Араб авиация саммиті-2023: Әлемдегі әуе көліктерінің ауадағы қалдығын нөлге дейін түсіру мүмкін бе?

1052

Әлемде ауаға тараған көмірқышқыл газының 2 пайызы әуе көліктерінің қалдығы. 

Араб авиация саммиті-2023: Әлемдегі әуе көліктерінің ауадағы қалдығын нөлге дейін түсіру мүмкін бе? Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Біріккен Араб әмірлігіндегі Рас әл Хәймә қаласында өткен Авиация саммитінде айтылды, деп хабарлайды inbusiness.kz 

Пандемия кезінде бәсеңдеген әуе жолдарының жұмысы қайта жанданып, биыл 2019 жылғы деңгейіне жетеді. Сәйкесінше, ауадағы авиация қалдығының көлемі де көбейеді. 10-шы Авиация саммитіне жиналған сала көшбасшылары әуе көліктерінің қалдығын азайту жолдарын қарастырды. Ең алғашқы шешім - экологиялық жанармайды қолдану. Шын мәнінде экологиялық ұшақ отыны қазіргі JetA1-ден 2,5 есе қымбат. Осы ретте, таза жанармайға көшу жолаушылардың қалтасына салмақ түсірмей ме деген орынды сұрақ туындайды. 

"Жолаушылардың қалтасына салмақ түсірмеу үшін ұзақ мерзімге бағаны реттеу керек. Біз экологиялық отын өндірісі дамиды деп сенеміз. Әр елдің үкіметі жеткізушілер мен пайдаланушыларды отынмен қамтамасыз ету үшін ынталандыратын жобалар ұсынуы тиіс. Меніңше, сол кезде баға тепе-теңдігі орнайды. Біз мұны алдағы 5-7 жылда көргіміз келеді", дейді  Араб әуе тасымалдаушылар ұйымының бас хатшысы Абдул Уахаб Теффаха.

Сарапшының сөзінше, тек отынды өзгерту жеткіліксіз. Оған қоса, ұшақтардың қозғалтқыштарын да жетілдіру маңызды. Яғни, ауаға аз қалдық бөлетін қозғалтқыш жасайтын революциялық технологияның дамуына мүмкіндік жасау керек. Ал мұны үкіметтердің қатысуынсыз жүзеге асыру мүмкін емес. 

"Мұндай жобаларға Үкіметтер жетекшілік етуі керек. Біз ереже бекіттік, нарық өзі шешеді деген ұстаным жарамайды. Нарық бұл мәселені инвестиция деңгейінде шеше алмайды. Сондықтан климат өзгеруінің алдын алу мәселесіне әр елдің үкіметі өз қаржысын құюы керек", дейді Араб әуе тасымалдаушылар ұйымының бас хатшысы Абдул Уахаб Теффаха.

Жалпы, авиция саммиті Рас әл Хәймәда үшінші рет өтіп отыр және бұл бекер емес. Рас әл Хәймә – Қиыр Шығыстағы туристерге тартымды орындардың бірегейі. Әрі қоршаған ортаны сақтап, тұрақты дамуды негізге алып, туризмді дамытып отырған ерекше аймақ.  

"Саммит негізінен тұрақтылық төңірегінде болды. Сарапшылар экологиялық әуе отынын енгізуді ұсынды. Соның нәтижесінде ұшақтардың қалдығын  нөлге жеткізу көзделуде. Сондықтан, бұл өте маңызды мәселе деп ойлаймыз. Мұның бәрі біз үшін қозғаушы күш. Екінші жағынан туризм мәселесі. Авиация индустриясы дамымайынша, туризм дами алмайды және серіктес ретінде бірлесіп жұмыс істеу өте маңызды", дейді Рас әл Хәймә Туризм басқармасының атқарушы директоры Раки Филлипс.

Саммитте арабтан шыққан алғашқы ұшқыш әйел, Дубай полиция бас дирекциясының бірінші лейтенант-ұшқышы, мәртебелі Шейх Моза бинт Марван әл Мактум есте қаларлық ерекше баяндама жасады.

Ол авиация саласының өкілдері инклюзивті болуға  шақырды. Әлемдік авиация өнеркәсібінде өз ізін қалдырған әйелдерді үлгі ете отырып, саладағы гендерлік теңдік мәселесіне баса назар аударды. Авиация көшбасшыларын қыз-келіншектердің кәсіби тұрғыда өсуіне мүмкіндік жасауға, білімі мен біліктілігін арттыруға ықпал етуге үндеді. Әмірліктің авиаторы  "Шехана - авиациядағы әйелдер қауымдастығы" бастамасы салаға көбірек әйелдерді тартуға бағытталғанын айтты. 

Авиация саммитіне жиналған сала көшбасшылары секторды ұшақ қалдығын азайту міндеттемесін алып, декарбонизация стратегиясын жүзеге асыруға шақырды. Arab Aviation Summit төрағасы және Air Arabia бас атқарушы директоры Әдел әл Әли бүкіл авиация индусттриясында тұрақты даму тәжірибелер мен технологияларды енгізудің қажеттілігін атап өтті. Халықаралық мамандардың болжауынша, декарбонизация саласындағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2050 жылға қарай ауадағы әуе көлігінің қалдығын нөлге дейін түсіруге болады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу