Ақпарат саласында экономикалық шоғырлануға тыйым салынады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2267

Қазақстанда "бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы экономикалық концентрацияға" жол берілмейтін болады.

Ақпарат саласында экономикалық шоғырлануға тыйым салынады Фото: tengrinews.kz

Осы арқылы мемлекет қоғамдық қуатты құралдың бір қолда шоғырлануының алдын алмақ.

Бұл мәселе бұған дейін "Кәсіпкерлік кодексінде" қарастырылған-тын. Енді бұл талап БАҚ саласындағы жаңа заңнамада бекітіледі.

Сонда қандай ақпарат құралының артында кімдердің тұрғанын мемлекет қалай анықтамақ? Бұл үшін жаңа заң бойынша "мерзiмдi баспасөз басылымының, ақпараттық агенттіктің не желілік басылымның меншiк иесiнiң – жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты жерi, меншiк иесiнiң – заңды тұлғаның атауы, бизнес сәйкестендіру нөмірі, орналасқан жерi, оның соңғы меншік иелері, көрсетілген заңды тұлғаның және олармен үлестес бұқаралық құралдары саласындағы заңды тұлғалардың дауыс берілетін акциялар саны, жарғылық капиталында олардың қатысу үлесі туралы мәліметтерді" ашық көрсету талап етілмек. Әйтпесе, жаңа газет, телеарна не интернет-басылым тіркеуге қойылмайды.

Қазіргі кезде ел парламентінде "Кейбір заңнамалық актілерге ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы талқыға салынуда. Бүгін құжатты жұмыс тобы өз отырысында қарады.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметінше, 2016 жылғы жағдай бойынша елімізде 2 763 ақпарат құралы тіркелген. Басым бөлігін – 86%-ын мерзімді басылымдар құрайды, тағы 11%-ы – электрондық БАҚ, 3%-ы – ақпараттық агенттіктері болып келеді. Тарата айтсақ, елімізде 1156 газет және 1269 журнал шығады.

Сондай-ақ, 285 электрондық бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, олардың ішінде телерадиокомпаниялар саны – 169 (108-і – телекомпания және 61-і – радиокомпания), кабельдік оператор – 108, ал спутниктік хабар тарату операторы – 8.

Ақпараттық агенттіктердің жалпы саны – 41. Желілік басылым ретінде орыс және қазақ тілдеріндегі 15 басылым тіркелген.

Міне, енді осы салаға жаңа заң жаңа "ойын ережелерін" әкелуде. Мәселен, депутаттық жұмыс тобы заң жобасының "Сөз, ақпаратты алу және тарату бостандығы" деп аталатын 2-бабын пысықтауда. Ол бойынша енді ақпарат құралдарына тек жәбір көрген балаларды ғана емес, қылмыс жасаған жасөспірімдердің де фотосуретін басуға және түр-сипатын бейнежазбадан көрсетуге тыйым салынбақ.

Бұл ретте құжатта: "Бұқаралық ақпарат құралдарында немесе телекоммуникациялар желілерінде әкімшілік немесе қылмыстық құқық бұзушылықтарды жасады деп немесе жасаған деп күдік келтірілген және айып тағылған кәмелетке толмағандарды, баланың тегін, атын, әкесінің атын, оның ата-анасының және өзге де заңды өкілдерінің фото- және бейнесуретін, осындай баланың туған күнін, оның дауысының аудиожазбасын, оның тұрғылықты жерін, уақытша болатын жерін, оның оқу немесе жұмыс орнын қоса алғанда, оның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін басқа да ақпаратты таратуға тыйым салынады", деп нық жазылған.

Жұмыс тобында ақпарат және коммуникациялар министрлігінің бұл бапқа қатысты ұстанымы мәлімделді: "Аталған өзгеріс құқыққа қарсы әрекеттердің нәтижесінде зардап шеккен бала құқығын қорғауға бағытталған".

Бұл туралы министр Дәурен Абаев өз пікірін білдірді. Ол жасы 16-ға толмаған, жеңіл және орташа ауырлықтағы қылмыстар жасаған жасөспірімдердің де жеке деректерін жариялауды шектеу керек деп санайды.

"Біздің кейбір қарсыластарымыз бұл балалардың бірінші кезекте, қылмыскер болып табылатынын алға тартады. Сондықтан олар туралы мәліметтерді жалпы жұртшылықтан жасыруға болмайды деп санайды. Бірақ біздің ойымызша, олар бәрібір бірінші кезекте, бала болып табылады. Мәселен, ұрлық жасап, қолға түскен жасөспірімге кейін жаңа өмір бастауға, оқуға, жұмыс істеуге, отбасын құруға мүмкіндік беруге тиіспіз. Ал егер ол туралы толық деректер ақпарат құралдарында жария етілсе, бейнесі басылса, біз ол баланы бұл мүмкіндіктен айырған болып шығамыз. Сондықтан ол тәрізді ақпаратты жариялауды біз орынсыз деп танып отырмыз", – дейді ақпарат және коммуникациялар министрі.

Оның үстіне ол аталған норманың ауыр қылмыстар жасаған жасөспірімдерге таралмайтынына назар аудартты. Шынында, заң жобасында бұл норманың "ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін сот кінәлі деп таныған кәмелетке толмағандарға" таралмайтыны көрсетілген. Яғни, қаны әбден бұзылған жас қаскөйлер мен қанішерлер туралы қоғамның білуіне жол ашық.

Сонымен бірге, ақпарат құралдарына бір жеңілдік жасалып та отыр. Қазір мәселен, БАҚ-қа әлдебір адамдардың бейнесін фото не видеожазбада оның рұқсатынсыз басуға тыйым салынған. Енді бұл тыйым алынып тасталмақ. Бұл ретте "егер бұл адам мәдени-бұқаралық, мәдениет саласындағы мәдени маңызды, спорттық-бұқаралық іс-шараларда, жиналыстарда, митингтерде, шерулер немесе демонстрацияларда және өзге де көпшілік алдында сөз сөйлеулерге қатысса", "егер таратылатын бұқаралық ақпараттарда қызметі жария сипаттағы тұлғалардың көрнекі шығармаларында қызметтік және жария ақпарат туралы мәліметтерді қамтыса", "егер бейнеленетін адамды мемлекеттік және қоғамдық мүдделер үшін пайдалану жүзеге асырылса", бұдан былай бейнеленетін адамның келісімі талап етілмейді.

Заң жобасын талқылауға тартылған үкіметтік емес ұйымдар мен қоғам белсенділеріне құжаттағы интернетті пайдаланушылардың пікір-комментарийлерінің жасырын-анонимділігіне тыйым салу ұнамады. Олар мұның ғаламтордағы сөз бостандығын жоятынын және дамыған елдерде негізінен ондай тәртіп кездеспейтінін алға тартады.

Ал министрлік болса, "интернет-журналистиканың дербес БАҚ сияқты белсенді дамып келе жатқанын ескеріп, бұл түзетулер құқық мәдениетін және БАҚ меншік иелерінің жауапкершілігін қалыптастыру, сондай-ақ интернетте деанонимизация саясатын жүргізу үшін маңызды мәнге және әлеуетке ие" деп санайтынын жеткізді.

Бұл ретте Дәурен Абаев та пікір жанында оның иесінің аты-жөнінің нақты жазылуы оған өз пікірін ашық білдіруге еш кедергі келтірмейді деп санайды. Оның байламынша, жаңа талап пікір қалдырушы азаматтарды іштей тәртіпке келтіреді, олар әлдекімді бейберекет әрі негізсіз айыптаудан және балағаттаудан аяқ тартады.

"Интернет пайдаланушылар өз сөздері үшін жауапкершілік арқалауға тиіс. Бұл талап әлдебір ішкі сүзгіге айналады. Оның үстіне техникалық тұрғыдан алғанда бұл сайттар үшін қандай да бір салмақты проблема әкелмейді", – деген ойда министр.

Дәурен Абаев шенеуніктердің дүние-мүлкіне қатысты журналистік зерттеулер жүргізуге тыйым салынбайтынын түсіндірді.

Заң жобасында ақпарат құралдары "адамның жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын құпия" ақпараттарды таратпас бұрын оның келісімін алуға тиістігі жазылған. Сарапшылар бұл бап журналистік зерттеулерге "нүкте" қоятынын жарыса айтуда. Себебі, олардың байламынша, ешбір шенеунік сыбайлас жемқорлық былықтарын былай қойғанда, өзіне қатысты кез келген ұнамсыз деректің басылуына келісім бермейді.

Министр Дәурен Абаев бұл байламдардың қате екенін айтады. Өйткені "мемлекет отандық БАҚ-тың азулы болғанын" қалайды және оның коррупциямен күреске үлес қосуына мүдделі. Ал жаңа норманы шенеуніктер қалқан ете алмайтын көрінеді: себебі, адамның жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын құпия ақпараттардың не екені қолданыстағы заңнамада нақты жазылған. Оларды онсыз да жариялауға тыйым салынған. Әрі бұл әлемдік тәжірибе. Министр мысалы, "отбасылық құпия ақпаратқа" тек бала асырап алу секілді құпиялар жататынын нақтылады. Ал шенеунік пен оның отбасы мүшелерінің заңсыз табыстары бұл құпияларға жатпайтын көрінеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу