Төрелік әділ болу үшін шешім ашық қабылдануға тиіс деген бір топ сала мамандары Алматыдағы төреліктердің жұмысына көңілдері толмайтынын жеткізді. Сондықтан олар заң нормаларын жетілдіріп, мұндай ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту керек деп есептейді.
Жиында бірінші болып сөз сөйлеген "Nabbi" ЖШС-ның құқықтық сұрақтар бойынша директоры Динара Джемекешева шаһардағы 12 төрелік ұйымының бесеуі бір-бірімен өзара байланыста жұмыс істейтінін алға тартады. Олардың әрқайсының атын атап шыққан маман төрешілер кей істерді үстірт қарайтынын айтады. Динара Джемекешеваның пікірінше мұның басты себебі – "Төрелік туралы заңның" осалдығы.
"Қазіргі кезде заңның саланы толық қамтымаған тұстары бар. Мәселен, төреліктерге ұйымдастырушылық-құқықтық жағынан нақты талаптар қойылмаған. Сондықтан олардың көбі ЖШС болып құрылады. Ал мұндай жағдайда құрылтайшыға ЖШС-ға салған салым көлемінде ғана жауапкершілік жүктеледі. Заң бойынша аталған сома 100 теңгеден аспайды. Яғни олар заңсыз шығарылған шешімдер үшін жауапкершілік алмайды", – дейді Динара Джемекешева.
Сонымен қатар ол төрелік шешімінің күшін жоюы тек процессуалдық құқық бұзушылық орын алғанда ғана қарастырылатынын айтады. Кейін арызданушы қайтадан сол төрешіге барып шағымдана алады.
"Шешім жойылады. Арызданушы қайтадан шағымданады. Жәбірленушінің ойы ескерілмейді. Барлығы қайта айналып келеді. Мұндай төреліктер нақты бір тұлғаларға ғана қызмет көрсетеді. Арызданушылар төрешілер олардың жағында болатынын ашық айтады. Мұндайда төреліктер тәуелсіз болуға тиіс деген қайда қалады? Бұған қоса шешім шығарарда іс бойынша төреші төрелігін жоққа шығарып, наразылық таныта да алмайсың. Олардың шешімдері ашық жарияланбайды. Жалпы жүйеде ашықтық жоқ", – дейді жеке компанияның құқықтық сұрақтар бойынша директоры.
Бұл пікірмен қорғаушы, Алматы қалалық адвокаттар алқасының мүшесі Серік Нұрлихин де келісіп отыр. "Алматыдағы төреліктердің былығы туралы қалың көпшілікке айтуға мәжбүр болып отырмыз" деген ол жеке өзі айналысқан істің жайын баяндады.
"Алматы төрелік соты мекемесі туралы айтпақпын. Клиентім Ерлан Шакебаевпен болған жағдай туралы сөз қозғайын. Ол шетелде тұрады, аталған төрелік оған қатысты 500 мың доллар сомасында қаржы өндіріп алу туралы шешім шығарғанын мүлде білмеген. Кейін тек жеке сот орындаушысы шара қолданғанда ғана мәселенің мән-жайын анықтаған. Клиентім үшінші тұлға ретінде 300 мың теңге көлемінде кепілдік келісіміне қол қойды деп жауапқа тартылған. Алайда ол бұл уақытта шетелде болған. Мүлде құжаттарға қол қоймаған. Оның барлығын анықтауға көмектескен Алматы қалалық сотына алғыс білдіреміз", – дейді қорғаушы.
Елімізде заң бойынша өндіріп алынатын сома тек ұлттық валютамен белгіленуі керек. Серік Нұрлихин төреліктер тарапынан мұндай сауатсыздықтар жиі орын алатынына налиды. Сондықтан ол төрешілердің өздерін аттестациядан өткізіп, жалпы төрелік жасауға ниетті тұлғаларға талаптарды күшейту туралы ұсыныс жасады.
"Төреліктерді мемлекеттік органдар қадағаламайды. Олар мемлекеттік органдарға бағынбайды, кәсіби талаптар қойылмайды. Тек заңгерлік білімі, жасы 30-дан асса, 5 жыл еңбек өтілі болса болғаны. Ал олар қаншама адамның өміріне, бизнесіне қатысты шешімдер шығарады. Меніңше, мұндай маңызды міндет атқаратын тұлғаларға қатысты талаптар күшейтіліп, олардың қызметіне бақылау болуға тиіс", – дейді қорғаушы.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!