Асхат Аймағамбетов мұғалімдер қандай жаңашылдыққа дайын еместігін айтты

475

Ол ЖИ-ді пайдалану, бағалау қалыптаспаған деп отыр. 

Асхат Аймағамбетов мұғалімдер қандай жаңашылдыққа дайын еместігін айтты Фото: toppress.kz

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов білім жүйесінде ChatGPT секілді жасанды интеллект технологияларымен дұрыс жұмыс істеуде нақты бағыт жоқ екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Көз алдымызға жүргізуші куәлігін алмаған, оқымаған адамның көлікке, рөлге отырғанын елестетсек. Жүргізуші жол ережесін білмейді, бағдаршам жоқ, жол жоқ. Тіпті ереже де жоқ. Әрине, мұндай жағдайда апаттың болуы айдан анық. Бүгін мектеп оқушыларының жағдайы дәл осындай. Олар ChatGPT, Gemini сияқты жасанды интеллект құралдарын белсенді қолдануда. Үй тапсырмасын орындайды, шығарма жазады. Бірақ оларға бұл құралды қалай дұрыс, этикалық және тиімді қолдану керектігін ешкім үйреткен жоқ, үйретіп жатқан да жоқ. Нәтижесінде көшіріп алу, үстірт ойлау, дайын жауаптарға тәуелділік. Біз көлікке тыйым салмаймыз ғой, керісінше жүргізуді үйретеміз, жол ережесін оқытамыз, емтихан тапсырады, бағдаршамның белгілері бар", - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

Сөзінше, жасанды интеллект бойынша да тиісті саясат болу керек. 

Асхат Аймағамбетов дамыған елдер ЖИ оқытуды мектеп бағдарламасына енгізіп жатқанын тілге тиек етті. Депутат Қытайдың астанасы Бейжіңдегі мектептерде ЖИ бойынша сабақтар жылына кемінде 8 сағат көлемінде оқытылатынын айтты. Оның айтуынша, оларда бұл пән міндетті болып есептеледі. 

"Эстония – еуропалық үздік білім беру жүйесі. 2024 жылдан бастап оқушылары ChatGPT-ді қолданып, мұғалімдер арнайы курстардан өткізілді. АҚШ-та ең алпауыт, ең инновациялық компаниялардың 250-ден астам басшысы ашық хатқа қол қойып, ЖИ-ді мектеп бағдарламасына енгізуді талап етуде. Ал бізде ше? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектің дамуына баса назар аударып, елде өте үлкен, ауқымды жұмыс жасалуда. Депутаттар арнайы заң дайындап, оны қазір ғана мақұлдадық. Бірақ ChatGPT сияқты жүйелердің шыққанына 2 жылдан көп уақыт өтсе де, біздің мектептерде ЖИ-ге қатысты жүйелі оқыту, әдістеме, бағдарлама әлі де жоқ", - деп атап өтті ол. 

Мәжілісмен балалар бұл технологияларды баяғыдан қолданып жүргенін жеткізді. 

"Олар үй тапсырмаларын ChatGPT-мен орындап, оны "шпаргалка" ретінде қолдануда. Ең өкініштісі, біз оларға оны дұрыс, этикалық, адал түрде пайдалануға үйретпедік. Нәтижесі қандай? Сауатсыздық, дайын жауаптарға тәуелділік, көшіріп жазу, сыни ойлау мен анализ дағдыларына үлкен нұқсан келтіруде. Мұғалімдер де бүгін толық дайын емес. Нақты бағыт-бағдары жоқ. ЖИ-ді пайдалану, бағалау сияқты да ештеңе қалыптаспаған", - деді депутат.

Асхат Аймағамбетов осы мәселеге байланысты бірқатар ұсыныс тастады:

- ЖИ-ге қатысты ұлттық білім беру саясатын қалыптастыру, жасанды интеллектті білімге қалай, не үшін және қандай деңгейде енгізілу керек – соны анықтайтын нақты тұжырымдамалық құжат керек;

- ЖИ-ді білім мен ғылымда қолдану саясатын әзірлеу;

- Мектеп бағдарламасына, университеттерге ЖИ енгізу бойынша жол картасын бекіту;

- Оқыту бағдарламаларына ЖИ бойынша модульдарды енгізіп, этика, сыни ойлау және ақпараттық гигиена сабақтарына көбірек көңіл бөлу;

-    Мұғалімдерді арнайы даярлықтан өткізу.

Бұдан басқа жұмыстарды бағалауға қатысты регламент жасау, академиялық адалдық талаптарын жаңарту да ұсынылды. Депутат білім саласына ЖИ бойынша республикалық мекеме негізінде ұлттық әдістемелік орталық құру қажеттігін де айтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу