Astana Hub халықаралық технопаркі ашылады

3358

Қазақстанға өзінің селикон алқабын құру қажет. 

Astana Hub халықаралық технопаркі ашылады

Экожүйе  үшін стартап қалай құрылады, цифрландыру жүйесіндегі Blockchain технологиясының артықшылығы қандай, электронды үкіметтің дамуына жаңа ақпараттық технологиялар қалай әсер етеді, инновацияға негізделген кәсіп несімен ерекшеленеді деген сұрақтар Астанада өтіп жатқан халықаралық Digital Bridge инновациялық форумында күн тәртібіне қойылды.

"Форумға 25 мемлекеттен 2500 қатысушы келіп отыр. Әлемнің алдыңғы қатарлы компаниялары мен ұйымдарының 200 жетекшілері мен ондаған инвестор мен түрлі стартап жобалардың авторлары да бізбен бірге. Digital Bridge инновациялық форумы Азия мен Еуропа технологиялық орталықтарының арасында алтын көпіріне айналады деп үміттенеміз", – деді форумның ашылуында ҚР ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.

Сөз арасында министр ертең президент Astana Hub халықаралық технопаркін ашатынын айтты.

"Astana Hub халықаралық технопаркі Қазақстанның технологиялық дамуының нақты көрсеткіші болады", – деді Дәурен Абаев.

Министрдің мәлімдемесін Astana Hub қызметкері Джозеф Циглер қостады. Ол бұл жерде экожүйені дамытуға басымдық берілетініне тоқталды.

"Әлемнің барлығы АҚШ-тағы селикон алқабының тәжірибесімен жұмыс істеуге тырысады. Бұл дұрыс емес. Қазақстанға өзінің селикон алқабын құру қажет", – деді Джозеф Циглер.

Astana Hub-қа қатысты әңгімеге Unbound компаниясының бас директоры Дениел Сиел де үн қосты. Ол Astana Hub-қа Бахрейн мен Сингапур елдерінің тәжірибесі секілді субсидия мен грант бөлу керек. Бұл үшін үнемі үкіметпен байланыста болған дұрыс. Үкімет жеке сектордың идеясына қолдау көрсеткенде ғ,ана ортақ нәтиже шығады. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік ең қолайлы қадам. Мәселен, Сингапур үлгісіндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәуекелдерді, бастамаларды және идеяларды теңгерімдеуге болатынын көрсетіп отыр", – деді Дениел Сиел.  

Басқосуда украиналық UVCA компаниясының атқарушы директоры Ольга Афанасьева пікір білдірді. Ол Қазақстанға инвестициялық қор қауымдастығын құру қажет екенін тілге тиек етті.

"Қазақстанда стартап жобалар өте көп екен. Мен бүгін 100-ге жуық стартаппен таныстым. Барлығына қаржы қолбайлау болып отырған секілді. Инвесторлардың қолдауы жетпейтін тәрізді. Негізі бұл шешілетін, шешуге болатын мәселе", – деді UVCA компаниясының атқарушы директоры.

Оның сөзінше, стартап жоба мен идея болып, ақша болмаған емес, ақша болып, идея мен стартап жоба болмаған жаман.

"Сіздерде ІТ-индустриясын дамытуға деген саяси ерік-жігер бар екенін көрдік. Біз сіздердің жобаларыңызды капиталдандыруға инвестор табылатынына күмән келтірмейміз. Алайда мақсатқа жету үшін ең әуелі сіздерге инвестициялық қор қауымдастығын құру қажет деп ойлаймыз", – деді Ольга Афанасьева.

Басқосу барысында тілшілермен тілдескен Startup Genome компаниясының бас директоры Жан-Француа Готье Қазақстанға ІТ-технологиялар саласын дамытуға көмектесу үшін келгенін жеткізді.

"Біз инновациялық технология саласы бойынша Қазақстанды АҚШ-пен, Еуропамен байланыстыра аламыз. Digital Bridge инновациялық форумына осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатымен келдік. Біз Қазақстанда инженерлік,ақпараттық жобалар көп екенін білеміз және оның Қазақстанның инновациялық технологияларын дамытатына сенім білдіреміз", – деді Жан-Француа Готье.

The Startup Owners Manueal компаниясының тең төрағасы, кәсіпкер Боб Дорф Қазақстанның инноваторлары мен стартаперлері қарапайым және тиімді тәсілдерге жүгінетінін байқағанын баяндады.

"Сіздердің "ақылды адамдарыңыз" жобаларын күрделендірмей, ең оңай, ең қарапайым әдістермен жүзеге асырады екен. Инновация саласында бұл аса қажет дүние", – деді Боб Дорф. Ал Priceline Group компаниясының негізін қалаушы Джефф Хоффман кәсіпкер болу үшін қиындықпен күресуге дайын болу қажет екенін айтты.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу