Әскерилер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне тартылмақ

9205

Жоба қабылданса, оны жүзеге асыру 2018 жылдан басталады. 

Әскерилер тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне тартылмақ

Қазақстанда әсерилерге пәтер жалдап тұрғаны үшін өтемақы төленеді. Бірақ бұл тәжірибе баспанамен қамту мәселесін толықтай шеше алмайды. Олар әскери қызметтен босаған соң, пәтер жалдауға берілетін бюджеттік қаржыдан қағылады. Сөйтіп, көп жағдайда үйсіз-күйсіз қалады.

"Бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылуда. Әскери қызметкерлерге баспана жалдау үшін жыл сайын республикалық бюджеттен шамамен 47 млрд теңге бөлінеді. Егер бұл жүйені өзгертпесек, 2018 жылы аталған бағытқа жұмсалатын шығын 14 млрд теңгеге көбеймек. Мұндай жолмен әскерилер өз баспанасына қол жеткізе алмайды. Себебі олар ақшаны пәтер жалдауға жұмсайды", – деп мәлімдеді мәжілісте әскерилерді баспанамен қамтудың жаңа моделін таныстырған ҚР қорғаныс министрінің орынбасары Әбілқайыр Сқақов.

Қорғаныс министрлігі әскери қызметкерлерді арендалық баспанамен қамту жүйесін өзгертпек. Яғни, төлемақы тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жинақталуы немесе ипотекалық төлемдерге жұмсалуы тиіс. Ал төлемақының мөлшері отбасы мүшелерінің санына және әскери қызметкердің жұмыс істейтін өңіріне қатысты белгіленбек.

"Қолданыстағы жүйе негізгі категорияға жататын әскери қызметкерлерге баспананы жалға алғаны үшін өтемақы төлеуге мүмкіндік береді. Ал қабылданатын заң жобасы бойынша бұл өтемақы тұрғын үй төлемақысына ауыстырылады. Осылайша, әскерилерде баспана мәселесін реттеудің мүмкіндіктері артады. Яғни, баспанаға мұқтаж барлық топтағы әскерилерге қызмет еткен жылдарына қарамастан, екінші деңгейлі банктерден ашылған арнайы шоттарға төлемақы жинақтау ұсынылады. Заң жобасының басты ерекшелігі - қазіргі модель тұтынуды, ал біз ұсынып отырған жаңа жүйе жинақтауды ынталандырады", – деді Әбілқайыр Сқақов.

Ол тұрғын үй төлемақысын алушылар оны қандай бағыттарға жұмсай алатындығын түсіндіріп берді. Яғни, төлемақыны ипотекалық несие-займын пайдалана отырып жеке пәтер алуға, кейіннен сатып алу мүмкіндігімен арендалық баспана ақысын төлеуге, ипотекалық несиені өтеуге, тұрғын үй-құрылыс кооперативінің құрамына ену үшін жарна төлеуге, тұрғын үй-құрылыс жинағын толтыруға, жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге, тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға мүмкіндік бар.

Қорғаныс министрлігі әскерилер үшін қызметтік үй салудың қажеттілігі жоқ дейді. Сондықтан министрлік нарықтық тұрғын үй қорына басымдық беріп отыр.

"Қарулы күштер мен басқа да әскери құрылымдарда тұрғын үй құрылысы мейлінше азайтылады. Ірі қалаларда қазірдің өзінде бұл қадам тоқтатылды. Тек жабық әскери қалашықтарда ғана сұраныс қалып отыр", – деп хабарлады қорғаныс вице-министрі.

Сонымен қатар министрлік ІІ және ІІІ топқа жататын (10 және 15 жылдан артық қызмет еткендер) әскери қызметкерлерге қатысты әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтірмек. Бүгінгі қолданыстағы заң бойынша тұрғын үй қорының шектеулілігіне байланысты қазынадағы пәтерлер бәріне бірдей жете бермейді. Осылайша бұл топтағы қызметкерлер біртіндеп жүйеден шығып қалады. Қорғаныс министрлігі бұл топтағы әскерилер үшін де тұрғын үй төлемақысын қарастырмақ. Себебі бюджеттен бөлінетін қаржы І топтағы әскери қызметкерлерді (10 жылден кем қызмет еткендер) ғана арендалық баспанамен қамтуға жетеді екен.

Ұсынылған тұжырымдамада қорғаныс министрлігі Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен байланыс орнатуды көздеп отыр. Банк әскерилерге жарнасыз ипотека рәсімдеудің тетіктерін қарастыруда.

"Біз ұсынып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша әр адам пәтер құнының 50%-ын жинақтауы тиіс. Әскери қызметкерлер тұрғын үй төлемақысын ала отырып, бір уақытта баспана жалдап немесе жеке үйдің иесі атануы керек. Сондықтан оларға "Әскерилер" деген арнайы бөлім қарастырылуда. Онда алғашқы жарна 0%-дан 30%-ға дейінгі аралықты қамтиды. Яғни, бүгін алып отырған тұрғын үй төлемақысына қарамастан, сіздің нөл пайыздық жарнамен баспаналы болуға мүмкіндігіңіз бар", – деді "Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Оның айтуынша, аталған бағдарлама бойынша ұсынылатын тұрғын үй заемы 5% жылдық мөлшерлемемен беріледі. Алдына ала займның мөлшерлемесі 6,9%-дан басталып, 7,8%-ды құрамақ. Бұл ретте әскерилер пәтерді жаңадан немесе екінші деңгейлі тұрғын үйден ала алады.

Еркебұлан Қыздарбек, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу