Ауғанстанның солтүстігіне шегірткелер шабуыл жасап жатыр және олар миллионнан астам тонна бидайды жоюы мүмкін, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Жағдайдың шиеленісуі аштыққа ұшыраған миллиондаған адамның жағдайын тіпті нашарлатуы ықтимал", – деп жазылған "Балаларды құтқар" үкіметтік емес гуманитарлық ұйымының мәлімдемесінде.
Шегірткелер онсызда қаржы тапшылығынан соңғы екі айда 8 миллион адамға азық-түлік көмегі тоқтатылған шақта қаптап отыр. Осыған байланысты, халықаралық ұйым әлемдік қауымдастықты Ауғанстанға гуманитарлық жәрдем беруге және оның ашаршылыққа ұшырауына жол бермеуге шақырып отыр.
"Балаларды құтқар" ұйымының мәлімдеуінше, әлемдегі ең залалды өсімдік зиянкестерінің бірі - Марокко шегірткесі Ауғанстанның 34 провинциясының сегізіне, яғни, елдің астықты аймағына тарап жатыр.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымы хабарлағандай, биылғы індет 1,2 миллион тонна бидайды немесе жылдық түсімнің төрттен бірін жойып, ауған экономикасы 480 миллион доллардан айрылуы мүмкін.
Ауғанстан үшінші жыл қатарынан құрғақшылықпен бетпе-бет келіп отыр. Балх провинциясының кейбір аудандары наурыздан бері жаңбыр көрмепті.
Фото: AFP
"Биыл Ауғанстанда егін бітік шығып жатыр. Бұл – соңғы үш жылдағы жақсы көрсеткіш. Бірақ шегірткелер шабуылы бұл жетістіктердің барлығын жойып, жыл соңында және келесі жылы азық-түлік қауіпсіздігі жағдайын күрт нашарлатуы ғажап емес", – дейді БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашығы ұйымының Ауғанстандағы өкілі Ричард Тренчард.
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, биылғы егінге тойынған шегірткелер жұмыртқа салып, 10 отбасының тоғызы азық-түлікке жарымай отырған елде келесі көктемде жойқын әрекеттер циклін қайта жалғастырмақ.
Фото: AFP
"Олар жасыл түстің бәрін жейді: бидай, бұршақ, күнжіт. Шегірткелерді өлтіруге аш қарын барамыз. Егер қырып тастамасақ, ауылшаруашылығынан айрыламыз ғой", – дейді Қандали ауылының тұрғыны Баз Мұхаммед "әл-Жазира" телекомпаниясына берген сұхбатында.
БҰҰ мамандарының ойынша, Ауғанстанда "шамадан тыс жайылым, құрғақшылық және бақылау шараларының өте шектеулі болуы" шегірткелер үшін "мінсіз" жағдай тудырып отыр.
Осыдан 20 және 40 жыл бұрын бұл мемлекетте осы жәндіктердің шабуылынан экономика, сәйкесінше, 8 және 25 пайызға қысқарған екен.
Ауылшаруашылығы министрлігінің шегірткемен күрес бөлімінің басшысы Сифатулла Азизи 7 мың гектар жердің химиялық тәсілмен және қолмен өңделгенін, бірақ бұның жеткіліксіз екенін айтып отыр.
Фото: AFP
"Біз мүмкіндігімізше әрекет еттік. Оларды жою үшін бюджет керек, жұмысшы жалдау, жанар-жағармай тегін емес", – дейді ол "Франс пресс" агенттігіне берген түсініктемесінде.
2021 жылдың тамызында "Талибан" қозғалысы билікті қайта басып алғаннан кейін, миллиардтаған долларлық халықаралық көмек тоқтатылып, ондаған жылдар бойы соғыстан зардап шеккен Ауғанстан экономикасы терең дағдарысқа ұшырады.
БҰҰ Даму бағдарламасының соңғы есебіне сәйкес, өндіріс көлемі қысқарып, елдің 85 пайызға жуығы кедейшілікте өмір сүріп жатыр.
"Ауғанстанда шегірткеге қарсы өте күшті жүйе болған, бірақ соңғы екі жылда ол қатты күйреді", – дейді Тренчард.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашығы ұйымы егер бақылау болмаса, Марокко шегірткелерінің популяциясы келесі жылы 100 есеге артуы мүмкін екенін ескертті.
16 отбасы мүшесін асырап отырған фермер Абдул Ракиб Казимидің айтуынша, оның өнімінің 60-70 пайызы, соның ішінде малына арналған жем-шөбі түгел жойылған.
"Біз өзімізді асырауымыз керек. Бидай болмаса, ұн жоқ. Қатты алаңдай бастадым. Шегірткелер жұмыртқа салып жатыр. Демек, келесі жылы да оларды бақылауда ұстай алмаймыз", – дейді 38 жастағы Казими.
Айта кетсек, Ауғанстан қазақстандық астықты сатып алу бойынша үшінші орында тұр және де оның нарығы дәстүрлі түрде Қазақстанның астық пен ұн экспортында айтарлықтай үлеске ие. 2022 жылы Қазақстан Ауғанстанға 1,36 миллион тонна бидай ұнын сатқан екен. Орталық Азия ауылшаруашылығы мәселелерін талдау сайты юұл 2021 жылдың көрсеткішінен 52 пайызға көп деп хабарлап отыр.