Арзан бензин дәуірі ұзартылмақ

1547

Энергетика министрлігі елде отын тапшылығы туындамауы үшін мемлекеттік реттеумен бағасы шектелген жанар-жағармайды көп көлемде тек қазақстандық көліктерге ғана сатуды бекітеді, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Арзан бензин дәуірі ұзартылмақ Фото: inbusiness.kz

Үкімет келесі жылы бензин тапшылығын болғызбауға дайындыққа қазірден кірісті.

Бір қызығы, 2023 жылы Қазақстанда бензин мен дизелдің тапшылығы туындайтынын Энергетика министрлігі осыдан бес жыл бұрын болжапты. Мұны 2018 жылғы 13 ақпанда, сол кездегі еліміздің бас энергетигі Қанат Бозымбаев жария еткен еді. Оның айтуынша, арнайы жалданған отандық және шетелдік сарапшылар тобы осындай қорытындыға келді. Ғалымдар мен мамандар оған жол бермеудің жолын да нақты көрсетіпті: республикада төртінші мұнай өңдеу зауыты салынуға тиіс. Содан бері бақандай бес жыл өтті. Төртінші МӨЗ салынған жоқ, демек эксперттердің қаупі шындыққа айналуы ықтимал.

Салыстырсақ, санкция астындағы Ресей соңғы 11 жылда 42 ірі мұнай және газ өңдеу зауыттарын салған. Олар жыл сайын кем дегенде 300 миллион тоннадан астам қара алтын мен көгілдір отынды өңдейді. Әрине, олар Кремльге жақын топтарды байытуда, бірақ бұл басқа әңгіме.

Не десек те, Қазақстан 5 жылда жалғыз МӨЗ-ді сала алмады. Ал Энергетика министріне мамандар сонау 2018 жылы бұл тұйықтан мемлекетті тіпті қолданыстағы үш МӨЗ-ді толық модернизациялау да құтқара алмайтынын ескерткен.

"Үкіметтің тапсырмасымен 4-ші МӨЗ-дің құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды. Оған Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерінің мамандары, халықаралық деңгейдегі сарапшылар тартылды. Біз балансқа болжам жасадық, істеп тұрған МӨЗ-деріміздің жаңғыртылғаннан кейінгі қуаттарын бағамдадық. Осының арқасында белгілі бір уақытқа дейін ішкі нарықтың сұранысы 100 пайыз өтелетіні анықталды. Алайда жұмыс тобы ары қарай, яғни 2023 жылы Қазақстанда бензин мен дизель отыны бойынша қайтадан тапшылық басталады деген тоқтамға келді", – деген еді Қанат Бозымбаев.

Үкімет жалдаған сарапшылардың түсіндіруінше, 2023 жылғы ықтимал отын жетіспеушілігіне жыл сайын өскен сұраныс ықпал етеді. Сұраныс жыл сайын кем дегенде 5–6 пайызға өсіп отырады. Сондықтан үш жаңғыртылған МӨЗ-дің қуаты келесі жылы аздық ететін дәрежеге жетеді. Дәл осы кезде төртінші МӨЗ іске қосылып, пайда болған тапшылықты қаулатпай, әп-сәтте "сөндіре" қоюы тиіс еді. Олай болмады.

Айтқандай, сол сарапшылар 2026 жылы республикада авиакеросиннің де ғаламат тапшылығы басталатынын жорамалдапты.

Сондықтан жаңа МӨЗ оның да өндірісін арттырып, авиаотын дефицитінің алдын алуы қажет болды. Осы мақсатта заманауи мұнай өңдеу зауытының техникалық-экономикалық негіздемесін жасау, 2019 жылы оның қайда орналасатыны, қандай компания салатыны, шикізатты кімдердің беретіні, қаржыландыру көздері және басқа мәселелер бойынша Үкіметке түпкілікті шешім қабылдау жүктелді. Сонымен бір мезгілде билік инвесторлармен, серіктестермен жобаның жай-жапсарын тыңғылықты пысықтап, 2019 жылдың ішінде алып құрылысқа кірісіп кетеді деп жарияланды. Кезінде Нұрсұлтан Назарбаев "бұл мәселені жеделдетілген тәртіппен шешуді" жүктеді. Одан кейін елде билік ауысты, саяси транзит болды. Содан соң 2020 жылы пандемия жайлады. Артынша қаңтар оқиғалары болды...

Тере берсе, үкіметтегілерге сылтау көп.

Салдарынан, алдағы ықтимал ЖЖМ тапшылығымен жаңа Үкімет ескі тәсілдермен күресуге әзірленуде. Жыл аяқталуға таяғанда, Энергетика министрлігі "ҚР аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы" бірлескен бұйрықтың жобасын әзірледі.

Құжатта елден ЖЖМ-ды тіпті үлкен бензобактармен әкетуге де тыйым салу ұсынылған.

"Бензиндерді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін (ЕАЭО СЭҚ ТН коды 2709 00, 2710, 2902, 3403, 3811, 3826 00) Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салу енгізілсін", – делінген бірлескен бұйрық жобасында.

Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне, яғни кеденшілерге Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметімен тізе қоса отырып, әрқайсысының өз құзыреті шегінде осы бірлескен бұйрық талабының орындалуын қамтамасыз ету шараларын қабылдау тапсырылады. Оларға Ішкі істер министрлігі аталған өнімдерді үлкен бензин бактарына құйып әкету жағдайларына жол бермеу бойынша көмек көрсетеді. Бұл "ары қарай көтерме жеткізушілер мен түпкі тұтынушыларға қайта сату мақсатында мұнай өнімдерін шекара арқылы шектес елдерге бақылаусыз әкетуге" тосқауыл қою үшін жасалған.

Бұған қоса, іс басындағы бас энергетик Болат Ақшолақовтың командасы "Бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағаларды белгілеу туралы" Энергетика министрінің 2015 жылғы 19 мамырдағы №361 бұйрығына өзгерістер енгізетін жаңа бұйрық жобасын дайындап шықты.

Министрліктің түсіндірме жазбасында көрсетілгендей, бұл құжат ішкі нарықта теңгерімділікті сақтау, яғни тапшылықты болғызбау, сондай-ақ отынның шекара маңындағы елдерге ағып кету тәуекелдерін барынша азайту үшін біріншіден, тәуліктік лимит белгілейді. Екіншіден, Қазақстан бойынша бірыңғай бағаны айқындайды. Үшіншіден, Қазақстан азаматтары болып табылмайтын адамдар, шетелдіктер сатып алатын бензин мен дизель бағасын арттырады. Яғни, жанар-жағармай құю станциясында көгілдір паспортын көрсете алмағандарға бензин мен дизель отыны бөлек, қымбат бағамен құйылатын және көп көлемде сатылмайтын заман қайта оралатын түрі бар.

Сонымен, жаңа бұйрық қабылданса, жаңа жылдан бастап, бағаларына мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдеріне бөлшек саудада, автожанармай құю станциялары арқылы өткізудің келесідей шекті бағалары бекітіледі:

  • Аи-80 маркалы бензин – 1 литрі үшін 89 теңге;
  • Аи-92 және Аи-93 маркалы бензин:
  • Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында – 1 литрі үшін 187 теңге;
  • Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды,  Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, сондай-ақ Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында – 1 литрі үшін 182 теңге;

Дизель отыны:

  • Жазғы, маусымаралық кезеңдерде – 1 литрі үшін 450 теңге;
  • Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, сондай-ақ Абай облыстарында Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулікте 100 литрге дейінгі көлемде алуға рұқсат: 1 литрі үшін баға – 260 теңге;
  • Жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстанда берілген көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулікте 300 литрге дейінгі көлемде алуына рұқсат: 1 литрі үшін – 260 теңге;
  • Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстарында Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 1 тәулікте 100 литрге дейінгі көлемде сатып алуына рұқсат: 1 литрі үшін – 230 теңге;
  • Жүк, арнайы, мамандандырылған автомобильдер мен автобустарға Қазақстанда берілген көлік құралын тіркеу туралы куәлікті көрсеткен кезде 1 тәулікте 300 литрге дейінгі көлемде сатып алуына рұқсат: 1 литр үшін 230 теңге.

Айта кететін жайт, қаңтар оқиғаларынан кейін енгізілген ұқсас бұйрықтың күші 2023 жылғы 9 қаңтарда аяқталады.

"Содан кейін бензин мен дизель отынына шекті бөлшек бағаларды мемлекеттік реттеу тоқтатылса, онда жанар-жағармай бағасы күрт өсіп, ол халық наразылығын және қоғамдық резонанс тудыруы мүмкін. Осыған байланысты жаңа бұйрық жобасын 2023 жылғы 10 қаңтардан бастап енгізіп, "мерзімсіз қолданысқа" дейін ұзарту ұсынылады", – деп хабарлады Энергетика министрлігі.

Яғни, қарапайым тілге аударғанда, жаңа бұйрықтың мерзімі шектелмейді. Қанша жылға созам десе де Үкіметтің өз еркі болады.

Бұл жерде әр өңірде әртүрлі баға белгіленген. Бірақ ол мұнай өнімдерінің жеткізілімі мен логистикасына қатысты емес екен.

"Шекаралас елдерге қарағанда, Қазақстанда мұнай өнімдерінің бағасы көтерме саудада да, бөлшек сауда сегментінде де едәуір арзан. Қазақстан мен іргелес елдердегі мұнай өнімдерінің бағасындағы елеулі айырмашылық салдарынан, отандық мұнай өнімдерінің сол елдерге ағып кету қаупі туындайды. Бұл Қазақстанның ішкі нарығында жанар-жағармай тапшылығын туындатуы мүмкін", – деп мәлім етті министрлік.

Сондықтан Ресеймен шектесетін, онымен аралас-құраластығы жоғары Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарында бензин мен дизель бағасы шамалы жоғары белгіленіп отыр. ЖЖМ станциялары Қазақстанның паспортын көрсете алмаған жүргіушілерге бензин мен дизельді қалаған бағасына сата алуы мүмкін. Бұл тұрғыда шектеу-лимит жоқ.

Негізі, Үкімет мұндай косметикалық шаралармен отын тапшылығын жоя алмасы сөзсіз. Төртінші МӨЗ салмай, іс оңтайтынға ұқсайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу