Армения Еуразиялық одақтан шығып, Еуропалық одаққа кірмек

4956

Қазақстанның төрағалығы жылында ҰҚШҰ аймағы азайып қалғалы тұр.

Армения Еуразиялық одақтан шығып, Еуропалық одаққа кірмек Фото: kremlin.ru

Армения Еуропалық Одақ мүшелігіне кандидат болуға дайын. Бұл туралы осы республиканың Парламенті – Ұлттық жиынының төрағасы Ален Симонян мәлімдеді.

Осылайша, бұл елдің билігінің заң шығарушы және атқарушы тармақтары аталған мәселеде бірауызды болып отыр.

Мұның маңыздылығы сол, егер Армения ұжымдық Еуропаға кіруге шақыру алса, онда тиісті халықаралық құжаттарды дәл осы Парламент мақұлдап, ратификациялауға тиіс. Онсыз ел бұл мұратында бір қадам ілгерілей алмайды.

Оның үстіне Армения мұның не үшін керектігін, яғни стратегиялық маңызын жақсы түсінеді.

Парламент спикерінің айтуынша, "ұлттық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету үшін" Ереван осы бағытта ілгерілеуді мұрат етеді. Оның сөзін "Арменпресс" агенттігі келтірді.

"Біз дайынбыз! Біз елдің қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету үшін осы бағытта жылжитын боламыз. Армения демократиялық мемлекет болуға және демократиялық мемлекеттермен бірге болуға тиіс. Сонда біз ең басты қауіпсіздік жүйесінде боламыз", – деді Симонян.

Армения Мәскеу жетегіндегі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Ал Еуроодаққа мүше болуға шақыру алу үшін ЕАЭО-дан шығуы шарт. Осыған қатысты сұраққа жауап берген Парламент төрағасы Ереван сыртқы саяси бағдарын асығыс, шалт өзгертпейтінін нақтылады.

"Еуроодаққа мүше көптеген елге қарағанда демократия көрсеткіштерінің бізде анағұрлым жоғары екенін біз іс-қимылымызбен көрсетіп отырмыз. Бұл – өзімізді өзіміз мақтау емес, мұны ЕО бойынша серіктестеріміз айтып жүр. Сондықтан осы бағытта алға қозғала бергеніміз жөн. Бірақ мен асықтырғым келмейді. Мемлекеттік деңгейде тосын бетбұрыстар жасаған жақсылыққа соқтыра бермейді", – деді Ален Симонян.

Бір ғажабы, бұл – екі жақты түсіністік пен ұмтылысқа құрылған қадам көрінеді. Осының алдында Еуроодақтың сыртқы саясатының басшысы, ЕО сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель Еуропалық Одақ пен Армения "екі жақты ынтымақтастықты ғаламат, амбициозды түрде кеңейту бағытындағы жұмысты бастауға шешім қабылдағанын" жариялады. Ол осы посткеңестік республиканың еуропалық отбасыға қосылуы мүмкін екенін меңзеді.

Боррельдің айтуынша, бұл қадамдар таяу уақытта басталады және ол Армениямен арада қауіпсіздік пен қорғаныс саласындағы ықпалдастықты бұрын-соңды болмаған деңгейде тереңдетуге әкеледі. Сонымен қатар Еуропа Таулы Қарабақтан қоныс аударған жүз мыңдай армянға қолдау көрсетуді жоспарлады.

Осы орайда Ереван Мәскеуге қарсы батылырақ қимылдауға кірісті. 2024 жылғы 22 ақпанда Арменияның Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына мүшелігін "уақытша" тоқтатқаны жария болды. Премьер-Министр Никол Пашинянның түсіндіруінше, ҰҚШҰ Арменияға қатысты өз міндеттемесін орындамады.

"Менің пікірімше, Арменияға қатысты ұжымдық қауіпсіздік шарттары орындалмады. Әсіресе, 2021-2022 жылдары көмекке келмеді. Көзге ұрып тұрса, мұны біз қалай көрмейміз? Сол себепті ҰҚШҰ-ға қатысуымызды бұғаттап қойдық", – деді Никол Пашинян France24 француз телеарнасына сұхбатында.

1999 жылы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын құру жобасынан (ұйым тек 2002 жылы құрылды) Әзербайжан, Грузия және Өзбекстан шығып кеткен болатын. Егер Армения мүшелігін бұғаттаумен шектелмей, оны түпкілікті доғарса, онда бұл ұйымның ыдырауының бастауына айналуы ғажап емес. Себебі, ҰҚШҰ-дан шығудың прецеденті қалыптасады.

Қазірдің өзінде де-юре болмағанымен, де-факто Армениясыз қалған ҰҚШҰ әскери блогы 2024 жылы амалсыз, бар назарын жалғыз Орталық Азияға аударуда. Оның Еуропа іргесіндегі мүшесі Беларусь Украина майданына жақын орналасқандықтан, бұл елде ҰҚШҰ әскери жаттығуларын өткізе алмайды. Өткізсе, халықаралық қоғамдастық Украинаға енді осы ұйым басып кіреді деп тануы ықтимал.

Ереван бұған дейін ҰҚШҰ мен Мәскеуді өз міндеттемелерін орындамады деп әлденеше рет ашық айыптады. 2022 жылғы мамырда ұйым мемлекеттері басшылары кеңесінің мерейтойлық отырысында Никол Пашинян ақпарат құралдарының алдында ҰҚШҰ-ны аяусыз сынап, оның 2020 және 2021 жылдардағы көмек туралы сұрауын елеусіз қалдырғанын жеткізді. Сол кезде Ереванның ұстанымынша, әзербайжандық сайыпқыран жауынгерлер армян әскерін тықсыра отырып, тіпті Арменияның территориясына да кіріп кеткен көрінеді.

Кеңесте Ресей басшысы Путин Пашинянды күліп тыңдағанын телеарналар паш етті. Артынша, 2022 жылғы қыркүйекте ҰҚШҰ Арменияның өтініші мен жанайқайын аяқасты етіп, көмектесуден тағы да бас тартты.  

Көңілі қалып, әбден түңілген Армения 2023 жылы әскери ұйымның барлық іс-шараларына, соның ішінде 2 халықаралық әскери жаттығуы мен қарашадағы Минск саммитіне қатысудан бас тартты.

Армения билігі НАТО-ға бақталас ретінде құрылған ҰҚШҰ-мен байланысын үзгенімен, әзірге НАТО-ға мүше болуды қарастырып отырмағанын мәлімдеді.

Дегенмен, Еуропалық одаққа мүше болуы үшін оған өз территориясындағы ресейлік түрлі базалардан арылуға тура келмек. The Moscow Times хабарлауынша, Армения ресейлік шекарашыларды Ереванның әуе қақпасынан қуып шығуды ойластырып жатыр.

"Армения билігі ресейлік шекарашыларды Ереванның халықаралық әуежайынан шығару мүмкіндігін қарастыруда. Ресей шекарашылары бұл объектіде 1992 жылғы келісімшартқа сәйкес орналасқан. "Звартноц" әуежайында Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі қызметкерлерінің болуы алаңдаушылық туғызады, деп мәлімдеді "Азаматтық келісім" билік партиясының парламенттік фракциясының хатшысы Артур Ованнисян", – деп жазады The Moscow Times.

Мұны армян ақпарат құралдары растады.

"Ресейлік күштерді астаналық әуежайдан шығару мәселері бүгінде біздің саяси команданың күн тәртібінде тұр. Қызу пікірталастар жүруде. Ақырғы шешім қабылданғанда, ол туралы бәріміз білетін боламыз", – деген Ованисянның сөзін келтірді News.am.

Журналистер билеуші партияны неге осы мәселе дәл қазір мазалап отырғанын сұрады. Фракция хатшысының айтуынша, соған түрткі болған "көптеген өмір шындығы" тек соңғы бірнеше жылда ғана пісіп-жетілді.

"Сондықтан өмір шынайылығы биліктен белгілі бір шешім қабылдауды, іс-қимылдарды пысықтап, бетбұрыс жасауды талап етуде", – деді ол.

Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген Парламент төрағасы Ален Симонян да ресейлік шекарашылардың әуежайды тастап шығуға тиістігін нықтады. Себебі, Армения "өзін-өзі қорғай алады".

Оның байламынша, "керісінше, ресейлік қызметкерлердің іс-әрекеттері кесірінен Армения барынша осал бола түседі".  

Бұл ұстанымды ел басшылығының ұстанатыны анықталды. Армения лидерінің пікірінше, ҰҚШҰ Ереванның өзіне қауіп төндіріп тұр.

"Қауіпсіздік саласында Армения алдындағы төл міндеттемелерін орындау орнына, ҰҚШҰ-ның өзі қауіпсіздік проблемаларын туғызады. Шынын айталық, бұл Арменияның ұлттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер болып табылады", – деді Никол Пашинян.

Қалай болғанда, бүгінде Армения ҰҚШҰ-дағы барлық тұрақты өкілдіктерін жапты, оның ұйымдағы тұрақты өкілі енді жоқ. Біраз уақыттан бері республика ҰҚШҰ іс-шараларына қатыспайды. Сөйтіп, байланыстарын үзді деуге болады.

Оның орнына Армения Еуропаның қолдауына сүйенбек. Мысалы, Франция армян армиясын натолық стандарттағы озық қарумен жарақтандыруға дайындығын білдірді. Қазіргі кезде Армения мен Әзербайжан арасында шиеленістің қайта тұтанбауын қадағалап, шекарада еуропалық байқаушылар жүр.

Армения Премьер-министрі ұйым қызметіндегі ақаулар, проблемалар шешімін таппаса, өз елінің ҰҚШҰ-дан де-юре, заң жүзінде толығымен шығатынын ескертті. Сөз болып отырған проблемалар шешілмейтінге ұқсайды, өйткені Ресей ҰҚШҰ-ға реформа жүргізгісі келмейді.

2024 жылы ҰҚШҰ-ның төрағалық тізгіні Қазақстанға өтті. Алайда биылғы жылдың бірінші тоқсаны аяқталуға таяды, салмақты өзгерістер байқалмайды.

BBC Украинаға қарсы кең ауқымды соғысының қарсаңында Мәскеудің "қауіпсіздік кепілдері туралы талап" қойғанын еске салды. Алдымен, 2021 жылдың соңында Ресей СІМ-і қауіпсіздік гарантиялары туралы Ресейдің АҚШ-пен және НАТО-мен арасындағы келісімінің төл жобасын жариялады. 2022 жылдың қаңтарында Мәскеу сол жөнінде Батыс елдерімен келіссөздер сериясын өткізді.

Оның барысында Кремль НАТО-дан 1997 жылғы шекараларына оралуды талап етті. 1997 жылдан кейін Солтүстікатлантикалық Альянс құрамына Орталық және Шығыс Еуропа елдері кірген болатын. Батыс кері шегінуден бас тартты. Ал бүгінде Финляндия мен Швецияның құрамына кіруі арқасында НАТО-ның Ресеймен шекарасы екі есеге ұлғайып шыға келді.

Қазақстандық Energyprom мониторинг агенттігінің сарапшылары әлемде НАТО-мен үзеңгі қағыстырып, тең дәрежеде текетірескісі келген ҰҚШҰ-ның енді Орталық Азиямен шектелуге мәжбүр екеніне назар аудартады.

"ҰҚШҰ төрағасы ретінде біздің еліміз биылғы бір жыл бойы Қазақстан мен орталықазиялық өңір үшін барынша өткір тұрған мәселелерге күш-жігер шоғырландыруға ниетті. Әңгіме есірткі тасымалының халықаралық арналарымен, адам саудасымен, терроризммен, радикализммен күрес туралы болып отыр. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ кеңесінің сессиясында 2024 жылы осы ұйымның жұмысында ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің антитеррорлық бағытына екпін түсірілетінін баса айтты", – деді агенттік сарапшылары.

Демек, соғыс немесе Ресейге әскери көмек мәселесі күн тәртібіне шығармауға тиіс.

Шынында, ҰҚШҰ мүшесі ретінде Қазақстан үшін лаңкестермен күрес әлдеқайда көкейкесті. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің есебі бойынша, былтыр ҰҚК бөлімшелері елімізде 2 террорлық әрекеттің және шетелдің арнаулы қызметтерімен бірге өзге мемлекеттердің аумағында 3 лаңкестік актінің алдын алды. Лаңкестік және экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 43 адам сотталды. Жыл бойы комитеттің үйлестіруімен терроризмге қарсы 208 командалық-штабтық және 196 жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті.

Биыл бұл жұмыстар жаңа қарқынмен жалғасатын болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу