АҚШ Instagram мен Facebook желілерін жауып тастауы мүмкін

2251

Қазіргі жастар күнінің жартысына жуығын әлеуметтік желіде құртады, яғни өмірін заяға кетіруде. 

АҚШ Instagram мен Facebook желілерін жауып тастауы мүмкін Фото: inbusiness.kz

Datareportal дерегінше, Қазақстанда танымалдылығы жөнінен Instagram мен TikTok теңесіп қалды. Нақтылағанда, америкалық Instagram қазақстандық секторында 10,45 миллион пайдаланушы тіркелген. Ал қытайлық TikTok-ты шамамен 10,41 млн қазақстандық қарап, контент генерациялайды. Отандық digital-нарықта үшінші орынға да америкалық өнім – Facebook шығып отыр. Онымен бүгінде 2 миллион азаматымыз немесе ел халқының 11 пайызы әуестенеді.

Басқалары – аутсайдерлер: іскерлік желі LinkedIn-де – 1,2 млн, Snapchat-та – 1,4 млн, Х (бұрынғы Twitter) желісінде – 384 мыңдай қазақстандық тіркелді. Ресейлік желілер өз деректер базасын ресейлік және қазақстандық деп бөлмейді, негізінен бірге қалыптастырады. Олар бойынша Datareportalда нақты статистика жоқ.

Қазақстан халқы, саясат сахнасындағы тұлғалар мен сарапшылар, тіпті бизнес америкалық қос әлеуметтік желіге қатты тәуелді. Интернет жарнама мен таргет сегментіндегі негізгі үлес те осыларға тиесілі.

Бұл ретте халықаралық ақпарат құралдары АҚШ билігінің Цукерберг корпорациясына қарсы шабуылды үдеткеніне алаңдап отыр. Өткен аптада Meta зәулім толқындардай үсті-үстіне жапқан сот шағымдарының астында қалды. Американың бірден 41 штатының және Колумбия Федералдық округінің бас прокурорлары корпорацияны сотқа берді.

Барлық жағдайда да айыптаулар ұқсас болып келеді: Meta цифрлық гиганты мен оның Instagram және Facebook басты платформалары балалардың басын айналдырып алды. Заң тілінде бұл "балалар мен жасөспірімдер аудиториясын ұстап қалу үшін манипулятивті техникаларды қасақана пайдаланады" деп дәйектелген. Осы арқылы балалардың әлі қалыптаспаған психикасына зиян келтіріп, содан коммерциялық пайда табады.

Негізі, америкалық алпауыт корпорацияға қарсы дәл осындай айыптаулар бұрын да бас көтеріп тұратын. Алайда бұл жолғы шабуыл кең ауқымдылығымен теңдессіз болып отыр.

Егер сіздің әлеуметтік желіде жариялаған постыңызға тез арада оқырмандарыңыз лүпіл-лайк баспаса, бөліспесе, онда әлеуметтік желі жазбаңызды, видеоңызды "қоқысқа" лақтырады, тіпті жазылушыларыңыздың таспасында көрсетпей тастайды. Бұл балалар түгіл, ересектердің жүйкесіне салмақ түсіреді, еңсесін езіп, жігерін жаншиды.

Мұның соңы психологиялық күйзеліс пен депрессияға соқтыруы мүмкін. Салдарынан жастар лайк жинау үшін түрлі сорақылыққа барып жатады. Бұл Meta, YouTube, TikTok және басқасына да қатысты. Тіпті қарапайым WhatsApp-та жазған хатында екі "галочка" пайда болып, олардың жасылға боялуын тағатсыздана, зарыға күтіп отыратын адамдар бар.

Мұның бәрі – пайдаланушылардың бүкіл назарын өзіне байлап-матап, барынша ұзағырақ ұстауға бағытталған технологиялар. Америка Құрама Штаттары өзі бастап, сонымен күресуге, қажет болса, соған қарсыласқан әлеуметтік желіні жауып тастауға бекінді. Мысалы, бірқатар штаттарда қытайлық ТикТокқа тыйым салынуда.

"Meta өз тұзағына жастарды, жасөскіндерді түсіру, оларды өзіне іңкәрландыру, құмар ету үшін қуатты технологияларды пайдаланады. Табысын мейлінше арттыра түсуге ынтыққан Meta өз әлеуметтік желілерінің қауіпсіздігіне қатысты бірнеше рет қоғамды алдады", – делінген 233 беттік ұжымдық федералдық талап арызда.

Бұл құжат 24 қазанда Солтүстік Калифорния сотына түсті. Оған Нью-Йорк, Калифорния, Пенсильвания және басқа да ондаған штаттардың бас прокурорлары қол қойған. Сарапшылармен қорытындысына сілтеме жасаған айыптаушылардың байламынша, Meta әлеуметтік желілерін пайдалану "депрессияға, мазасыздыққа, ұйқысыздыққа соқтырады".

Әрине, бүкіл талап арыз тек психологиямен шектелсе, әлемдегі ең үздік заңгерлерді жиған мегакорпорациямен арпалыста 41 штаттың бас прокурорлары оңбай жеңіліп, тауы шағылып қайтар еді.

Сондықтан айыптаудың маңызды бөлімі – Meta қоластындағы әлеуметтік желілердің заңдарды бұзып, 13 жастан кіші балалар туралы деректерді олардың ата-анасының рұқсатынсыз жинайтынына қатысты болды.

Корпорация өзін пайдаланатын әрбір адам, соның ішінде әрбір бала туралы егжей-тегжейлі, тіпті жаһандағы ең қуатты барлау қызметінде жоқ деректерді қордалайды. Ол әрбір адамның, баланың кімдермен араласатынын, күн сайын не істейтінін, өмірден, айналасынан нені талап етіп, нені қалайтынын, қандай қызығушылықтары мен хоббилері барын, әл-ауқаты жағдайын және басқасын біледі.

Бұл ретте заңгерлердің айтуынша, "корпорация қауіпті функцияларды пайдаланудан да бас тартпайды, оның орнына олардың ықпалын жасыруға бағытталған шараларын екі есе үдеткен". Бұл жауапкершіліктен жалтару үшін жасалатыны белгілі.

Калифорниядағы ұжымдық талап арыз сыртында, штаттардың 8 бас прокуроры корпорация үстінен жергілікті соттарға шағымданды. Бұдан бөлек, Флорида штаты бөлек федералдық талап арыз енгізді.

Қорыта айтқанда, олардың бәрінде бас прокурорлар Meta-дан балаларды сағаттар бойы әлеуметтік желіге телміртетін "зиянды алгоритмдерді" қолдануды доғаруды, ата-ана келісімінсіз балалардың дербес деректерін заңсыз жинаудан бас тартуды талап етіп отыр.

Сондай-ақ олар 13 жастан кіші балаларға өз аккаунттарын тіркеуіне тыйым салуды талап етті.

Егер корпорациямен тайталаста штаттар жеңіске жетсе,  Meta көптеген миллиардтық айыппұл төлеумен құтыла алмайды. Оған бүкіл жұмысын қайта құруға немесе жабылуға тура келмек. Себебі, оның бизнес-моделі тегісімен аудиторияны неғұрлым ұзақ ұстап қалуға, жарнама өнімдерін оларға барынша көп сатуға негізделген. Осы ұстынды жойса, Meta жайрап қалуы мүмкін.

Сонымен бірге соттар талап ететін өтемақының түпкілікті сомасы қанша миллиардты құрайтынын да ешбір сарапшы болжап айта алмады. Олар мұны штаттардың темекі алпауыттарына қарсы күресімен салыстырады. Соның негізінде көптеген отбасылар шылымнан келген залалы үшін темекі корпорацияларынан миллиардтаған сома өндіртіп алды.

Мысалы, 1994 жылы Флорида штатының тұрғыны Говард Ингл Philip Morris, R.J. Reynolds, Brown & Williamson, Lorillard Tobacco, Liggett сияқты темекі компанияларын сотқа берді. Сот оның талап арызына class action мәртебесін берді: "бұл шағым штаттағы барлық сырқат шылымқорлардың мүддесін ұсынатыны" бекітілді. Нәтижесінде, 2000 жылы "Ингл ісі аясында" сот аталған темекі компанияларын арызданушыларға 145 миллиард доллар өтемақы төлеуге міндеттеді. Оған наразылық білдірген алпауыттар жеңіліп қалды да, өтемақыны төлеуге кірісуден басқа амалы қалмады. Бірнеше миллиард долларлық өтемақыға сот арқылы өзге штаттардың тұрғындары да қол жеткізді.

Диджитал алыппен соттасушы бас прокурорлар Meta-ны күйретуге дейін баруға дайын екенін жасырмайды.

"Біздің талап арызымыз Meta-ның жастарды құлша эксплуатациялауына, есінен айрылған адамдай пайдалануына тоқтау салуға, одан бүкіл шығынды өндіртіп алуға бағытталған. Ол тұтас ұрпаққа нұқсан келтірді", – деді Колумбия округінің Бас покуроры Брайан Швальб.

Ол өз талап арызында Мемлекеттік білім беру суперинтенданты басқармасының (OSSE) зерттеуінің қорытындысын қоса берді. Онда айтылғандай, америкалық оқушылардың 70%-дан астамы уақытының үлкен бөлігін экранға үңілумен өткізеді. Әлеуметтік желіге таңылған жоғары сыныпта оқитын қыздардың жартысы өмірден үнемі түңілетінін жеткізген. Оқушылардың 28%-ы өмірін өзін өзі өлтірумен аяқтауды салмақты түрде қарастырып жүргенін мәлімдеген.

Meta өкілі бұл айыптардың бәріне жалтарма сөздермен жауап қатты. Оның сендіруінше, корпорация жасөспірімдерге интернеттегі жағымды, қауіпсіз тәжірибе-үлгілерді көбірек көрсетуге ұмтылады. Осы мақсатта 30-дан астам құралды енгізіпті.

Бұл жерде әлеуметтік желілердің арандатушылық істері де әшкере болып қалды. Олар мәселен, адамзатты жік-жікке бөледі екен. 2021 жылы ішкі ар сотына шыдамаған Facebook дата-инженері Френсис Хаген компанияның ішкі құпия құжаттары толтырылған орасан зор архивті жария етіп қойды. Оның негізінде Wall Street Journal әшкерелеуші сараптамалар сериясын жариялады. Оның ішінде әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге теріс ықпалы туралы түрлі зерттеу қорытындылары болды. Қазіргі айыптаулардың бір бөлігі сол материалдарға иек артады.

Содан белгілі болғандай, Meta биік лауазымды, ауқатты пайдаланушыларының санаттары үшін цензураларын жұмсартыпты. Қоғамды жік-жікке бөліп, поляризациялайтын, тіпті түрлі араздықты қоздыратын алгоритмдерді қолданады. Компания басшылығы төл әлеуметтік желілерін есірткі картелдерінің және террористік ұйымдардың ашықтан ашық қолданатынына көз жұма қарайды. 

Зерттеуге қатысқан қыздардың үштен бірі Instagram олардың өз сымбаты мен тәніне көңілі толмайтынын біле сала, осы бағытты қазбалап, олардың өзін одан да нашар сезінуіне соқтыратын контентті ұсына беретініне шағымданған. Қыздардың 13,5% Instagram суицид туралы ойларды ушықтыратынын мойындаған.

Дата-инженері Френсис Хагеннің түсіндіруінше, әлеуметтік желілер адамның ең күшті, қуатты эмоцияларына салмақ салады, тиісінше, күншілдікті, көрсеқызарлықты, пайдакүнемдікті, агрессияны, жеккөрінішті, яғни теріс сезімдерді тудыратын контентті пайдаланушыларға көбірек көрсетуге тырысады. Басқаша айтқанда, әлеуметтік желілер аудиторияны ұстап қалу үшін адамдардың ең лас, кесірлі қасиеттерін кеңінен пайдаланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу