"Ашаршылықты саясиландырмайық". Тарихшылар Сенат Төрағасына жауап берді

8326

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық тек қазақ халқының басына түскен нәубет емес екенін, оны саясиландырмау керегін мәлімдеген еді. Бұл мәселеге қатысты тарихшылар пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Ашаршылықты саясиландырмайық". Тарихшылар Сенат Төрағасына жауап берді

Алдымен ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметінен Мәулен Әшімбаевтың мәлімдемесіне қатысты түсінік беруді сұрадық.

"Ашаршылық мәселесіне қатысты кеше Сенат төрағасы өз пікірін білдірді. Оның пікіріне алып қосарым жоқ. Бұл – біздің ресми ұстанымымыз. Мәулен Әшімбаевтың мәлімдемесін Сенаттың сайтынан оқи аласыздар", – деп Сенаттың баспасөз хатшысы Данияр Рамазанов жауабын қысқа қайырды.

"Ашаршылық – саяси тақырып"

Профессор, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелдиев Мәулен Әшімбаевтің пікірімен келіспейтінін ашық айтты.

"Ашаршылық – саяси тақырып. Енді мәселенің негізгі себебіне тоқталайын. Бұл кезде Қазақстан кеңестік империяның құрамында болды. Кеңес одағы республикаларды бір орталықтан Мәскеуден басқарды. Біріншіден, Кеңес билігі қазақ халқының ұлт ретінде және Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуының өз ерекшелігі бар екенін мойындаған жоқ. Екіншіден, қазақ даласында болған ашаршылықтың (1931-33 жылға қатысты – автор) түпкі себебіне тоқталайын. Кеңес билігі малды тәркілеу, күштеп отырықшыландыру, ұжымдастыру саясатын жүргізді", – деді ғалым.

Оның айтуынша, 1929-30 жылдары республикада 40 миллион бас мал болса, 1933 жылы 4 миллион бас мал қалған. Аштықтан шамамен 2,5 миллион адам қырылған.

"Ашаршылық – Кеңес үкіметі жүргізген саясаттың салдары"

Профессор ашаршылық мәселесін "Қиянат анатомиясы" атты монографиясында терең зерттегенін атап өтті.

"Қазақстанда советтендіру (кеңестендіру) саясатын Филипп Голощекин жүргізді. Салдарынан аштық болды. Мен саясат туралы айтуға тура келеді дегенім сол. Саясиландырмайық дейді. Бұл саясат қой. Кеңес үкіметі жүргізген саясаттың салдары. Халқымыздың жартысынан айырылдық, рухани дағдарысқа ұшырадық", – деді ғалым.

"1931-33 жылдар аштықтан 2,4 миллион адам қырылды"

Профессор Талас Омарбековтың бұл мәселеде объективті болып, ешкімді кінәламау керек деген пікірді ұстанады.

"Қазақстанда болған аштық негізінен Кеңес үкіметінің жүргізген реформаларымен байланысты. Сондықтан Сенат Төрағасының "саясиландырмайық" деп айтуының жаны бар. 1921-22 жылдардағы ашаршылық Азамат соғысы мен жұт салдарынан болды. Бұл жылдары 700 мыңнан аса адам аштықтан қырылып, 1 миллионнан аса адам босқын болды. 1931-33 жылы күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру, кәмпескелеу жүргізілді. Салдарынан республика 2,4 миллионнан адам аштықтан қырылды", – деді тарихшы.

Ғалым қазақ даласында болған аштыққа коммунистік партиямен оның басшылары кінәлі екенін атап өтті.

"Сондықтан мұнда белгілі бір халықты кінәлау дұрыс емес. Бұл – менің жеке пікірім. Мен "саясиландырмау" керек деген сөзді осылай түсіндім", – деді Талас Омарбеков.

"Ашаршылықты ғылыми түрде зерттеу керек"

Қоғам қайраткері Дос Көшім Сенат төрағасын түсінбегенін жеткізді.

"Мен "ашаршылық тақырыбын саясиландырылмау керек" деген пікірді түсінбедім. Әңгіме аштықтың себебін білуге байланысты болып отыр... Бұл мәселені міндетті түрде зерттеу керек. Мысалы, Украинада да бізге ұқсас жағдай (ашаршылыққа қатысты – автор) болды. Украиналықтар оған белгілі бір саяси баға берді. Сондықтан мен де бұл оқиғаға (ашаршылыққа – автор) саяси бағаның берілгенін дұрыс деп санаймын", – деді ол.

Оның пікірінше, қазақ даласында болған ашаршылықты ғылыми түрде зерттеу арқылы ғана оған саяси баға беруге болады.

"Біреулер бұл жағдайды геноцид деп мойындайды. Мен де оны геноцид деймін. Бірақ оны белгілі бір ғылыми деректермен, статистика мәліметтерімен дәлелдеу керек", – деді Дос Көшім.

Ол бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде талқылануы қазақ халқының үлесінің артып келе жатқанымен байланыстырды.

Саясаттанушы Расул Жұмалының айтуынша, ашаршылық мәселесі терең зерттелуі керек.

"Тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін тарихымызды терең зерттеп түгендеуіміз керек. Оны өз идеологиямызға пайдалануымыз қажет.  Аштықтан қазақ халқының тең жартысы қырылды. Біз тарихи шындықты орнатуымыз керек. Мәселені саясиландырып отырған жоқпыз. Тек өзіміздің тарихымызды зерттегелі отырмыз. Ресейге айып таққалы жатқан жоқпыз", – деп түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, осыған дейін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ашаршылық тақырыбын саясиландырмау керегін айтқан еді.

"Ашаршылық тек қазақ халқының ғана басына түскен нәубет емес, бұл барша адамзаттың алапат гуманитарлық қасіреті деп айтуға болады. Сол себепті ашаршылық тақырыбын саясиландырмай, ең алдымен оған ғылыми тұрғыдан қарағанымыз абзал", – деді ол.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу