Павлодар облысындағы барлық деңгейдегі мәслихаттардың 135 депутатының сенімін иеленген Асайын Байханов аймақтың басшысы қызметіне тағайындалды. Президент тиісті Жарлыққа қол қойды. Еліміздің индустриялық орталығының басшысы қандай адам? inbusiness.kz тілшісі жаңа әкімнің ел есіндегі істерін електен өткізіп көрді.
"Жұлдызды" сәт
Баянауылдың тумасы Асайын Қуандықұлы еңбек жолын 2000 жылы банк секторында бастап, 2009 жылға дейін осы салада еңбек етті. 2009-2015 жылдар аралығында ауыл шаруашылығы саласында жеке кәсіппен айналысты. Кейін квазимемлекеттік секторға оралып, "ҚазАгро" Ұлттық басқарма холдингі" АҚ тобындағы "ҚазАгроӨнім" АҚ басшылық қызмет атқарды. Осыдан екі жыл бұрын бұрынғы экс-әкім Әбілқайыр Сқақовтың агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, жер мен су ресурстарын пайдалану бойынша орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте бір жылдан сәл астам уақыт қана еңбек етіп, өткен жылдың шілде айында облыс орталығының басшылығына келді. Ал араға тағы бір жарым жылға жуық уақыт салып аймақтың әкімі атанды.
Шыны керек, Асайын Байханов Павлодар облысына келгенге дейін ол туралы көпшілік біле қойған жоқ. Былайша айтқанда, қоғам алдында жүрген танымал азамат болған емес. Павлодарға наурыз айында келген кезде де бірден ашылған жоқ. Оның "жұлдызды" сәті шыбын-шіркеймен күрес кезіне тұспа-тұс келді. Осы мәселеге жауапты орынбасары ретінде дезинсекциялық шаралар жүргізіліп, өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақтарды аралады. Ғалымдармен бірге тиімді жолдарды қарастырды. Ұтқан тұсы – соның барлығы өзінің әлеуметтік желідегі ресми парақшасы арқылы көрсете білді. Тікелей эфирлерге шығып, масаның белгілі бір аумақта көп не аз екенін нақты көрсетіп, онлайн байланыс кезінде көпшіліктің өзекті мәселеге қатысты сұрақтарына бірден жауап беріп отырды. "Павлодардың ашуланған масалары" деп масаға таланған суретін де жариялады. Сол арқылы ұтты. Көп ұзамай халықтың сүйіктісіне айналды. Сондықтан масамен күрес бітер-бітпесте облыс орталығының әкімі болып тағайындалуы көптің көңіліне жақты. Әлеуметтік желі арқылы жинаған аудиториясы оны қолдап, қолпаштады. Осылайша, облыс әкімінің көпшіліктің көзіне түсер жарқын кезі басталды.
Тікелей байланыс
Қала әкімі болып тағайындалған соң тұрғындармен өзара қарым-қатынасы үзілген жоқ. Керісінше, бұдан да жиі тікелей эфирге шығып, көпшіліктен әлеуметтік желіге түскен сауалдарға жауап беруге көшті және сол жұмысты кабинетте отырып емес, қаланы аралап жүріп жасады. Жұртқа керегі де – сол. Әкімнің ісін көзбен көріп, қолмен ұстау, нақты нәтижесіне куә болу. Мәселен, Асайын Байханов жол жөнделіп жатқан учаскелерге, қалпына келтіріліп жатқан әлеуметтік нысандарға барып, сол жердегі жағдайдың жап-жапсарын жылдам таратып отырды. Коммуналдық мәселеге басты назар аударды. Негізгі мамандығы банк саласы болғанымен, инфрақұрылымдық желілердің қыр-сырына қанықты. Соның бір айғағы – осы жылдың басында жазғы уақытта қаладағы тұрғын үйлерді ыстық судан ажырату мерзімін едәуір қысқартуды мақсат етіп қойғанын айтқан еді. Ол үшін бригадалардың санын көбейтіп, гидравликалық сынақтарды ерте бастады. Нәтижесінде жұрттың әдеттегідей ыстық сусыз отыру мерзімі 4 есеге дейін қысқарды.
Әлеуметтік желілерде белсенділігімен танылған шаһар басшысы жекеге түскен шағымдар, болмаса танымал пабликтерде жарияланған мәселелер бойынша сол парақшаларда қоластындағы мекемелердің ресми аккаунттарын белгілеп, бірден тапсырма беріп отырды. Шенеуніктердің атқарған жұмысының нәтижесін де көрсете білді. "Дейін" және "кейін" деген суреттер мен видеолардың "дәурені" келді. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы, соның көмегімен жұмысын көрсете білуінің нәтижесінде көптің сеніміне ие бола бастады.
Әкім кез келген шағымды ескеретініне машықтанған жұрт Астана, Алматы қалаларындағы проблемаларға да Асайын Байхановты тегтейтінді шығарды. Ал осыдан біраз уақыт бұрын павлодарлық студенттердің бірі әкімнің жекесіне хат жазып, шәкіртақы түскенге дейін 10 мың теңге сұрады. Шаһардың басшысы жастың бетін қайтармаған сыңайлы. Бірақ көмек сұраудың орнына ерінбей еңбек ету керек деп кеңесін де айтты. Тіпті, биылғы шомылу маусымы басталған кезде Ертіс өзенінде бір сүңгіп, судан тікелей эфирге шыққан еді.
Айтпақшы, қазір Асайын Байхановтың Instagram желісінде 28,3 мың оқырманы бар. Ол өзін жұртпен байланыстырған осы желі арқылы бүгін алғысын білдіріп үлгерді.
"Құрметті жерлестер! Бүгіннен бастап мен Павлодар облысының әкімі ретінде қызметке кірістім. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, өңіріміздің барлық мәслихаттарының депутаттарына білдірген сенімдері үшін алғысымды айтамын және оны ақтауға уәде беремін.
Жаңа лауазымда мен Павлодар-Ертіс өңірінің мүддесі үшін одан әрі қызмет атқаруға, өлкеміздің әл-ауқатын дамытуға және оның тұрғындарына барынша қамқорлық жасауға тырысамын. Сіздермен қарым-қатынасымызды сақтай отырып, халықпен әрқашан тұрақты байланыста боламын", - деді облыстың жаңа әкімі.
Қандай істер атқарылды?
Қаланың әкімі әлеуметтік желілерден бөлек іспен де айналысты. Мәселен, біраздан бері біржақты шешім шығарылмай келе жатқан қоғамдық көлік жүйесіне өзгерістер енгізді. Көлік картасын пайдалану қажет екенін жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға да, жолаушылардың өздеріне де түсіндіріп бақты. Жеңілдікпен жүретін топтар үшін мемлекеттен берілетін субсидия көлемін көбейтті.
"Электронды билет жүйесі 100% жұмыс істеу керек. Жүргізуші немесе кондуктор қолма-қол ақшамен жұмыс істемеуі тиіс. Қазір ақша – көптеген вирусты тарататын жолдардың бірі. Екіншіден, қолма-қол ақшамен жолақысын төлегенде одан салық ұсталмайды, ол қаржы автобусты күтіп-ұстауға жұмсалмайды. Ақшаны кондуктордың немесе басқа адамның қалтасына кетеді. Үшіншіден, жүргізуші рөл үстінде ештеңеге алаңдамауы тиіс", - деп бірнеше мәрте жазды.
Сөйтті де элекронды билет жүйесін толықтай енгізді. 1 желтоқсаннан бастап сараланған тариф та қосылды. Қазір көлік картасымен жолақысы 80 теңгені, қолма-қол ақшамен 130 теңгені құрайды.
Бірақ мұны құптай қоймаған тұрғындар бар. Әсіресе, шағын автобус жүргізушілері наразылық білдіруде. Соған қарамастан, автобус, шағын автобус пен трамвайдың барлығында электронды жүйе іске қосылды.
Қала әкімінің бастамасымен қолға алынған істердің тағы бірі – Орталық жағалаудың абаттандырылуы. Биыл мұнда алғаш рет пристер қойылды. Оның бірі арбада отыратын жандарға арналған. Сондай-ақ, әткеншек, күннен қорғанатын шатырлар, ауызсу ағып тұратын субұрқақ, киім ауыстыру мен шайыну кабиналары ашылды. Қазір фуд-аумақ салынып жатыр. Бұл бағыттағы істер де қалалықтардың тарапынан қолдау тапты.
Асайын Байхановтың тұсында қалада қолға алынған осы және басқа да жұмыстар бар. Түйткілдер де аз емес. Солардың бастысы – тығыз аумақтарда жекеменшік тұрғын үйлердің бейберекет салынуы. Бұл жайт қоғам тарапынан зор наразылық тудырып отыр. Сол үшін шаһар басшысы болып тұрған кезде облыс билігінің сын садағының астында қалған да еді. Енді өңірдің тізгінін қолына ұстаған тұста бұл мәселенің оң шешімін табады деген сенім бар.
Павлодар облысына тағайындалған жаңа әкімнің көпшілік білетін қыры осындай. Елдегі шенеуніктердің ішінде әлеуметтік желідегі белсенділік бойынша көшті бастайтын әкім алдағы уақытта да тұрғындармен байланыста болуға уәде берді. Бұл қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетер. Енді ол аудан-қалалардағы мәселелерді де басты назарда ұстауы тиіс. Ал онда күрмеулі мәселе баршылық. Бірінші кезекте Екібастұздағы жылу желілерінде болған апаттың салдарын жою міндеті тұр. Облыс әкімі ретіндегі алғашқы ісін де содан бастап, кеншілер шаһараны бағыт алды.