Әлемдік медиа Қазақстандағы референдум туралы қызықты не жазып жатыр?

1730

Референдумға бойкот жасау, Елбасының референдумнан кейінгі тағдыры, Қазақстандағы билік транзитінің финалдық нүктесі, Тоқаевтың мемлекетті саяси конструкциялауы үшін ашылатын "оперативті өріс"... Шетелдік журналистерді тағы не алаңдататыны мәлім болды.

Әлемдік медиа Қазақстандағы референдум туралы қызықты не жазып жатыр? Фото: Максим Морозов

"Қаралы қаңтар" оқиғалары кезінде Қазақстанға көңіл бөлмеген бірде бір батыстық ақпарат құралы қалмады. Ол тақырыпты телеарналар прайм-таймда талқылады, рейтингтік бағдарламаларға арқау етті, газеттері бірінші беттерін арнады. Ал қазір қазақ еліндегі конституциялық реформаға мән бергені кемде-кем. Бүгінде батыстық медианың бар назары әрине, посткеңестік кеңістіктегі соғысқа ауған.

Дегенмен Reuters біздегі "жалпыхалықтық сауалнамаға" жеке талдау арнап, оны "Қазақстандағы референдум Тоқаевтың екінші мерзімге қатысты амбициясына тірек болуы мүмкін" деп атады. Халықаралық агенттіктің байламынша, "референдум Ресейдің одақтасы саналатын мұнайға бай елде болған теңдесі жоқ толқулардан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевқа екінші президенттік мерзімге саяси капитал жинауына көмектесе алады" деген тоқтамға келіпті.

Сараптамада "халықтың түзетулерді қолдауы Тоқаевты қолдап дауыс берумен тең болатынына" назар аудартылады.

"Тоқаев қаңтар оқиғаларынан кейін өзінің жолашары және бұрынғы тірегі Нұрсұлтан Назарбаевты кейінгі қатарға ысыра алды. Әйтпесе, тұңғыш Президент 2019 жылы Мемлекет басшысы лауазымынан кеткенімен кең өкілеттіктерін сақтап қалған. Реформалардың бірі Назарбаевты Елбасы титулынан айырады және бұл қадам қоғамда кең қолдауға ие көрінеді. Саясаттанушы Д.Сәтпаевтың айтуынша, көптеген қазақтар бірнеше жылдан бері барлық билікті Президент қолында шоғырландырған саяси жүйені өзгертуге үндеп келген еді. Тоқаев мұны түсінеді, сондықтан белгілі бір дәрежеде осы референдум арқылы өзін елге өзгерістер әкелген тұлға ретінде танытуға тырысуда", – деген пікірде Reuters.

Германияның Deutsche Welle федералдық теле-радиоконцерні Қазақстандағы референдумға бірнеше сараптамасын арнады, әрі Қ.Тоқаевтың мәлімдемелерін жаңалықтар түрінде де көрсетті. Оның соңғы сараптамаларының бірі "Не үшін дауыс бермекпіз?": Қазақстан Конституцияны өзгертетін референдум қарсаңында" деп аталады.

"Қазақстанда конституциялық референдумды өткізу науқаны белсенді сатысына шықты. Алайда сарапшылардың бақылауынша, көптеген азаматтар үшін дауыс беруге келуге қатысты үндеулердің мәні әлі күнге түсініксіз. Алматы облысының Парушино ауылында тұратын 75 жасар Құрбанбай ата Конституцияға ұсынылып отырған барлық 56 түзетуді ұғына алмаған. DW-мен әңгімесінде ол жергілікті баспасөзде жарияланған "көлемді мәтінді" оқуға талпынғанын мойындады. Алайда көп ұзамай ештеңе де түсінбейтінін ұғынған. "Мен нағыз штангист секілді 3 рет талап жасадым. Нәтиже шықпады. Мен саясаткер емеспін. Менің жұмысым – бақшаны күтіп-баптау. Ал мынаны білу үшін заңгер болу керек. Бір аңғарғаным, дәл Назарбаев тұсындағыдай енді болмайтын сияқты", –деді Құрбанбай ата. Ізінше ол қазіргі кезде қарапайым қазақстандықтар арасында ең танымал сауалды ортаға тастады: "Мен сонда нақты не үшін дауыс беруім керек?", – деп хабарлады DW.

Ағылшын тілінде шығатын жапондық Тhe Diplomat Қазақстандағы өзгерістерге көңіл бөлуін жалғастыруда. Оның орталық Азия елдеріндегі ахуалды талдауға маманданған сарапшысы Колин Вуд "Қазақстандағы конституциялық референдум нені білдіреді?" деген сараптамасын басты. Онда автор әріден қозғап, қазақ елінің қалай суперпрезиденттік мемлекетке айналып кеткенін және басшысын "Елбасы" деп атауға қалай жеткенін талдайды.

"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев наразылыққа шығып, бүлік салғандарды террорист деп атап, жаппай тәртіпсіздікті басу үшін Ресей қолдайтын ҰҚШҰ-ның көмегіне жүгінгелі бес ай өтті. Енді азаматтар конституциялық реформа референдумына қатыспақ. Конституцияға өзгерістер оны Елбасыға қатысты сөздерден арылтады, мұны кейбір сарапшылар Назарбаевтар отбасының тарихқа кеткенінің белгісі деп есептейді", – деп тұспалдайды ағылшынша журнал.

Ол іс басындағы Президент те өзіне қатысты шектеу қабылдап отырғанын хабарлай келе, Парламентке, Үкіметке, әкімдерге (akims), Конституциялық сотқа қатысты өзгерістерге егжей-тегжейлі тоқталды.

"Алдағы реформа – маңызды қадам болып табылады, бірақ ол алға қарай қозғалыстың кепілі емес. Түзетулердің көбі президенттік билікті бақылаудың бұрын болған тетіктерін ғана қалпына келтіреді. Мемлекет пен қоғам арасындағы қарым-қатынасты елеулі түрде өзгертеді деу қиын", – деген байлам жасайды Колин Вуд.

Ресейлік RenTV референдумнан кейін, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тағдыры не болатынына мазасызданады. Телеарна "Назарбаевтың Конституциядан өз мәртебесінің жойылуын қолдауға дайын" екенін хабарлады.

"Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы 5 маусымдағы референдумда елдің Конституциясына енгізілетін өзгерістерді қолдауға дайындығын білдірді. Кейбір өзгерістер елдің Негізгі заңынан оның өзіне арналған тұстарын жоюды қарастырады. Назарбаев лауазымынан кеткеннен кейін белгілі бір өкілеттіктерін сақтап қалуы – саяси транзитті қалыпты өткізу және қоғам мен биліктегі элита арасындағы ықтимал қайшылықтарды жұмсарту үшін қажет болғанын түсіндірді", – деп әңгімеледі өз көрермендеріне ресейлік телеарна. 

Ары қарай телеарна бұдан былай Қ.Тоқаев сыртқы және ішкі саясаттағы жаңа бастамаларын Н.Назарбаевтың келісімінен өткізбейтінін еске салады. Сондай-ақ Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесінде де, Қазақстан халқы Ассамблеясында да, Конституциялық кеңесте де және басқа құрылымдарда орынтағынан айырылғанына назар аудартты. Дегенмен жаңаратын Конституцияда тұңғыш Президентке Мәжіліс пен Сенат депутаттары және Үкімет мүшелері алдында ел үшін маңызды мәселелер бойынша сөз сөйлеу құқығы сақталады. Сондай-ақ Н.Назарбаев отандық заңнамада экс-президенттерге берілген артықшылық-жеңілдіктерді пайдаланады.

Беларусьтік "Беларусь сегодня" басылымы Қазақстандағы референдумды шетелдік байқаушылардың бақылайтынына ғана назар аударыпты. Мұны түсінуге болады, себебі Беларусьте 2022 жылғы 27 ақпанда өткен Конституцияға өзгерістер бойынша референдумға ТМД-дан басқа елдердің байқаушылары келмеген.

Мақалада "Сергей Рачков бастаған Беларусь пен Ресей одағының Парламенттік жиынының өкілдері ТМД байқаушылары миссиясы құрамында 5 маусымда Қазақстанның Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі бойынша референдумда халықаралық бақылауды жүзеге асыратыны" хабарланды. Екі ел одағының Парламенттік жиынының өкілдері Қазақстанды араламайды, Нұр-Сұлтандағы және оның қаламаңындағы учаскелермен шектеледі.

"Референдумға Конституцияның 33 бабына түзетулер енгізіліп отыр. Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, түзетулердің мақсаты – жаңа мемлекеттік моделге, мемлекет пен қоғамның өзара ықпалдастығының жаңа форматына ауысу. Түзетулер суперпрезиденттік басқару формасынан ықпалды Парламенті және есепті Үкіметі бар президенттік республикаға көшуді қарастырады", – деп жазды "Беларусь сегодня".

Бұл елдің басылымдары одақтасындағы өзгерістерге талдау жасаған жоқ, жаңалықтарды басумен шектелді.

Саясаткерлерге, сарапшыларға мінбер ұсынатын эксперттік-ақпараттық алаң "Ритм Евразии" Қазақстандағы өзгерістердің тез қарқынмен жүріп жатқанына тамсанады. "Қазақстандағы алдағы референдум. Назарбаев статусы мен өкілеттіктерінен айырыла ма?" деген сараптамада "Қазақстанда саяси уақыт қатты сығымдалғандай көрінеді. Бұл елден жаңалықтардың көз ілеспес жиілікпен келіп түсіп жатқаны сонша, ешқандай рефлексияға уақыт қалмай барады. Әсіресе, бұл Қазақстандағы бұрынғы тұрақты, баяу ағысымен аққан саяси өмірмен салыстырғанда ерекше байқалады" деп жазады.

Сондай-ақ Қазақстанда референдум деген "сирек кездесетін жыртқыш" екені, оның тәуелсіздік жылдарында қазақстандық саяси кеңістікте тек 1995 жылы екі рет қана бой көрсеткені атап өтіледі. Материалда Ата заңға енгізілетін өзгерістердің бүге-шігесі талданған.

"5 маусымда өтетін плебисцит кезінде қазақстандықтар түзетулерді жақтап дауыс берсе, онда "ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы" конституциялық заңы жойылады. Бұл мезет Қазақстандағы билік транзитінің финалдық нүктесіне айналады. Осылайша, екінші Президент үшін мемлекетті жаңаша саяси контрукциялауына "оперативті өріс" ашылатын болады", – деп түсіндіреді "Ритм Евразии" сарапшылары.

Жаһандық медиа агенттігі (USAGM) арқылы АҚШ Конгресінің грантына қаржыландырылатын, Украинада орналасқан "Настоящее время" телеарнасы "қаңтар оқиғаларына" көп эфирін бөлді. Қазір де конституциялық реформалар туралы жариялауда. Оң жағын да атап өтеді, олқы тұстарын да жасырмайды. Дегенмен 30 мамырдағы "Адамдар өздерінен не үшін дауыс беруді сұрап отырғанын түсінбейді!" атты соңғы сараптамасын қазақстандықтардың Ата заңға түзетулердің мәнін түсінбейтінін, сондықтан кейбір белсенділер "референдумға бойкот жариялауға шақырып жүргенін" мәлім етті.

Белсенділер "референдумға бөлінген ақшаны халыққа жақын проблемаларға – зейнетақыны көтеруге, баспана проблемаларын шешуге жұмсауды" ұсыныпты (әрине, референдумға бағытталған 16 миллиард теңге бұл мәселелерді шешуге жетпейтіні мәлім).

"Қоғам белсенділерінің тұжырымдауынша, референдум өткізбес бұрын шенеуніктер қазақстандықтардан ел өмірінде бірінші кезекте қандай өзгерістер болғанын қалайтынын сұрауға тиіс еді. Бірақ олай болған жоқ", – дейді "Настоящее время".

Біз Орталық Азия елдерінің ақпарат құралдарында елдегі референдум қалай, қай қырынан жарияланып жатқанына үңілдік. Бұл тақырып тәжік, қырғыз, өзбек сарапшыларының үлкен қызығушылығын тудырмапты. Ал орталықазиялық БАҚ негізінен жаңалықтар түрінде беруде.

Айта кету керек, ағылшынша Уикипедия да "2022 Kazakh constitutional referendum" деген жеке тақырып ашты.

Ендеше Қазақстандағы алдағы жексенбідегі референдум жаһан жұртшылығының назарынан тыс қалған жоқ деуге болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу