Мәселеге тұрғындармен қоса билік өкілдері де алаңдап, тұрғын үйлердің қауіпсіздігін бағалауға көшкені бар еді. 2017-2018 және 2023-2024 жылдары қаладағы 20 мыңнан астам нысан тексеріліп, соның 5600-і, яғни, 26 пайызы дүмпуге төзбейтіні анықталған.
Бұл басқа емес, Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бес жылдық жоспарының жобасында жазылған. Аталған тұрғын үйлерде қаншама халық тұрып жатыр, сонда бұл нысандарды не істеген жөн?
Жауапкершілікті кім алатыны белгісіз
Шаһардың жайын қала әкімдігіндегілерден артық білер ешкім болмасы анық. Осыны ескеріп, байланысқа шыққанымызбен, жарытымды жауап болмады. Бұдан кейін жер сілкінісіне төзімсіз аталған тұрғын үйлерді не істеген жөн екенін білмекке Алматыдағы сейсмология институтына хабарласқан едік.
Мекеменің баспасөз қызметі дүмпуге шыдамсыз тұрғын үйлер жөніндегі зерттеу құжаттары қолдарында болмағандықтан сауалға жауап беру құзырларына кірмейтінін жеткізді.
Бұдан бөлек, "Алматыда алдағы уақытта қуатты жер сілкінісі болуы мүмкін бе?" деген сұрағымызға сейсмикалық қауіпті бағалау тұрғысынан болжам айтпайтындарын, күтілетін дүмпулер жөнінде нақты ақпарат жоғын баяндады.
Төтенше жағдай министрлігін де назардан тыс қалдырмадық. Ведомство өкілдері бізге "құрығы қысқа" болып отырғанын жасырмай жеткізді.
– Жалпы, тұрғын үйлердің төзімсіздігі жөніндегі бағалауды біз жасамаймыз. Өйткені нысанға жерді бөлген кезде, құрылыс процесіне, оны тапсыру ісіне, құжаттарына Төтенше жағдай министрлігі қатыспайды. Дегенмен алдағы уақытта аталған құзыреттерді төтеншеліктерге тапсыруы мүмкін, талқыланып жатқан мәселе. Әзірге біз қалалардың қатерлі белгілі бір аудандары болса, "жер сілкінісінің қаупі бар" деген ескертумен шектелеміз. Әрі қарай ол жерге тұрғын үй салына ма, салынбай ма, құрылыс қалай жүреді – заң жүзінде оған кірісуге құзыретіміз жоқ, – делінген жауапта.
Жыл сайын қаланың 80 шақырым радиусында 2-4 балды құрайтын 200-ге тарта жер сілкіністері болады. Әрине, әлсіз, кейде сезілмейтін дүмпулер. Бірақ осыған қарамастан мамандар шаһарды 9-10 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймаққа жатқызады.
Бұған 1 ғасырдай уақыт бұрын қуатты дүмпулердің болғаны дәлел. Бетін әрі қылсын, дегенмен қайталана қалған жағдайда жауапкершілікті кімдер мойнына алмақ. Ілгеріде әр тұрғын үйді көтерген құрылысшыларды айыптаймыз ба, әлде алдын ала ескертпеді деп сейсмологтарды сөгеміз бе? Жауабы жоқ сауал.
Жарамсыз үйлер көп болуы мүмкін
Жалпы, Алматыға қатысты жағымсыз болжамдар жетерлік. 2023 жылы сейсмология институның ғалымдары көпқабатты тұрғын үйлердің 35 пайызы дүмпуге төзбейтінін мәлімдегені есте. Тексеріс 2021-2023 жылдар аралығында 11 мыңнан астам үйге жүргізілген. Бірақ мамандар нақты қай аудандағы баспаналар төзімсіз екенін көпшілікке ашпаған. Бәлкім, қорқытып алғысы келмегеннен.
Сөйте тұра Алматы мен оның айналасы жойқын жер сілкінісі болуы мүмкін аса қауіпті аймақ деп дабыл қаққан. Әсіресе Шығыс Қазақстан облысынан бастап Қызылорда облысына дейінгі аралықта 7-ден 9 балға дейін жер сілкінісі болуы мүмкін сейсмикалық қауіпті орындар бар.
Негізі институт жаңа технологияларды ескере отырып, қаладағы бірқатар нормативтік құжатқа өзгерістер енгізген. Мәселен, қаланың әлеуметтік нысандарын 5 қабаттан асырып салуға болмайды. Ал 10 балдық жер сілкінісі болатын аймақ деп болжанатын жерлерде әлеуметтік нысандарды 3 қабаттан асырмайды. Дегенмен бұл норманы көпқабатты тұрғын үй салатын құрылыс компаниялары орындамайтыны анық. Бұған қоса, институт салынғанына 70 жыл болған "хрушевкаларды" толықтай бұзу керегін жеткізген. Олар жоғары дүмпу тұрмақ, орта дәрежедегі сілкіністерге де төтеп бере алмайды.
Бір байқағанымыз, қазақстандық мамандар жер сілкінісін болжау мәселесіне келгенде нақтылы жауаптар айтпайды. Тек сейсмология институтының орта мерзімді және қысқа мерзімді болжамдары бар. Орта мерзімді жылына екі рет, жылдың басында және ортасында жасалады. Ғылыми-іздестіру тұрғысынан 200-ден астам болжамды параметрлерді талдау негізінде жасалатын апталық қысқа мерзімді қорытынды әзірленеді.
Ғалымдардың пікірінше, зілзаланың болуын шындығында, алдын ала анықтау өте қиын. Еліміздің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймағы қауіпті аймақ саналады. Қазақстанның 40%-ы сейсмикалық белсенді, қауіпті аймақ саналады. Әсіресе, Алматы өңірі бүкіл Орталық Азияда өте қауіпті сейсмикалық аймақ. 1887 жылы Верный және 1911 жылы Кеминде болған жойқын жер сілкіністері соның дәлелі.
Ал институт мамандарының мәліметінше, қысқа мерзімді жер сілкінісін нақты болжау мәселесін әлі бірде-бір мемлекеттің ғылымы шеше алмаған. Мәселе, аумағында жойқын зілзалалар жиі тіркелетін Түркияның ғалымдары да озық технологияны пайдаланғанымен, қысқа уақытта болатын дүмпулерді дер кезінде анықтауға шамасы жетпеуде. Қысқа мерзімді жер сілкінісін нақты анықтаған жалғыз жағдай Қытайда болған. Бірақ осыған қарамастан бүкіл әлем аталған болжамның толыққанды шешімін таппай отыр.
Алматының жайына қайта оралсақ, Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бес жылдық жоспарында жазылғандай, дүмпуге төзбейтін 5600 тұрғын үйді бұзу керек немесе күрделі жөндеуден өткізу қажет. Бірақ оның бәрі айналып келгенде қала бюджетіне салмақ. Тұрғындар өз бетінше бұны жасай алмайтыны даусыз. Әзірге "қуатты дүмпу болмасын" деуден басқа шара жоқ.