Алексей Навальныйдың өлімі нені білдіреді?

2996

Жақтастары оның о дүниелік болғанына сене алар емес.

Алексей Навальныйдың өлімі нені білдіреді? Фото: bbc.com

16 ақпан күнгі түсте Ямал-Ненец автономды округі бойынша Жазаларды орындаудың федералдық қызметінің басқармасы саясаткер Алексей Навальныйдың қайтыс болғанын хабарлады. Ведомствоның дерегінше, саясаткер серуеннен кейін өзін нашар сезініп, естен танып құлаған. Көмек көрсетуге тырысқан дәрігерлер еш қайран қыла алмаған көрінеді.

Дәрігерлік тексеру, мәйітті сою рәсімдері жүргізілген де жоқ, бірақ RT (Раша Тудэй) төл дереккөзіне жүгініп, Навальныйдың денесіндегі қанұйығы (тромб) жарылып кеткенін жеткізді.

Танымал саясаткердің жақтастары YouTube арнасында шұғыл эфир өткізді. Олар Навальныйдың шынымен қаза тапқанын дәлелдейтін дәйектемелердің ұсынылмағанын, сондықтан адвокаты колония орналасқан Харп елді мекеніне ұшып кеткенін, егжей-тегжейі сонда белгілі болатынын мәлімдеді.

Бірақ Ресей тарапы басты оппозиционердің қазасы туралы ресми хабарлаған соң, әлемдік дәрежедегі саясаткерлер де өз пікір-ұстанымдарын жариялады. Еуропалық лидерлер сыртында АҚШ Президенті Джо Байден мәлімдеме жасады.

"Дүниежүзіндегі көптеген адам сияқты мен де ашынған күйдемін. Навальный өз еліндегі коррупцияға, зорлық-зомбылыққа және режим жасап жатқан басқа да зұлымдықтарға қайсарлықпен, жанқиярлықпен қарсы тұрды. Оған жауап ретінде билік оны уландырды, жалған істермен тұтқындады, түрмеге қамап, қоғамнан оқшаулады. Навальный қапасқа қамалатынын, қаза табатынын біле тұра, Ресейге оралды. Өйткені ол Отанының түзу жолға түсетініне бек сенді", – дей келе, Америка лидері "егер оппозициялық саясаткердің мерт болғаны туралы жаңалық расталса, онда ол үшін Кремльдегі билік жауапкершілік арқалайтынын" нықтады.

Ресей Сыртқы істер министрлігі болса, "Батыс елдері Навальныйды өлтіру үшін жауапкершілікті Ресейге негізсіз аударып отыр" деп айыптады. Кремль өкілі Дмитрий Песков батыстық саясаткерлердің Навальныйдың өлтірілгені туралы мәлімдемелерін "жол беруге болмайтын жалаң байбалам" деп бағалады.

Жаңалық жаһанға тарасымен, Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Ростов-на-Дону, Саратов, Тольятти, Вологда, Ногинск, Белгород, Краснодар, Уфа, Томск және басқа ресейлік қалаларда саясаткердің фотосуреті жапсырылған стихиялы, бұқаралық мемориалдар пайда болып, жұрт оған гүл шоқтарын қоя бастады.

Ресейлік Sota порталының хабарлауынша, күш құрылымдары гүл қоюшыларды тоқтатып, дербес деректерін жазып алуда.

Кейбір қалаларда саясаткердің рухына тағзым етіп, гүлмен келушілерді және бұл көріністі видеоға түсірушілерді тұтқындау жүргізілді. Ресей ақпарат құралдары Нижний Новгородта оннан астам адамның ұсталғанын мәлім етті.

Прокуратура органдары "бұқаралық акцияға шақырушылар" жазаланатынын қатаң ескертіп, мәлімдеме жасады.

Наразылық шерулері есесіне, әлемнің өзге елдерінде өтуде: кешегі бір күнде Балтық елдерінде, Германия, Франция, Грузия, Армения, Ұлыбритания, Польша, Сербия, Австрия, Израиль, Чехия және басқасында ынтымақтастық акциялары басталды.

Ресейлік ақпарат құралдарының жазуынша, Алексей Навальный "Новичокпен" уландырылғаннан және Германияда реабилитациядан өткеннен кейін, 3 жыл бұрын, 2021 жылғы қаңтарда еліне оралды. Ол Ресейде ресми билікке қарсы оппозициялық қызметін белсенді жалғастыру ниетін білдірген. Оған жол берілмеді: бірден, сол жылғы ақпанда бас бостандығынан айырды.

Соңғы 2 жылда Навальный түрменің ең лас, тар, ызғарлы бөлімінде – айыппұл изоляторында (ШИЗО) 300 күннен артық отырған.

Саясаткер түрмешілердің жазғы қапырықта оның қасына үсті-басынан тараған күлімсі иісі танауды жаратын, бірнеше апта жуынбаған сотталушыларды қоса қамап қоятынына, салдарынан тыныс алу мүмкін болмайтынына шағымданды. Навальный сот отырыстарында судьядан араша сұрап жүрді. Оның айтуынша, түрме әкімшілігі камерасында аппақ жарығы көзді қарықтыратын галогенді лампаны күндіз-түні қосып қояды, соның кесірінен ол түнде ұйықтай алмайды. Егер сөндірсе, айыппұл изоляторына қамайтын болған.   

Жалпы алғанда, Алексей Навальныйдың темір тордың ар жағына қамалғанына 1 120 күннен асқан еді.

Өлгені туралы хабарлама жарияланардан бір күн бұрын владимирлік №6 колониясына қарсы Навальныйдың талап арызы бойынша кезекті сот отырысы өтті. SOTAvision порталы назар аудартқандай, абақтыдан бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеген саясаткер сап-сау болып көрінді және үнемі күлімсіреді. Тиісті бейнежазба интернетте жүр. Сот отырысы қорытындысында судья сотталған оппозиционердің талабын қанағаттандырудан бас тартты.

Бұрынғы ресейлік дипломат, белгілі публицист Александр Баунов Навальныйдың өлімі бірнеше сұраққа жауап берді деген байлам жасады.

"Навальный ауқатты Батыста тығылған саяси қашқын емес, өз сайлаушыларының жанынан табылып, мүддесін қорғайтын саясаткер болып қалуды қалады. Навальныйдың Ресейге оралғаны дұрыс болды ма деген сауалға ақырғы жауап берілді. Ол бір Ресейден кетуге мәжбүр болды, басқа Ресейге оралды, мүлдем өзгерген Ресейде опат болды", – деген пікір айтты Александр Баунов Carnegie Politika порталындағы мақаласында.

Сарапшы ресейлік саясаттың деградациялану траекториясы Навальныйдың тағдырынан көрініс бергеніне назар аудартты. 2013 жылы өңірлік сот алғаш рет Навальныйды түрмеге қамады. Мұны естіп, Мәскеу тұрғындары шеруге шығып, көшені толтырды. Осыдан кейін прокуратураның өзі сотқа наразылық енгізіп, саясаткерге кесілген үкімді өзгертуді, оны шартты түрде бостандыққа шығаруды талап етті.

Содан кейін билік тіпті Навальныйды Мәскеу мэрінің сайлауына қатысуға да жіберді.

Қапаста отырған Навальный адвокаты арқылы хабар жолдап, өз жақтастарын биылғы сайлауда үміткер Борис Надеждинді қолдауға шақыратынын жариялаған соң, дәл осы кандидаттың штабының алдында ұзынсонар кезектер пайда болды. Саясаткер осы арқылы темір тордың ар жағынан өзін қолдаушылардың санасына, ұстанымына, таңдауына ықпал етіп, электоратын қозғалысқа келтіре алатынын паш етті.

Алексей Навальныйды мінсіз саясаткер деп атауға болмайды. Ол жиі қателесті. Жас кезінде ақ нәсілділерден басқаны адам санамайтын, кезіксе, қолға түссе, аяусыз соққыға жығатын ультраұлтшылдардың қатарынан табылды, "Орыс маршы" аталатын экстремистік қозғалыстар шеруін қолдады.

2008 жылғы 8 тамызда Ресей және Грузия арасында соғыс басталғанда, А.Навальный "Живой журналда" пікір жазып, грузиндерді "кеміргіштерге" теңеді, Грузияға толық блокада жариялауды, Ресейден барлық Грузия азаматтарын аластауды ұсынды. Арада жылдар өткенде, 2023 жылғы сәуірде түрмеде отырған Алексей Навальный үндеу жолдап, 2008 жылғы ұстанымы үшін Грузия тұрғындарынан кешірім сұрады.

Ұлтшыл ретінде Алексей Навальный 2014 жылы Қырымды аннексиялауды қолдап, бірнеше рет мәлімдеме жасады. Сол жылғы қазанда "Эхо Москвы" радиоарнасына сұхбаты кезінде журналист одан: "Ресей Президенті болсаңыз, Қырымды Украинаға қайтарасыз ба?" деп сұрады.

"Қырым не, әрлі-берлі тартқылап, кері қайтара салатындай шұжығы бар бутерброд па? Мен олай деп санамаймын!", – деп шорт кесті оппозиционер. Кейінгі сұхбаттарында "Қырым – Ресейдің бөлігі болып қалатынын және Украина Қырымды таяу болашақта қайтара алмайтынын" айтып жүрді. Осылайша, украиналықтардың да ашуын туғызды, өзіне қарсы қойып алды.

Соған қарамастан, Навальныйдың партиясы Қырымда бөлімшесін сол бойы ашпады. "Навальнистер" түбекте партиялық ұйымдарын құрмады, қырымдық билік органдарына өз кандидаттарын ұсынбады, тіпті түрлі ресейлік сайлаулар кезінде Қырымда үгіт-насихат жұмыстары жүргізбеді.  

Украинаға оның барлық территорияларын кері қайтару керектігі туралы жаңа ұстанымын Алексей Навальный тек 2022 жылы кең соғыс басталғаннан кейін айта бастады. Қалай болғанда, украиналық қоғамның оған сол бойы көңілі жібімегені байқалады.

Навальный абақтыда ұзақ жыл азап шегуге кесілген еді. Бұрынғыларын қоспағанда, тек соңғы бір үкім бойынша ол 19 жылға бас бостандығынан айрылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу