Александр Касицин: Болашақ мұнайда емес, ауыл шаруашылығында

3555

Ол еліміздің ең дәулетті адамдарымен бірге Президентпен кездесемін деп ойлаған жоқ. Оны Мемлекет басшысының деңгейіндегі кездесуге ақ адал маңдай тері, қоғам алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі және қарапайым адамдарға жасап жүрген жақсылығы жеткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

Александр Касицин: Болашақ мұнайда емес, ауыл шаруашылығында

Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан бері Павлодар облысы Успен ауданы Галицкое ауылында мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан "Галицкое" ЖШС директоры Александр Касицин шаруа қожалығының басшысынан мықты менеджерге, меценатқа, ел ағасына айналды.

Ол ауылдағы әлеуметтік маңызды нысандарды қираған, қаусаған қабырғаға айналудан сақтап қалды. 10 млн теңгеге фельдшерлік-акушерлік пункт салып, оны әкімдіктің басқаруына берді. Мектеп, мәдениет үйі, балабақша, балалардың шығармашылық даму орталығы, спорттық-сауықтыру кешені сынды ошақтарды қаржыландырып, халыққа мүлтіксіз қызмет көрсетуіне жағдай жасады. Бұған қоса ауыл мектебінде және көрші 3 мектепте оқушыларға жыл бойы тегін тамақ беру ісін ұйымдастырды және жергілікті хоккей командасын қамқорлығына алды.

70 млн теңгеге ауылдың жолын жөндетіп, асфальт төсетті. Жыл сайын еңбегімен ерекшеленген қызметкерлеріне өз атынан үй сыйлау дәстүрін қалыптастырды. Ауыл жастарын қаладағы колледждер мен жоғары оқу орындарында өз қаражатына оқытып қана қоймай, олардың жатақханада тұру шығынын, оқуды аяқтаған соң ауылда жұмыспен қамтылуын өз мойнына алды.

Адамдардың алғысына кенеліп жүрген азаматтың Президентпен кездесуіне "Атамекен" ұлтық кәсіпкерлер палатасы ықпал еткен көрінеді. Бұл туралы Александр Касицин: "Мен елдің аузында болуды, көптің көзіне түсуді қаламаймын. Ауылдастарыммен бірге Қазақстанның дамуына тамшыдай болса да үлес қоссам, соның өзі маған үлкен абырой. Бос сөз, бос ұран жетістікке жеткізбейді. Қоғам нақты іс атқарылғанда ғана алға басады. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президентпен кездесуіме себепші болды. Сенім білдіргендері үшін алғыс айтамын", – деді.

Әңгімелесу барысында Александр Касициннің жыл сайын көшет сатып алуға 1 млн теңге жұмсайтыны белгілі болды.

"Жыл сайын 2 мың түп ағаш отырғызамыз. Біз үшін туған өлкемізді көгалдандыру маңызды іс", – деді кәсіпкер.

Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесуінде бюракратизм болған жоқ. Президент кәсіпкерлермен ашық диалог құрды.

"Маған Президенттің: "Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн", – деген сөзі ұнады. Себебі біздің елде нақты нәтижені емес, статистиканы сөйлету әдетке айналған", – деді Александр Касицин.

Кәсіпкер Президенттің болашағын Қазақстанмен байланыстырғысы келетіндер қаражатын өз еліне салуға тиіс екені туралы кесімді пікірі көңіліне қонғанын айтты.  

"Өндіріске инвестиция салу, шикізаттық экономикадан бас тарту бүгінгі күннің басым бағытына айналуы керек. Бізге ауыл шаруашылығына, мал шаруашылығына бет бұру қажет. Болашақ мұнайда емес, ауыл шаруашылығында. Елдің дамуына қалада жүріп қана емес, ауылда жүріп те үлес қосуға болады. Ауылдағылар тоқ болса, қаладағылар да тоқ болады", – деді Александр Касицин.

Айбын Асқарұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу