Аралдың балығы Еуропа халқына да бұйырып тұр

Былтыр көрші елдер мен Нидерланды, Германия, Испанияға 4 мың тоннадан астам балық өнімдері экспортталған. 

Аралдың балығы Еуропа халқына да бұйырып тұр

Арал өңірінде балық өңдейтін еврокоды бар 8 балық зауыты бар. Олардың жылдық қуаттылығы 20 мың тоннадан асады. Осы зауыттардың жұмысы нәтижесінде теңізді өлкенің балығының дәмін тату тек Қытай мен ТМД елдерінің ғана емес, Еуропа халқына да бұйырып тұр.

Зауыттар экспортқа 13 балық түрін шығарады. Былтыр көрші елдер мен Нидерланды, Германия, Испанияға 4 мың тоннадан астам балық өнімдерін экспортқа шығарған.

Облыста балықпен айналысатын негізінен солтүстіктегі Арал және Қазалы аудандары. Мәселен, Қазалы ауданының "Қызылорда балық" ӘКК" ЖШС көксеркенің етінен фарш өндіреді. Сондай-ақ, сүбесін Еуропаға сатады. Зауыт тәулігіне 5 тонна балық тазартып, 2,5 тонна балықты өңдейді. Мұнда 45 адам еңбек етеді. Серіктестік Ресей мемлекетінен де өндіріс орнын ашқан. Бес жыл бұрын Ульянов облысында Арал балығын қайта өңдеу кәсіпорны ашылды. Оның қуаттылығы жылына 1500 тонна. Кәсіпорын әзірге айына 20 тоннадан астам балықты ғана өңдеп жергілікті тұтынушыларға ұсынуда.

Соңғы жылдары Қызылорда балығына сұраныс артып келеді. Сондықтан көптеген шаруашылықтар тауарлы балық өсірумен де айналысып жатыр. Солардың бірі Шиелі ауданындағы "Сүйіндік" шаруа қожалығы ақ амур, сазан, дөңмаңдай және тұқы шабақтарын өсіруде. Қожалықтың қарамағанда балық өсіретін үш көлі және тоғандары бар.

Қожалық төрағасы Сүйіндік Аманжолов "Бизнестің жол картасы - 2020" бағдарламасымен несие алып, 12 млн теңгеге инкубациялық балық өсіру цехын іске қосқан. Жетпісті алқымдаған кәсіп иесі БҰҰ-ның "Даму" бағдарламасы, Халықаралық Аралды құтқару қоры, Қазақстан ғылыми зерттеу институтымен бірлесіп жұмыс жасауда. Балық питомнигіне "Амур" деп аталатын аппарат алып онда  тұқы, толстолоб, ақ амур секілді балық түрлерін өсіріп, қоректену қабілетіне орай суға жібереді.

Негізінен инкубациялық цехтар жылына бір-ақ рет шабақ шығарады екен. Ал, "Сүйіндікте" су жылыту қондырғысы арқылы бір айдың ішінде екі мәрте балық өсіруге мүмкіндік бар. Күннен қуат алатын аппаратта су 100 градусқа дейін ысып тұрады. Бұл өз кезегінде уылдырықтың шабаққа айналуын жылдам жүргізеді.

"Шаруашылық құс өсіру арқылы егін және балық шаруашылығын дамытуды қолға алды. Мәселен, құстың саңғырығы табиғи тыңайтқыш. Ол арқылы біз күрішті бітік өсіреміз. Ал, күріштік атызында өскен балық семіз әрі дәмді болады. Аудан тұрғындарының су маржанына деген сұранысы жоғары", – дейді Сүйіндік Аманжолов.

Отбасылық бизнесті дамытуда қожалық 200 га көлдің басын біріктіріп, уылдырықтан жылына миллионнан астам балық өсіріп, қосымша, қаз, үйрек, қырғауыл жұмыртқаларынан балапандар шығаруда.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінде, тауарлы балық өсірумен айналысатындарға субсидия қарастырылған. Жылдан-жылға балық экспортының көлемі де 10% ұлғайып жатыр екен.

Жуырда Аралдың шалғай ауылдарында балық өңдейтін 2 цех және балық шығаратын тағы бір инкубациялық цех ашылды.

Арал теңізінен етегінде Ақбасты деген ауыл бар. Аудан орталығынан 180 шақырым жерде орналасқан шалғайдағы ауыл. Енді осы елдімекенде жергілікті тұрғындар балық консервілерін шығаратын болады. "Балық терең өңдеуден өтіп, одан фарш, ысталған балықтар және консервілер жасалады", - дейді бізбен әңгімесінде Ернар Құлжанов.

"Мемлекеттік грант алып, оған цехқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Әзірге қарамағымда бес адам еңбек етеді. Уақыт өте келе өндірісті кеңейтуді жоспарлап отырмыз", – деді кәсіпкер.

Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Жандос Құлманов та балық қабылдайтын цех ашты. Цехтың тоңазытқышы 100 тоннаға дейін балықты сақтауға қауқарлы. Онда жергілікті 20 тұрғын жұмыс істейді. Мұнда балықтарды тазартып, өлшеп, орап, мұздатқышта қатырғасын республиканың өзге өңірлеріне саудаға шығарады.

Ата кәсіптің мүмкіндігін молайту мақсатында Арал ауданында тағы бір жоба басталды. "Арал теңізі" балықшылар қоғамдық бірлестігінің балық қорын көбейту жобасы, "Ғаламдық экологиялық қордың" қаржылай қолдауымен инкубациялық цех салынды. Ақшатау ауылында орналасқан көлемі 16х30 метр болатын балық шығаратын цехқа Ресейден УЗВ аппараттары алынып қондырылған. Жобаның жалпы құны 21 млн теңгені құрайды. "Арал теңізі" БҚБ төрайымы Айнагүл Баймаханова жобаны жүзеге асыру бағытында 11 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алған.

 

Жоба серіктестері "Жамбыл" өндірістік кооперативі, кәсіпкер Төребек Игіліков, бірлесе атқаратын орындаушы "Қазалы Оазис" қоғамдық бірлестігі болмақ. Инкубациялық цехтан алынған дернәсілдер теңіздің Арал және Қазалы аумағындағы айдындарға жіберілетін болады. Алғашқы бастама аясында 12-15 млн дана дернәсілдер өсіп шығады деп күтілуде.

Бұдан бөлек, "Арал теңізі" бірлестігінің ұсынған 5 жобасы да қолдауға ие болған. Оның 3-еуі балық шаруашылығына қатысты. Өткен жылы шабақтап балық өсіру жобасы негізінде Қаратерең ауылдық округінде Батырхан Прекеев де кәсібін кеңейткен болатын. Одан бөлек ауданда 200 қыз-келіншек балық өңдеу мамандығы бойынша кәсіби білім алуда.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Нұрбек Дәуренбеков

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу