебі бар. Лицензия дүкенге беріледі. Егер кәсіпкердің иелігінде екі дүкен бар болса, тиісінше ол екі лицензия алуы керек. Негізінде, заң бойынша лицензия – қандай да бір қызмет түрімен айналысуға берілген құқық. Мәселен, құрылысшылар бір ғана лицензиямен қаланың әр аумағында бірнеше нысанды тұрғыза алады. Ал шағын бизнесте олай емес. Бір қызметті жүзеге асыра тұра бірнеше лицензия алуға міндеттісің", – дейді Батыс Қазақстан облыстық Шағын бизнес орталығының жетекшісі Шолпан Махмудова.

Жалған бәсекелестік
Өкінішке қарай, Батыс Қазақстан облысының аудандарында "көлеңкелі" алкоголь бизнесі белең алып келеді. Кәсіпкерлер палатасының Зеленов аудандық филиалының директоры Әсел Қартқожақованың сөзінше, жеке тұрғын үйлерде алкоголь өнімдерінің сатылатындығы туралы көптеген факті тіркелген. Міне, осыдан барып мемлекеттен тиісті лицензиясын алып, заң шеңберінде қызмет көрсететін дүкендер мен жеке кәсіпкерліктер тығырыққа тіреледі. Салдарынан сатып алынған тауар дүкен сөрелері мен қоймаларында ұзақ уақыт бойы жатып қалады.

"Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандарымен бірлесе отырып, палатаның аудандық филиалы нақты ұсыныстарды әзірледі. Оны кәсіпкерлердің облыстық палатасына бағыттадық. Кәсіпкерлік немесе басқа да қызмет түрлерімен айналысу үшін ресми тіркеуге тұрмаған, рұқсатсыз астыртын бизнес жасайтын жеке тұлғаларды жауапкершілікке тарту тұрғысынан еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне түзетулер енгізуді ұсынамыз. Яғни, мұндай қадамға баратындарға салынатын айыппұл көлемі ұлғайтылуға тиіс", – дейді Әсел Қартқожақова.

Сондай-ақ, ол кеңеске қатысушылар назарын тағы бір мәселеге аудартты. Оның сөзінше, арнайы тіркеуден өтпей кәсіпкерлікпен айналысып, алкоголь өнімдерін саудалайтын жеке тұлғаларға 15 АЕК (34 035 теңге) көлемінде әкімшілік жаза тағайындалады. Ал кенттерде тұратын кәсіпкерлер арнайы лицензия алу үшін 30 АЕК (68 070 теңге), ауылдықтар 70 АЕК (158 830 теңге) төлейді. Міне, осы жердегі айыппұл көлемі мен лицензияның бағасы бір-бірімен сәйкес келмейді.

"Сондықтан "Алкоголь өнімінің айналымын мемлекеттік реттеу" туралы заңға өзгерістер енгізуді ұсынамыз. Атап айтқанда, алкоголь өнімдерін көтерме бағамен сатуға лицензиясы бар кәсіпкерлерге қатысты өзгерістер керек. Сонымен қатар, лицензиясыз сауда жасайтын жеке тұлғаларға қатаң тыйым салу қажет", – дейді Әсел Қартқожақова.

Оның айтуынша, облыстың өзге аудандарындағы ахуал да дәл осындай.

Сандар қалай "сөйлейді"?
Биыл Батыс Қазақстан облысы бойынша алкоголь өнімдерін 1655  саудалаушы бар. Оның 780-і Орал қаласына тиесілі. Лицензиялық алым жүйесі енгізілгенге дейін 4104 нысан тізімде тұрған. 2015 жылдың 1 қаңтарынан кейін олардың саны 2695-ке дейін қысқарған. Бұл – Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері ұсынған ақпарат.

Сондай-ақ, департамент мамандары алкоголь өнімдерін саудалауға берілген лицензиядан бас тарту себебінен көптеген бизнесмендердің лицензиялық алымның жоғары мөлшерін көрсеткенін растап отыр.

Батысқазақстандықтарды алаңдатқан бұл проблема жайлы аbctv.kz бір жыл бұрын жазған болатын. Онда солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер жылдық лицензиялық алымды жинап алу мәселеге айналатындығын айтып дабыл қаққан еді.  

Әйгерім Сүлейменова, Виктория Вольская, Батыс Қазақстан облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу