Анкара Мәскеудің аузын аңқитып кетті

5522

​Түркия Ресейдің қарсылығына қарамастан, Украинаға "Азов" командирлерін қайтарды.

Анкара Мәскеудің аузын аңқитып кетті Фото: news.myseldon.com

Ресейді елемей, "Астық келісімін" тағы екі жылға ұзартпақ. Кремль наразы болса да, Украинаның НАТО-ға мүшелігін қолдады.

Өткен жылғы 22 қыркүйекте Түркия Украина мен Ресей арасындағы келісімге араағайын болған еді: қоршаудағы Мариуполь қаласын бірнеше ай жанқиярлықпен қорғаған "Азов" батальонының көптеген жауынгерлерін тұтқыннан босатып алды. Нақтылағанда, 55 ресейлік жауынгер және Украина азаматы, кремльшіл "Оппозиционная платформа –За жизнь" партиясының көшбасшысы Виктор Медведчук 215 украиналық жауынгерге айырбасталды. Соның 108-і – "Азов" жауынгерлері болатын.  

Бұл ретте үшжақты уағдаластыққа сәйкес, азовтық солдаттар Отанына оралды. Ал "Азов" командирлері соғыс аяқталғанша Түркияда тұруға, "Ердоғанның қорғанында" қалуға тиіс еді. Себебі, Мәскеу азовтық қолбасшылар Украинаға оралса, ұлтшыл азаматтардың басын қосып, жаңа жасақтарды даярлауға кіріседі деп қорыққан көрінеді.

Украина Президенті Владимир Зеленскийдің Түркияға осы сапарының қарсаңында оның командасы креативті бір науқан бастады. Әлеуметтік желіде танымал тұлғалар, блогерлер: "Азовстальды, Мариупольды қорғаған қаһармандар қайда? Шынымен ұмытып кеттіңіздер ме?" деген қысқа сауалмен қоғамға жүгінді. Әлеужелідегі жұртшылық бір дүрліккенімен, бұл сұрақтың астарын түсіне алмаған.

Сөйтсе, бұл Зеленскийдің халықаралық дипломатиядағы кезекті бір жеңісінің анонсы, соған қоғамды даярлауы болып шықты. Нәтижесінде, еліне кері қайтқан Владимир Зеленский өзімен бірге "Азовтың" 5 командирін алып кетті. Сүйінші жаңалығын да бірінші болып, Президенттің өзі хабарлады.

"Біз Түркиядан елге оралып келеміз және біздің қаһармандарымызды үйлеріне әкеле жатырмыз. Украиналық әскерилер Денис Прокопенко, Святослав Паламарь, Сергей Волынский, Олег Хоменко, Денис Шлега арамызда. Олар ақыры туған-туықандарымен қауышады", – деп жазды Владимир Зеленский өзінің ресми телеграм-арнасында. Артынша Президенттің өз ұшағында олармен құшақтасып түскен фотосы да жарияланды.

Бұл хабарды Кремль төбесінен жай түскендей қабылдады. РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков дереу зілді мәлімдеме жасап, азовтық қолбасшылардың Түркиядан Украинаға оралуы өзара уағдаластық шарттарын бұзатынын жариялады. Оның айтуынша, Анкара әскери тұтқындарды Киевке табыстайтыны туралы алдын ала Мәскеуді құлағдар да етпеген. 

"Әскери тұтқындарды айырбастау туралы қыркүйектегі келісімнің шарттарын түрік тарапы да, украиналық тарап та бұзды", – деп зілдене аяқтады Д.Песков. Яғни, кезекті рет "арқаға пышақ ұрды" дегенге келтірді.

Атап өтетін жайт, РФ қолында бірнеше мың украиналық тұтқын, соның ішінде Мариупольды қорғаушылар да бар. Мәскеу ендігі өшін солардан алмаса, игі.

Осының алдында Мәскеу Анкарамен және Киевпен арасындағы "Астық келісімінің" мерзімін ары қарай ұзартудан бас тартамын деп доқ көрсеткен болатын. Былтырғы ақпанда кең ауқымды шапқыншылық жасаған Ресей Азов теңізі жағалауындағы барлық украиналық қалаларды басып алды. Салдарынан, Украина бұл айдынынан айрылып қалды. Өз кезегінде В.Путин ресейліктерге үндеуінде "Азов теңізінің енді Ресейдің ішкі теңізіне айналғанына" мақтанған болатын. Бүгінде Киев кең ауқымды шабуылы нәтижесінде дәл осы Азов теңізін қайтарып алуды басты бір мақсат етіп отыр.

Сонымен бірге соғыс басталғалы Украинаның Қара теңіздегі порттары да бұғатталды. Ресей жағы оларды үстемелете бомбалаумен болды. Бұл Украина экономикасының күйреуіне ықпал етуі мүмкін еді. Себебі, бұл ел өз экспортының басым бөлігін құрлықпен емес, теңіз жолдары арқылы жүзеге асырады.

Осы бағытта да Түркия көмекке келді. Оның араағайындығымен бір жыл бұрын, 2022 жылғы 22 шілдеде Түркия, Украина, Ресей және БҰҰ Ыстамбұлда "Украиналық порттардан астық пен азық-түлікті қауіпсіз тасымалдау бастамасын" мақұлдады. Құжат Астық келісімі немесе Қара теңіз астық бастамасы деген атау алды.

Оған сәйкес, БҰҰ қолдауымен, Ыстамбұлда барлық тараптың өкілдерінен тұратын Бірлескен үйлестіру орталығы құрылды. Түркияда барлық жақтың және БҰҰ-ның тексерушілерінен құралған Инспекторлар командасы жұмыс істейді.

Бастамаға сырттан, бөгде кемелер қатыса алмайды: олар алдын ала тіркелуге және ішінде заңсыз жүк, қару, экипажында бөтен адамдар жоқтығын көрсетіп, мұқият тексеруден өтуге міндетті. Украинаның территориалдық су айдындарындағы бүкіл операциялар тек қана украиналық биліктің басшылығымен жүзеге асырылады. 

Сонда мұндағы Ресейдің рөлі қандай? Ол агрессор ретінде аталған бастамаға қатысушы жүк, жолаушылар және басқа кемелерге, сонымен қатар порттарға соққы бермеуге, шабуыл жасамауға тиіс.

Украиналық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне соғыс жағдайында да кәсібін жалғастырып, табыс табуына мүмкіндік берген келісімнің күші тура бір аптадан соң, 17 шілдеде аяқталады. Мәскеу оны одан әрі ұзартуға ниеті жоғын жариялап үлгерді. РФ Сыртқы істер министрлігі 4 шілдеде "Қара теңіз астық бастамасын жалғастыруды мүмкін емес деп санайтындарын" мәлімдеді. Ресейлік ресми тұлғаларының пікірінше, астық келісімі аясында берілген уәделер орындалмады. 

Дегенмен, Зеленскийдің өз еліне ұлттық қаһармандарын алып қайтуы Кремльдің бұл өкпе-назының Анкараға өтпегенін, оның еленбегенін көрсеткендей. Президент ретінде қайта сайланып, халқынан мандат алған Реджеп Тайып Ердоған Мәскеудің қоқан-лоққысынан сескенбейтінін әлемге паш етті. Түркия лидері әлемде азық-түлік тапшылығына жол бермеген Астық келісімінің тағы екі жыл жүзеге асырылатынын жеткізді.

Әлемдік ақпарат құралдарына Ердоғанмен бірлескен брифинг берген Президент Владимир Зеленский де бүкіл әлем украиналық астық экспортына арналған "астық дәлізінің" ары қарай жұмыс істегеніне мүдделі екенін, сол себепті оның қызметі Ресейге тәуелді болмауға тиістігін мәлімдеді. Яғни, Ресей "қырық бір жақ, қыңыр бір жақ" позициясында қалды. Бұл Мәскеудің келісімнен шығуы ештеңені білдірмейтінін, дәліз өз жұмысын жалғастыратынын білдірсе керек. 

"Бүкіл әлем "Астық дәлізінің" жұмыс істеуіне мүдделі. Ендеше бұдан былай біз өз серіктестерімізбен бірігіп, осы дәліздің ғұмыры, тиісінше Азия мен Африка сияқты басқа континенттердегі халықтардың өмірі РФ президентінің қандай көңіл-күймен оянғанына байланысты болмайтындай етуге тиіспіз. Бүгінде бізде осы дәліз бар. Ол азат емес, оны Ресей күрделендіріп, Қара теңізді бұғаттап отыр. Біз әлем халқы келесі екі айда қалай өмір сүретініне бас қатырып, қайтадан келісу үшін үнемі жиналып отыра алмаймыз. Сондықтан маңызды дәліздің жұмысы бір мемлекетке тәуелді болмауы үшін бәрін жасауға тиіспіз", – деді В.Зеленский.

Өз тарапынан, Ердоған Астық дәлізі 17 шілдеден кейін де тұрақты жұмыс істеуі үшін Түркияның бар күшін салып жатқанын мәлімдеді. Ол "Астық келісімі" аясында екі айда бір рет емес, ең құрығанда, үш айда бір рет жиналып тұруды ұсынды. Түркия Президенті мәміленің мерзімін 2 жылға ұзарту үшін тырысатынын хабарлады. Осы мақсатта ол В.Путинді биылғы тамызда Анкарада күтеді. 

Бұл директордың әлденені бүлдірген оқушыны кабинетіне шақырғандай естілді. Әйтсе де, Кремль Түркия көшбасшысына қарсы шыға алмады. Д.Песков Путиннің Ердоғанмен жүздесуден бас тартпайтынын білдірді.

"Байланыстар болады. Бірақ кездесудің нақты датасы жоқ", – деді ол.

Ресей Түркиядан ығып, бастама аясында кемелерді атқылауға бара қоймас. Алайда ол саботажға көшті. Мысалы, ресейлік инспекторлар әрнені сылтауратып, кемелерді тым ұзақ, бірнеше күн бойы тексереді. Bloomberg хабарлауынша, астық дәлізі арқылы өтетін кемелерді ресейліктердің тексеруге көп кідіртуі кесірінен Украинаның аса ірі агрохолдингі Kernel Holding үлкен шығын шегіп жатыр: сорақы тірлік 57 миллион доллар шығын әкелген. Дәлізде кеме кептелісі артқандықтан компаниялар баламалы құрлық және өзен жолдарын іздеуге мәжбүр. Ал бұл әлдеқайда қымбатқа түседі.  

Назар аударатын жайт: Түркия мен Украина жеңісті жақындата түсетін уағдаластыққа келді. Екі ел бірлесе әскери техника жасамақ. Осы мақсатта Реджеп Ердоған мен Владимир Зеленскийдің келіссөздері қорытындысында екі ел Өнеркәсіптің стратегиялық салаларында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Украина Президенті кеңсесінің түсіндіруінше, құжат Түрік Республикасы мен Украина компанияларының технология алмасуына, өнеркәсіптің стратегиялық салаларында ынтымақтасуына жәрдемдесуге, сонымен қатар осы салаларда жаңа жобаларды қолдауға бағытталған.

Ынтымақтастық бағыттары арасында – "автономды көлік құралдарын, соның ішінде әскери дрондар өндірісінің мүмкіндіктері мен қуаттылықтарын дамыту, пилотсыз ұшатын аппараттардың әртүрлі типтерінің өндірісін өрістету, автономды жүйелер, ғарыш салаларында және басқа стратегиялық салалардағы технологиялық секторларда бірлесе зерттеулер жүргізу, әзірлемелер жасау, өзге де техникалық серіктестік" бар.

Сондай-ақ келіссөздер қорытындысында Түркия лидері Р.Ердоған Украинаның НАТО-ға мүше болуға лайық екенін мәлімдеп, өз елі құдайы көршісінің мүшелігін қолдайтынын білдірді. Оның байламынша, бұл  "әділетті әлем құруға" ықпал етеді, ал бұдан ешкім де ұтылмайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу