Төтенше жағдай: Дәурен Абаевтың 28 наурыздағы ахуал туралы мәліметі

3017

Карантинге алынғандар саны 5000-нан асты.

Төтенше жағдай: Дәурен Абаевтың 28 наурыздағы ахуал туралы мәліметі Фото: Максим Морозов

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев коронавирус құрсауындағы Қазақстанның 28 наурыздағы ахуалын кезекті онлайн-брифингте баяндады. Бұл жолғы тікелей эфирді онлайн-брифинг емес, үндеу деп қабылдауды сұраған министр көңілін күпті қылған қаупін ашық айтты. Биліктің ресми өкілінің сөзінше "жағдай бақылаудан шығып кетуі мүмкін".

"Бүгінгі тікелей эфирді онлайн-брифинг емес, үндеу деп қабылдаған жөн. Өздеріңіз көріп отырсыздар, індеттің таралуы үдеп барады. Бір түнде 40-тан астам адам анықталғаны алаңдататын жағдай. Қазір вирус жұқтырғандар саны 204-ке жетті. 1899 адам стационарлық карантинге, 3,5 мың адам үй карантиніне оқшауланды. 6000-нан аса адам ауырғандармен байланыста болған. Олардың 95 пайызы анықталды. Қазір біз өте күрделі кезеңде тұрмыз. Вирус таралуын бақылай алмай қалу қаупі туындап отыр. Өзге елдердегі жағдайға қараңыздар. Италияда бір күнде 969 адам қайтыс болған. Оның барлығы сақтық шараларына салғырт қарағанның салдары. Бұл жағдай бәрімізге сабақ және ескерту болуы керек. Коронавиурс әсіресе жасы үлкен адамдарға қауіпті. Олардың ішінде бәріміздің атамыз бен әжеміз, әкеміз бен анамыз бар. Өзіміз үшін қорықпасақ та, ең болмаса сол үлкендерімізді ойлайық. Кейбір адамда ауру белгілері білінбеуі мүмкін. Ондай адам үйде отырмаса, өзі білмей адамдарға жұқтырады. Осылайша ондаған отбасының обалына қалуымыз мүмкін. Осындай жағдайдан сақ болайық, Қазір вирусқа қарсы ең тиімді күрес – карантин режимін сақтау",– деді министр тікелей эфир арқылы.

Министр бұл жолғы брифингте төтенше жағдай кезінде елді тегін интернетпен және ұялы байланыспен қамту шараларына тоқталды. 

"Президент төтенше жағдай режимі кезінде мобильді байланыс пен интернетке қолжетімділікті кеңейтуді тапсырды. Әсіресе білім беру ресурстары мен әлеуметтік желілерге, мессенджерлерге қолжетіміділік арттырылмақ. Төтенше жағдай кезінде тіпті  байланыс үшін берешек пайда болған күннің өзінде қызмет көрсетіледі. Ал барлық қазақстандықтар үшін интернет ресурстар тегін болады", – деген Дәурен Абаев тегін интернет кімдерге ұсынылатынын атады. 

"Төтенше жағдай кезінде байланыс операторлары эпидемиологиялық жағдайды ушықтырмауға тартылған медициналық қызметкерлерге тегін интернет пен байланыс пакетін ұсынып отыр. Адамдарды вирустық инфекцияның таралуын болдырмау үшін тегін SMS арқылы хабарландыру, халыққа 1406 нөміріне тегін хабарласу қызметтері тегін беріледі. Қашықтан қызмет көрсету үшін карантинге жабылған шағын және орта бизнеске, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары қашықтан бақылау үшін  жеңілдетілген қызмет көрсету кезеңі ұсынылады. Білім және ғылым министрілігі бекіткен меморандум бойынша негізгі білім беру ресурстарына тегін трафик ұсыну, жоғары оқу орындарының білім беру ресурстары мен сайттарына, электронды деректер қорына, онлайн-күнделік пен электронды білім беру порталдарына тарифсіз қолжетімділік беріледі", – деді ведомство басшысы. 

Күшейтілген карантиндік шектеулер елордада банк жұмыстарын тоқтатты. Бұл туралы да Дәурен Абаев айтты. 

"Нұр-Сұлтан қаласында банктер мен валюта айырбастау пунктері күшейтілген карантиндік режим кезінде өз жұмысын тоқтатады. Ал пошта-курьерлік қызмет жұмыс істей береді", – деді ол. 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі қоймалардағы азық пен қамбалардағы астық 6 айға жеткілікті екенін тағы еске салды. Осы қордың сыртқа сатылып кетпеуі үшін экспортқа тыйым салынып отыр.

 "Ауыл шаруашылығы министрлігі 22 наурыздан бері қарақұмық, бидай ұны мен бидай-сұлы ұнын, қант, картоп, сәбіз, шалқан, қызылша, сарымсақ, орамжапырақ, күнбағыс майы, күнбағыс тұқы сияқты өнімдерді үшінші елдерге экспорттауға тыйым салды. Аталған тауардың бәрі әлеуметтік маңызға ие өнімдердің қатарына кіреді. Қазақстан бойынша мұндай тауарлардың құрамына 19 аталым кіреді. Қазір аталмыш тізбедегі тауарлармен қамту деңгейі өте жоғары. Ағымдағы тұтыну қарқынымен есептегенде  қолдағы қор 6 айға дейін жеткілікті. Ел ішіндегі тауарлар өндірісі тоқтаған жоқ. Осылайша қор толығып жатыр. Ішкі нарықта тауар тапшылығы жоқ және ондайды күтіп оытрған жоқпыз", – деді Дәурен Абаев. 

Коронавирус жұқтырған науқастардың жеке мәліметтерін жариялау заңға томпақ екені бұған дейін талай айтылғанымен, Шығыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктері "ұзынқұлақтың құдіретіне" тосқауыл бола алмай отыр. Дегенмен, Дәурен Абаев Шымкенттегі жағдайға ғана тоқталды.

"Шымкент қаласының полиция департаменті коронавиурспен ауырған науқастың жеке деректерін тарату ісі бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі бойынша іс қозғалды. Бұл іс бойынша толық ақпарат береміз", – деді ол онлайн-брифингте.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу