Қант тапшылығына – шикізат, шикізат тапшылығына логистика кінәлі

1520

Өңірлерді қантпен қамтамасыз етіп отырған Жамбылдағы екі қан зауыты қазір толық қуатында жұмыс істеп тұр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің БАҚ өкілдеріне арнап ұйымдастырған баспасөз турында журналистер Меркі және Тараз қант зауыттарындағы жұмыс барысымен танысты. 

Қант тапшылығына – шикізат, шикізат тапшылығына логистика кінәлі

"Меркі қант зауыты" ЖШС-ның басшысы Нұржан Қарғабаевтың айтуынша, зауытта екі ай жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 28 мамырдан бастап толық қуатында қант өндіруге кірісіпті. Қазіргі кезде 9 мың тонна шикізат қабылдап алып, екі күннен бері толық қуатында қант өндіруде. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл жарты айға жетеді. Алдағы күндерде керекті шикізат тағы жеткізіледі екен.

"Зауытта 460 адам жұмыс істейді. Шикізат Бразилиядан тасымалдануда. Айына 18 мың тонна қант шығарамыз. Үш айға 40 мың тонна шикізат қабылдап, өнім өндіруді жоспарлап отырмыз. Шикізат біткен соң, зауытты қайта жөндеуден өткізіп, қант қызылшасын қабылдап, содан өнім өндіруге дайындық жүргіземіз", – дейді зауыт директоры.

"Меркі қант зауыты" 2017 жылы соңғы рет қант құрағынан қант өндірген екен. Содан бергі уақытта 5 жыл бойы өндіріс орны қант қызылшасын өңдеп, өнім өндіріп келген. Көршілес Ресей мен Белоруссиядан қант импорты тоқтаған соң, қажетті сұранысты өтеу үшін қайтадан қант құрағынан қант өндіруді қолға алып отыр.

Дәл қазіргі уақытта зауыт өндірген өнімнің килосын 440 теңгеден өткеруде. Бағаны бұдан төмендеткенге, шикізатты Бразилиядан тасымалдаған соң өзіндік құнын ақтамайтын көрінеді. Бұрынғы баға 290 теңге болған.

Зауыт алдағы үш ай бойы қант құрағынан қант өндіріп, қыркүйектен бастап, қант қызылшасын қабылдау пунктін ашып, әрі қарай қант өндіруге кіріседі.

Зауыттың бас инженері Идрис Джамаловтың айтуынша, 2017 жылға дейін Меркі қант зауыты ескі құрылғылармен қант өндіріп келген. Одан бері кезең-кезеңімен құрылғыларды 30 пайызға жаңартыпты. Жабдықтар мен автоматтандырылған құрылғылар қойылса, өнімділік те артады дейді маман.

Ал Тараз қант зауытының директоры Александр Шлегель кәсіпорын толық қуатында жұмыс істеп тұрғанын айтты. Зауытта күндігіне 650 тонна өнім өндіріледі екен. Жыл басында бірқатар қиындықтар туындаған екен. Кейін жағдай реттеліп, наурыздан бері тоқтаусыз өнім өндіруде.

"Біздің кәсіпорын бір жыл да жұмысын тоқтатқан емес. Құрылғылар ескі болғанымен, істеп тұр. Қазір қантқа деген сұраныс көбейді. Өндірген өнімдер барлық өңірге жөнелтілуде. Бір жаққа жіберіп, екіншісіне жібермей қалу деген бізде жоқ", – дейді зауыт директоры.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаевтың берген мәліметіне сүйенсек, зауыттардың ең негізгі сұранысы – шикізат екен. "Бұған дейін біраз уақыт логистикаға байланысты шикізат мәселесі туындағаны, рас. Бірақ ол мәселелер реттелді. БАЖ салығынсыз 350000 тонна шикізат әкелуге квота бөлінген, соңғы екі айда 250000 тоннасы жеткізілді. Соның нәтижесінде зауыттар толық қуатында жұмыс істеуге көшіп, өндірілген өнім барлық сауда нысандарына таратылуда", – дейді Дамир Егізбаев.

Қант зауыттарындағы басты проблема – шикізат екені айтылды. Биыл шикізат тапшылығының алдын алу үшін қажетті техникалар алуға және қант қызылшасын өсіруге мемлекет тарапынан 449 миллиард теңге субсидия бөлінуде. Ал Жамбыл облысы биыл 6300 гектарға қант қызылшасын егуді жоспарлаған.

Ардақ Үсейінова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу