Қазақстанда қант жетіспеушілігін азайтпаса, 15 мың адам жұмыссыз қалады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Дәл осындай мәтінмен Қазақстанның алкогольсіз сусын өндірушілер қауымдастығы Сауда және интеграция министрлігіне, Ауыл шаруашылығы министрлігіне және "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ашық хат жазды.
Құжатта Ресей үкіметінің аталған өнім импортына тыйым салу салдарынан елде қант жетіспеушілігі туындағанын жазған.
Қауымдастық өкілдерінің айтуынша, қазіргі жағдай соңғы 25 жылда іске қосылған кәсіпорындардың жабылуына, тіпті бүкіл саланың жойылуына әкелуі мүмкін.
Хат авторлары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдерімен де, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерімен де бұған дейінгі кездесулерінде де қантпен қамтамасыз ету мәселесін бірнеше рет көтерген. Дегенмен қазақстандық өндірушілердің аталған өнімнің жеткілікті екендігі туралы айтқандарына қарамастан, қантқа қатысты жағдай әлі де күрделі күйінде қалып отыр.
Қазақстандық өндірушілер компанияларды тиісті сападағы қажетті көлеммен қамтамасыз ете алмайды, қант шектеулі мөлшерде және 100% алдын ала төлеммен сатылады, ал кәсіпорындардың көпшілігінде айналым қаражаты жеткіліксіз. Сондай-ақ қант шикізатының шектеулі көлеміне байланысты логистикалық мәселелер бар.
Жергілікті қант бағасының тұрақты өсуіне жағдай жасалғандықтан, соңғы бірнеше аптада ғана қазақстандық өндірушілердің өнімдерінің бағасы келісіне 400 теңгеден 460 теңгеге қымбаттады. Ал бұл шегі емес, дейді мамандар.
Қазіргі кезде көптеген кәсіпорындарда қанттың қоры тек бірнеше күндік үзіліссіз өндіріске жетеді. Яғни қант мәселесі жақын арада шешілмесе, кәсіпорындар өз өндірісін жабуға және қызметкерлерді жұмыстан шығаруға мәжбүр болмақ.
"Өздеріңіз білетіндей, Ресей біржақты тәртіпте – Үкіметтің 2022 жылғы 14 наурыздағы №361 қаулысымен – ақ қант пен шикі құрақ қантты Ресей Федерациясынан экспорттауға тыйым салды. Сонымен қатар 2018 жылы Арнайы инвестициялық келісімшарт бойынша ақ қантты бажсыз әкелуге шектеу енгізілді. Бұған қоса қазақстандық қант өнеркәсіптік тұтынушылардың сұранысын сан жағынан да (қантты тұтынудың жалпы көлемі шамамен 582 мың тоннаны құрайды) және сапасы жағынан да өтемейтінін айта кеткен жөн. Сусындар өндірісіне қажітті өнімнің кейбір түрлері елімізде өнеркәсіптік ауқымда өндірілмейді. Сонымен қатар, қазіргі таңда ТК-2 санатындағы қант өндірушілерге шектеулі режимде, күнделікті қажеттілік бойынша сатылуда, бұл өнеркәсіптік өндіріске жарамсыз", – дейді Алкогольсіз сусындар өндірушілер қауымдастығының жетекшісі Әлия Мамытбаева.
Қауымдастық мәселені шешу мақсатында 2021, 2022 жылдары келісімге қол қойған компаниялар үшін Ресей Федерациясынан Экстра санаттағы қантты экспорттаудағы шектеулерді алып тастауды ұсынады.
Сонымен қатар квота арқылы ҚР аумағына ресейлік қантты әкелуге рұқсат беру, ЕАЭО-ға кірмейтін үшінші елдерден ақ қант импорты бойынша арнайы инвестициялық келісімшарттар шеңберінде преференцияларды жаңарту, сондай-ақ импорт мерзімін ұзарту, үшінші елдерден квоталар көлемін 250-ден 500 тоннаға ұлғайту арқылы ақ қант пен шикі қантты әкелуге квоталарды пайдалануды жалғастыру керек деп отыр.
Алайда сала өкілдері, бұл шаралардың қабылдануы қантқа қатысты жағдайды өзгертпейді деп есептейді.
"Жалпы алғанда бүкіл сала жұмысы шиеленіскен күйде қалады. Өйткені Қазақстанда қант тапшылығы жағдайында жергілікті дилерлердің бағаны жоғарылатуға тырысуы үшін тамаша жағдайлар жасалған. Ал мемлекеттік органдардың қантты өнеркәсіптік мақсатта тұтынатындарды қолдау жөніндегі шешімдері өте баяу қабылдануда", – дейді қауымдастық басшысы.
Қауымдастық өкілдері қазақстандық өнеркәсіптік қант тұтынушылары жергілікті қант өнеркәсібіне қатысты жағдайдың кепіліне айналмауы керек, бір саланың кедергілері екіншісінің есебінен шешілмеуі керек деген сенімде. Екі жақтың да қордаланған мәселелері дәйекті, тиімді және дер кезіндегі мемлекеттік қолдау аясында шешілуі тиіс, деп отыр.
Айта кетейік, елімізде қанттың жылдық тұтыну көлемі 582 мың тоннадан асады, оның 50-55%-ын өнеркәсіптік қант өңдеушілер (кондитерлік өнімдерді, алкогольсіз сусындар мен шырындарды өндірушілер) тұтынады. Ресми деректер бойынша 2021 жылы Қазақстан Республикасына ақ қант импортының көлемі 308,4 мың тоннаны құрады.
Импорттың шамамен 90%-ы Ресей Федерациясының үлесінде.
2022 жылдың басынан бері қант бағасы 36,1%-ға қымбаттаған. Наурыз айының ортасында баға орта есеппен 396 теңге шамасында болды. Бір айдың ішінде ол бірден 33,2%-ға, бір жылда 50,2%-ға қымбаттады.
Бағаның ең көп жылдық өсімі Алматы қаласында (+70,1%), сондай-ақ Қостанай облысында (+64,7%) және Жамбыл облысында (+60,5%) тіркелді.
Құралай Құдайберген