Америка қара нәсілділерді 45 жылғы "позитивті кемсітуден" ақыры бас тартты

2678

Енді АҚШ-та жоғарғы оқу орындарына шәкірттерді қабылдауда афроамерикалықтарға басымдық берілмейтін болды. Бұған Қытай жұртының қандай қатысы бар?

Америка қара нәсілділерді 45 жылғы "позитивті кемсітуден" ақыры бас тартты Фото: inbusiness.kz

Соңғы жылдары Құрама Штаттардағы қытай өрендері түрлі штаттарда саналуан наразылық акцияларын, пикеттерді жиі өткізетін болыпты. Олардың көңілі сонда неге толмайды?

Америкада оқу орындарына қабылдау кезінде нәсілі бойынша "позитивті дискриминациялау" тәжірибесі қолданылады. Яғни, талапкерлер деңгейлес болса, ақ нәсілділер кері ысырылады. Өйткені олардың қоғамның беткеұстарына айналуға, саясатта, ғылымда және басқа салаларда жетістікке жетуіне мүмкіндігі молырақ саналады. 

Онда неге қытай жастары бұған қарсы? Жағымды кемсіту тек қара нәсілділерге және ішінара латынамерикалықтарға, үндістерге қолданылады. Америкалық сарапшылардың түсіндіруінше, бұл АҚШ-та бертінге, ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарына дейін кең қолданылып келген "сегрегация" үшін мемлекет пен қоғамның төлеген құны болатын. Құрама Штаттарда нәсілдік сегрегация заң жүзінде бекітілді.

Мысалы, басқаны айтпағанда, жеке сектор түгіл, мемлекеттік мекемелердің өзінде ақ нәсілділерге арналған дәретханаларға афроамерикалықтардың кіруіне рұқсат етілмейтін. Сонымен қатар қара нәсілділердің оқу орындары да бөлек болды. 

Кейіндері бұл кеселге халықаралық деңгейде тыйым салынды. 1965 жылы БҰҰ аясында Нәсілдік дискриминациялаудың барлық формаларын жою туралы халықаралық конвенция қабылданып, оның 3-бабына сәйкес, сегрегация мен апартеид қатаң айыпталды. Содан бері америкалық қоғам, соның ішінде европеид нәсілділер афроамерикалықтарға сонша ұзақ қысым көрсеткеніне қысылады, өздерін ұятты санайды. Колледждерге түсуде оларға басымдық беру де содан туындаған құбылыстың бірі еді. 

Енді АҚШ Жоғарғы соты "позитивті дискриминацияға" тыйым салды. Өйткені Гарвард, Солтүстік Каролина Университеті сияқты ғылым ордаларына түскісі келген өзге нәсілді жастар бұған наразы болып, жоғарғы инстанцияларға дейін шағымданды. 

Сонымен, Жоғарғы сот қаулысына сай, университеттер мен колледждердегі нәсіліне қарай қабылдау бағдарламасы азаматтардың теңдігін кепілдендіретін конституциялық кепілдікті бұзады. 

The Washington Post мұны тарихи шешім деп бағалады. Ол ондаған жылдарға созылған, нақтылағанда, 45 жыл бұрын енгізілген тәжірибені жояды және қоғамдағы түбегейлі өзгерістерге соқтырмақ. Бұдан былай жекеменшік және мемлекеттік жоғарғы оқу орындары бірде бір қара нәсілдіге басымдық бермейді. Барлық нәсілдің өрендері біліміне қарай тең жарысады, бірдей бәсекелеседі. 

Бұл шешім америкалық қоғамды тағы да екіге жарды. Элиталық университеттердің мәлімдемесінде айтылғандай, бұдан былай талапкерлердің нәсілі ескерілмесе, онда студенттік құрамда ақ нәсілділер және шығу тегі азиялық студенттер үлесі басым болып кетеді. Ал қара нәсілділер мен латынамерикалықтардың үлесі күрт кемиді.

Консерваторлар керісінше, әділдік пен теңдіктің үстемдік құрғанына қуануда. Осы орта атынан хат жазған жоғарғы судья Джон кіші Г.Робертс, судьялар Кларенс Томас, Сэмюэл кіші А.Алито, Нил М.Горсач, Бретт М.Кавано және Эми Кони Барретт әр шәкірттің бағы мен бабы қатар шапсын дегенге келтірді.  

"Студенттер нәсіліне емес, тұлғалық қасиетіне, біліміне, тәжірибесіне қарай бағалануға тиіс. Көптеген университеттер тым ұзақ уақыт бойы керісінше жасап, қаншама жасты кемсітті. Әрбір адамның тұлға болып қалыптасуына оны кез келген қиындықты еңсеруі, жаңа машықтар мен дағдыларды игеруі, бастан өткерген қателіктерінен сабақ алуы, кемелдене түсуі ықпал етеді. Мұнда адам терісінің түсі аса маңызды емес. Жоғарғы оқу орындары мұны тәрк етті. Біздің конституциялық тарихымызда мұндай теріс таңдауға орын болмауы шарт", – деп түсіндірді жоғарғы судья Джон Робертс. 

АҚШ Жоғарғы сотындағы тұңғыш латынамерикалық судья Соня Сотомайор (Sonia Sotomayor) бұл шешімге үзілді-кесілді наразы екенін Жоғарғы сот залында айтып, өз пікірін оқып берді.  

"Бұл шешімнің күйретуші салдарлары болады десем, артық айтқандық болмас. Бұдан кейін кең жайылатын нәсілдік нейтралитет шынында жоғарғы білімдегі нәсілдік сегрегацияны нығайтады. Өйткені нәсілдік теңсіздік оған салғырт, көзжұма қарайтын жерде өршиді", – деп қынжылысын жасырмады судья Соня Сотомайор.

Оның ұстанымын Жоғарғы соттағы либерал судьялары Елена Каган, Кетанджи Браун Джексон қолдады. Соңғысы Жоғарғы соттағы тұңғыш қара нәсілді әйел болып табылады. 

Ең жоғарғы сот инстанциясында шешім қабылдау кезінде олар азшылықта қалды: дауыстар 6:3 болып бөлінді. Бұл ретте Джексонға дауыс беруге қатысудан бас тартуға тура келді: ол Гарвардтың директорлар кеңесіне мүше болған. 

"Халық сайламаған 6 судья бүкіл Америкадағы игі дәстүрді, статус-квоны қоқысқа лақтыра салды. Олар төл саяси көзқарастарын бүкіл Америкаға таңып отыр. АҚШ-та нәсіл әрқашан маңызға ие болған және солай бола біледі. Нәсілдік дальтонизм қоғамды одан құтқармайды", — деп таусыла жазды Жоғарғы соттың қара нәсілді судьясы.

Ал Сотомайор Робертстің дәйектемесін "шошқаға арналған помада" деп кекетті: қанша бояу жақса да, жексұрын кейпі сақталады.

Жоғарғы сот шешімі жария бола салысымен, Вашингтонда, басқа қалаларда соған қарсы студенттер қарсылық акциясына шыға бастады. 

Бірақ консерваторлар өзінікін жөн көреді. Судья Робертстің айтуынша, бұдан былай нәсілге қарай басымдық беруге құрылған барлық университеттік бағдарламалар күшін жоюға тиіс. Адамның нәсілі "стереотип немесе негатив ретінде пайдаланылмауы шарт". Оның пікірінше, Гарвардтың, Солтүстік Каролина университетінің және басқасының бұл тұрғыдағы ниеттері қанша жерден ізгі болса да, ол тірліктері аталған критерийлердің бірде біріне сәйкес келмейді. 

Ол АҚШ-тың жетекші бес университетінің үшеуі талапкерлерді қабылдауда нәсілдік факторды ескеруді біраздан доғарғанын еске салды. Ал Калифорния, Флорида, Мичиган сияқты халқы тығыз штаттар жұмысқа қабылдауда нәсілдік нышанына басымдық беруге тікелей тыйым салып тастады.

Жоғарғы сот шешімі жарияланған соң АҚШ Президенті Джо Байден журналистер алдына шығып, шешімге өз қарсылығын мәлімдеді. Бірақ Құрама Штаттарда демократия мықты. Оларда биліктің атқарушы тармағы сот тармағына үстемдік етіп, судьяларға өз дегенін таңа алмайды. 

Байден жағымды кемсітуді қажетті құрал деп бағалады: ол елдегі нәсілдердің өзара тығыз араласуына, оқшауланып қалмауына септесті және осы арқылы ел бірлігіне үлес қосты. Ол Білім департаментіне тапсырма бергенін хабарлады: ведомство студенттік құрамды әралуанды және инклюзивті етудің әдістерін талдайды, оған тосқауыл болатын алғышарттарды анықтайды.  

Егер Байденнің командасы лайықты жұмыс жүргізе алса, Америка халқы ары қарай да азды-кем бірлігін сақтайды және болашақта жас ұрпақ нәсілдік оқшаулануға тап болмайды. Әйтпесе, шартты түрде алғанда Гарлемдегі қара нәсілді жастар Жоғарғы Ист-Сайдтағы шылқыған байлардың балаларымен тең бәсекелесе алмасы анық. 

Нью-Йорктағы Вассар колледжінің президенті Элизабет Х.Брэдли оқу орындары осал топтардан шыққан афроамерикалықтарды және латынамерикалықтарды қолдаудың заңды жолын табатынына сендірді. Таппаса, ел болашағына балта шабылуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу