Асхат Аймағамбетов қашықтықтан оқыту тәртібін түсіндірді

17675

"Қашықтықтан оқытуда проблемалар аз емес".

Асхат Аймағамбетов қашықтықтан оқыту тәртібін түсіндірді Фото: primeminister.kz

Білім беру саласында да коронавирус инфекциясының таралуының алдын-алу шаралары іске асырылуда. Осындай шаралардың бірі – білім алушыларды қашықтықтан оқыту. Осы орайда, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов еліміздің білім саласының қашықтықтан оқыту форматына көшуі кезінде туындаған көптеген сұраққа жауап берді.

Министрдің айтуынша, ең күрделісі – ауыл мектептеріне, шалғай ауылдарда оқитын балаларға қашықтықтан білім беру. Министрлік қазіргі кезде басты назарды осы мәселеге аударып, тиісті жұмысты төрт бағыт бойынша бастап кеткен.

"Қашықтықтан оқытуда проблемалар аз емес. Мәселені шешу үшін қазір төрт бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бірінші бағыт – теледидар арқылы тиісті сабақтар беру. Республикалық екі телеарна келісімін беріп, тиісті жұмысты бастап кеттік. Балақайлардың жақсы көретін "Балапан" және "Ел арна" телеарнасы арқылы тиісті график бойынша күнде сабақ беріп отыратын боламыз. Күніне 8 сағат сабақ өтеді. Есебімізше, осы төртінші тоқсанды қамту үшін 3360 сабақ түсіру керек. Қазіргі кезде осы сабақтардың үш жүзден астамы дайын. Әрине, бұл өте күрделі мәселе. Өйткені үлкен індет болып жатқанда ұстаздарымыз келіп, тиісті түсірілімге қатысып жатқанына алғыс айтқым келеді", – деп Асхат Аймағамбетов ұстаздарға ризашылығын білдірді.

Министр қашықтықтан білім берудің келесі бағыттары радио және почта байланысы арқылы екеніне тоқталды.

"Екінші үлкен бағыт – радио. Теледидар сигналы жетпейтін елдімекендерде "Қазақ радиосы" бар екенін жақсы білеміз. Ол бұрыннан келе жатқан қара шаңырақ. Осы радиостанциямен келісімге келдік. "Қазақ радиосы" толқынында да күнделікті сабақ жүргізілетін болады. Үшінші бағыт – почта арқылы. Елімізде 1200 өте кішкене елдімекен бар. Оларда 3-5 баладан сабақ оқиды. Бұның алдында ол балаларды күнделікті мектептерге арнайы көлікпен апарып, әкеліп отыратынбыз. Ол балаларға білім беруіміз керек. Сондықтан почта арқылы да осы жұмысты жалғастырамыз", – деді білім министрі.

Әрине, қашықтықтан білім алушылардың көпшілігі интернет арқылы оқитыны түсінікті. Онлайн білім беруге министр айырықша тоқталып өтті.

"Төртінші бағыт – интернет желісі арқылы жүргізілетін жұмыс. Қысқа уақыт ішінде бірнеше интернет платформасын дайындадық. Осы интернет платформалары арқылы тиісті цифрлық ресурстарды дайындап болдық. Ең бастысы, ұстаздарымыздың осы платформаларда жұмыс істей білуі. Цифрлық ресурстарды тиімді қолдана білу де үлкен мәселе. Бізге интернеттің, компьютерлердің жетіспеушілігі жайлы көп сұрақ қойылады. Ауылдағы мектептер ғана емес кейбір үлкенді-кішілі қалалардың өзінде де біршама оқушының үйінде компьютер жоқ. Бұл өте маңызды мәселе. Ал енді бірінің техникалық мүмкіндігі болғанымен, интернетке қосылу мәселесі бар. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар қызу жұмыс атқарып жатыр", – деп айрықша айтты.

Министр үйінде білім алатын балалардың барлығын компьютермен қамтамасыз ету үшін Білім және ғылым министрлігі екі бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.

"Компьютердің жетіспеушілігі мәселесі туындап тұр. Интернеті, техникалық мүмкіндігі бар, бірақ компьютері жоқ 300 мыңнан астам бала бар. Бұл мәселені шешудің екі жолын көріп отырмыз. Бірінші – мектептердің өзіндегі компьютерлерді балаларға уақытша пайдалануға беру. Бұл жұмыстарды бастап кеттік. Мысалы, Нұр-Сұлтан, Алматы қаласы өте белсенді. Бүгін Алматыда 10 мыңнан астам компьютер таратылды. Келесі мәселе – мектептердің компьютерлері барлығына жетпейді. Сондықтан қосымша компьютерлер сатып алу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы, 80 мыңға жуық компьютер мен планшет сатып алынатын болады. Жүргізілген талдауларға сүйенсек, елдегі компьютерлер саны жеткілікті деп айта алмаймыз. Сондықтан тиісті шешімдерді қабылдап жатырмыз. Мұғалімдер де тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде", –  деді ол.

БҒМ министрі шалғайда орналасқан елдімекендердегі мектептерде сабақ беру мәселесіне де тоқталды.

"Оларда бала саны өте аз. 15-50 бала оқитын мектептер бар. Республика бойынша осындай мектептер тізімін жасадық. Ол мектептерде карантиндік шара болмаса, ары қарай дәстүрлі түрде оқуын жалғастыра беруге мүмкіндік бар. Олай болғанда да, бір ауысымда оқитын балалар екі ауысымға бөлініп оқитын болды. Сабақтың ұзақтығын 30 минутқа дейін қысқарттық. Басқа да санитарлық іс-шараларды қолданып, жұмысты жалғастыра береміз", – деп министр 6 сәуірде басталатын төртінші тоқсанға дайындықты пысықтап өтті.

"Дайындық жұмысы өте маңызды. Сондықтан 1 сәуір, сәрсенбі күні арнайы сынама түрде сабақ жүргіземіз. Барлық мұғалім балалардың сабаққа қосылуын қарап, тиісті жұмыстар жүргізетін болады. Бейсенбі, 2 сәуір күні ата-аналар жиналысы болады. Жиналыста ата-аналарға жүйеге қалай қосылу керектігі, балалардың оқуын ұйымдастыру мәселесі айтылып, қашықтықтан оқытуға қатысты сұрақтарға жауап беріледі. Ал жұма, 3 сәуір күні сынып сағаты өтеді. Бұл іс-шаралардың мақсаты – 6 сәуірде білім алуға дайындық толық болуы керек", –  деп атап айтты бас ұстаз.

Асхат Аймағамбетовтің мәліметінше, тізім бойынша білім беру ресурстарын тегін пайдалануға болады. Ал білім беру сапасы мен мазмұнын арнайы ситуациялық орталық бақылап отырады. Әр облыс, қала, аудан білім беру бөлімдері жанында әдістемелік көмек көрсету жөніндегі Call-орталықтар жұмысын бастайды. Министрлікте де 1450 қысқа нөмірінде Call-орталық қызмет етуде. Айта кетсек, коронавирус инфекциясының таралуына байланысты, колледжер, жоғары оқу орындары да қашықтықтан білім беруге көшіп кетті. қашықтықтан білім беру кезінде ұстаздардың жалақысы азаймайды. Ал студенттер стипендия алуын жалғастыра береді.

 

Нұржан Көшкін

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу