Әлемде күн тәртібіне карантинді доғару мәселесі шықты

4863

Коронавирустан қатты зардап шеккен АҚШ пен Еуропаның өзі жаппай жұмыссыздық пен банкроттыққа жол бермеу үшін экономикаларын қайта ашуға кірісті. 

Әлемде күн тәртібіне карантинді доғару мәселесі шықты

Сейсенбі күні әлемде коронавирус өршіп тұрған жаңа "ыстық нүктелер" табылған жоқ. Сондықтан дүниежүзі елдерінде қашан карантин мен әлеуметтік шектеулерді доғарып, экономикаларды қайта ашуға болады деген мәселе күн тәртібіне шығып отыр.

Соңғы күндері Жапония мен Индонезияда қауіпті вирус қайта өршіп, жергілікті басшылық пен дәрігерлерді біршама алаңдатып тастады. Бірақ әу-бастағы Қытайдағыдай, Оңтүстік Еуропа мен Құрама Штаттардың бір бөлігіндегідей адамдар жаппай госпитальдерге жеткізіліп, соншалықты қырылып жатқан жоқ.

Тіпті коронавирустан қайтыс болған тұрғындарының саны дүйсенбі күні 10 мыңнан асқан Нью-Йорк штатының губернаторы Эндрю Гуомо: "Осылай ақылды бола берсек, ең ауыр күндердің артта қалатын түрі бар, қазір қалыпты өмірді қайта бастауға болатынына сенімдімін", – деді.

Нью-Йоркте коронавируспен ауруханаларға түскендер 19 мыңға жуықтап қалса да, олардың саны өсіп жатқан жоқ. Бұған дейін бірнеше апта бойы жаңа вирус жұқтырғандар қатары тоқтаусыз көбейіп, ауруханаларда оларды қабылдайтын орын табылмайды деген қауіп туындаған еді.

Лондон Корольдік колледжінің респираторлық медицина профессоры Себастьян Джонстонның ойынша, COVID-19 эпидемиясы Еуропаның басым бөлігінде, соның ішінде Францияда, Испанияда, Германияда, Италияда, Ұлыбританияда, өзінің шарықтау шегіне жетіп, енді әлсірей бастады.

14 сәуірде Ұлыбританияда коронавирустан өлгендер саны 11300-ден асса да, қайтыс болғандар үш күннен бері азайып келе жатыр. Дегенмен, кейбір бақылаушылардың пікірінше, бұған Пасха мерекесінде құрбандар туралы мәлімет жинаудың кешеуілдетілуі себеп болуы мүмкін.

Әлеуметтік алшақтану мен оқшаулану шаралары жер шарының айтарлықтай бөлігінде жалғасып жатса да, вирус бүкіл планетаны шарпу бағытынан әлі тайған жоқ. Ал, карантин жеңілдетіліп жатса, жағдай қалай болады? Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Дегенмен, денсаулық сақтау саласы мамандарының сөзінше, карантиннен асығыс бас тарту коронавируспен күресте бүгінге дейін қол жеткізілген прогресті зая кетіріп, эпидемияның қайта өршуіне жол ашуы мүмкін.

Осындай болжамдарға қарамастан, кейбір елдер шектеулерден бас тартуға кірісіп жатыр. Мысалы, пандемияның ірі ошағына айналған мемлекеттердің бірі – Испанияның өзінде кейбір жұмысшылардың жұмысқа оралуына рұқсат берілсе, Италия эпидемия аса өршіген аймағындағы оқшаулау шараларын жеңілдетуге кірісіп, бұған дейін жабылған дүкендерін ашты. Аустрия, Дания, Польша да экономикалық белсенділікті сауда орындарының қызметін қайта жандандырудан бастайтындарын мәлімдеп отыр.

Испанияда коронавирусты 170 мыңнан астам адам жұқтырып, 18  мыңға жуығы қайтыс болды. Яғни, бұл корольдік 582 000 COVID-19 оқиғасы тіркелген Құрама Штаттардан кейінгі екінші орында тұр. Бірақ, осыған қарамастан, Испания құрылыс компаниялары мен кейбір зауыт-фабрикаларының жұмысын қайта жандандырып отыр. Дәрігерлер мен бірқатар саясаткердің ойынша, Испания карантинді тым ерте жеңілдетіп жатыр.

Еуропа орталық банкінің мәлімдеуінше, "Қарт құрлық" оқшаулану мен шектеулер салдарынан әлемнің өзге аймақтарымен салыстырғанда рецессияға тереңірек батып, осы экономикалық құлдыраудың зардабынан келесі жылы да айыға алмайды.

АҚШ экономикасының 38 %-ын құрайтын 10 штатының губернаторы болса, күш біріктіріп, қалаларды ашудың үйлестірілген жоспарын әзірлеп жатқанын жариялады. Президент Дональд Трамп болса, бұл мәселеде негізгі шешімді федералдық билік қабылдауға тиіс екендігін мәлімдеп, аймақтық басшылар мен орталық үкіметті алда үлкен дау күтіп тұрғанын аңғартты. Сондай-ақ Ақ үй басшысы экономиканы 1 мамырдан бастап қайта ашуды көздеп отыр. Алайда Америка президентінің инфекциялық аурулар жөніндегі кеңесшісі Энтони Фауси бұны – "тым оптимистік" жоспар деп атады.

Президентке емес, Конституцияға сүйенген Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом сейсенбі күні "вирустық шектеулерді" алып тастаудың детальдық жоспарын жариялайтынын хабарлап, адамдардың "үйде қалу" режимінен бірте-бірте ғана босатылатынын ескертіп, бұл мәселеде саяси қысымға бағынбай, ғылымға жүгінетінін атап өтті.

АҚШ пен Еуропа эпидемия биігінен өткендерін жариялап, карантиндік шектеулерді алып тастауға әзірленіп жатқанда, коронавирустық пандемия Латын Америкасында, Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда күшейеді деген қауіп бар.

Болжамдарға қарағанда, ғалам экономикасы карантиндік шаралар мен шектеулерден 5 трлн доллар жоғалтады. Бірқатар сарапшының ойынша, қазір дүниежүзі мемлекеттерінің үкіметтері жаппай жұмыссыздық пен банкроттыққа жол бермеу үшін экономикалық белсенділікті шама-шарқынша ертерек қалпына келтіруді көздеп отыр.

Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, осы күнге дейін коронавирусты әлемде 1,9 миллионнан астам адам жұқтырып, 120 мыңға жуығы қайтыс болды. Алайда, тестілеудегі шектеулерді, құрбандарды санаудағы кемішіліктерді және кейбір елдердің эпидемия ауқымын жасыру ниетін ескерсек, шын мәнінде планетада COVID-19-дан жан тәсілім еткендер бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу