Алматы қайтсе турист тартады?

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
8165

Елімізде тау-шаңғы спорты қолға алынса, Еуропаға ағылғандардың беті Қазақстанға бұрылады.

Алматы қайтсе турист тартады?

Алматы қаласы еліміздің қаржы орталығы деген беделге ие. Мұнда кәсіптің кез келген түрін жүргізуге мүмкіндік бар. Содан да болар, әсем қалаға инвестиция құйып, кәсібін өрге домалатып жүрген шетелдіктер  көп. Олар ақша тауып қана қоймай, жергілікті тұрғындар көрмеген тау баурайындағы сұлулықты тамашалап, демалады да. 

Демек Алматы қаласын екі қырынан да пайдалану тиімді. Қыста шаңғы тебу үшін шетелден Алматыға арнайы ұшып келіп, демалатын туристер бар.

Себебі олардың бағасымен салыстырғанда бізде әлдеқайда арзан. Ал бұл баға қаланың көп тұрғыны үшін қалтаға салмақ салады. Жер мен көктей айырмашылықтың түпкі себебін өзіңіз бағамдай беріңіз.

Хош Алматыны көркейту – туризмді дамыту деген сөз. Бүгінде қалада 600-ге жуық туристік компания бар. Ал жыл басынан бері Алматыға 200 мың адам қонақ болып келген.

Қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың айтуынша, медициналық, спорттық, мәдени-танымдық, экологиялық, іскерлік, шопингтік  туризм түрлері дамып келеді. Ал тау туризмі туралы әңгіме бөлек. Соңғы жылдары қалада спорттық нысандардың көптеп салынуы түрлі деңгейдегі спорт шараларының өтуіне мұрындық болды. Соның бірі 28 қысқы бүкіләлемдік универсиада ойындары.

"Бұл мегаполисті әлем жұртына қысқы туризмнің халықаралық орталығы ретінде көрсетіп, бұқаралық спортты дамытуға әрі спорттық  ірі жетістіктерге жетуге тың серпіліс берді", – деді қала әкімінің орынбасары.

Арман Қырықбаевтың айтуынша, қазіргі кезде қалада 166 қонақ үй, хостел, кемпинг, 2 мыңнан астам дәмхана, мейрамхана, 19 театр, 20 мұражай, 14  галерея мен көрме  жұмыс істейді.

"2016 жылы республика бойынша шетелге 9 млн адам шықса, соның 3 миллионға жуығы  алматылықтар болған. Алматыны дамытудың негізгі драйверінің бірі туризм болуы тиіс, оның үстіне осы салада жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік мол", – деді ол.

Оның айтуынша, Алматы өзінің табиғи-географиялық, геосаяси ерекшелігіне орай әлемдік тау туризмін дамытуға  айтарлықтай үлес қосып келеді. Мысалы таяуда жарияланған "Worldwide Costof Living" рейтингте Алматының өмір сүру мен жұмыс істеу үшін барынша жайлы әрі арзан қала екендігі айтылған.  

Шынында да, Алматы қаласының туризмі туралы осылайша ауыз толтырып айтуға Азиада ойындары мен 28 қысқы универсиада ойындарының өтуі септігін тигізді. Оған дейін бұқаралық спорт кенжелеп, қарапайым халық бас сұғатын спорттық нысандар жоқтың қасы еді. Олқылықтың орнын осы екі шара толықтырды десек, артық айқандық емес.

Алайда бұдан туристер саны артқан жоқ. Осыдан бір жыл бұрын 28 қысқы универсиада ойындарына дайындық шарасы кезінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек: "2016 жылы  Алматыға 216 мың шетелдік және 400 мың отандық турист келіпті. Меймандарды қаламыздың табиғаты, демалыс аймақтары мен тынығу орындары қызықтырады. Ал 2017 жылы шетелден келетін меймандар саны 20%-ға артуы мүмкін", – деген болатын. Ал қала әкімдігінің өкілдері биыл жыл басындағы айтулы шаралар тұсында Алматыға 30 мың турист келеді деп топшылаған. ҚР ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі берген мәліметке сүйенсек, универсиада ойындарына 1 ақпанға дейін 66 елден 2100 адам келген. Ал ойын  өткен 26 қаңтар мен 6 ақпан ара­лығында Алматыға 14 мыңға жуық шетелдік турист атбасын бұрған. Алматы әуежайында жүргізілген сауална­маға жауап бер­ген шетелдік мей­мандар­дың 80%-ы Алматыға ХХVIII дүние­жүзі­лік қысқы уни­версиаданы тамашалауға келгенін айтқан. Спорт мерекесіне 100 мыңға жуық отандасымыз келген.

ҚР ішкі істер министрлігінің мәліметінше, универсиада қар­саңында Алматыға 32 мың шетел азаматы аялдаған. Бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыс­­тырғанда 21 мың адамға көп көрсеткіш. Ал биыл Қазақстанға келетін шетелдіктердің саны артып, елімізге 100 мың шетелдік турист саяхаттапты.

"Қазтур" агенттігінің директоры Алтай Омаров турис санының арту себебін ЭКСПО халықаралық көрмесінің өтуімен байланыстырады.

"Қазақстанға келген әрбір турист шамамен 400 АҚШ долларын жұмсайды. ЭКСПО-2017 шарасына байланысты ел туризміне деген сұраныс өткен жылмен салыстырғанда 5-6 есеге артты", – деді ол.

Айтпақшы Алматыда өткен халықаралық "International Mountain Sports Festival" фестивалінде андоралық сарапшы, PGI Management компаниясының басқарушы директоры Джоан Виладомат Алматының тау-шаңғы спортына 7 млн турист тартуға болатынын айтып, таңқалдырды.

"Андора өте кедей мемлекет болған. Қазір қарасаңыз тау-шаңғы демалыс орындары арқасында оның экономикасы қарқын алды. Андорада балалар 10 жасынан тау-шаңғы спортымен айналысады. Менің әкем 1953 жылы Андорада алғашқылардың бірі болып, тау-шаңғы демалыс орнын ашты. Ол қазір дамып, үлкен бизнеске айналды. Қазақстан инвестиция салып, осы саланы дамытуға күш салуы керек, оның механизмдері өте көп. Андораға жылына 2,5 млн адам тау-шаңғы спортымен айналысуға келеді. Туристердің 5%-ы – ресейліктер. Егер Алматыда осы сала дамыса, Ресейдегі тау-шаңғы спортымен айналысатындар Еуропаға барғаннан гөрі осында ағылар еді", – деді ол.

Демек бәрі өз қолымызда. Тау-шаңғы спортын дамытсақ, көрші мемлекеттердің туристері алысқа бармай-ақ бізге жол тартады. Ол үшін инвестиция салу маңызды. Ең бастысы туристерді тартатындай жарнама жасау керек. Асқар тау, әсем табиғат... Бұл жеткіліксіз. Себебі елге турист шақыру үшін тек тау-шаңғы спортын ғана емес, өзге де спорт түрлерін көбейту қажет. Яғни спорт түрі мен көрсетілетін қызмет түрі саналуан болса, туристер шақырусыз-ақ келеді. 

Тағы бір дерек көздерінде Қазақстанға келген әрбір шетелдік турист 96,7 мың теңге жұмсағаны туралы мәлімет бар. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 225% -ға көп. Қазақстандағы іскерлік және кәсіби сапарлардан түскен пайда 24,5% болса, жеке мақсатпен келген адамдардан түскен пайда 75,5%.

ҚР ҰҚК мәліметі бойынша былтыр шекарадан 6,5 адам млн өткен. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 1,2%-ға көп. 2017 жылы ең аз дегенде 6,6 млн турист келеді және олар 637,5 млрд теңге жұмсайды деп болжануда.

Зерттеуге қатысқан азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстан аумағында 971,9 млн теңге жұмсаған. Оның негізгі бөлігі, яғни 324,9 млн теңгесі (33,4%) халықаралық тасымалдауға кетеді. Ал тағы 25,9 %-ы – 252,1 млн теңге тауар сатып алуға жұмсалса, оның ішінде 24,4%-ы кәдесый мен сыйлыққа, 23,8%-ы киім-кешек пен аяқ киім, 22,9%-ы бағалы тастар мен металдар, антиквариаттар, көркемөнер туындылары және т.б. құнды заттарға жұмсалады. Бір күнге келген туристер жалпы туристердің 1,7%-ын құрайды. Ал 98,3%-ы кем дегенде 1 түн қонған туристер.

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу