Министр мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысын жариялады

2582

Бұл кезеңде індет жұғу қаупі ең аз кәсіпорындар іске қосылады.  

Министр мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысын жариялады

 

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысының қорытындысын мәлім етті.

"20 сәуірден бастап Нұр-Сұлтан және Алматы қаласында бірқатар экономика секторының жұмысы қалпына келтіріледі. Олардың нақты тізімі 15-ші сәуірде белгілі болады. Аталған өзгеріс осы қалаларда бір уақытта енгізілгенімен, жұмыс процесінде айырмашылық болуы мүмкін. Айырмашылық осы қалалардың эпидемиялық ахуалының және экономикасының ерекшелігіне байланысты. Сондықтан барлық ерекшеліктерді әкімдіктер тұрғындарға алдын-ала хабарлап түсіндіріп отырады. Карантин талаптарының өзгерісі бірден емес, кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Әр кезеңде денсаулық сақтау министрлігінің қортындысы есепке алынады. Қазір тек бірінші кезең туралы сөз болуда. Бұл кезеңде ауру жұғу қаупі ең аз кәсіпорындар іске қосылады. Бұндай кәсіпорындарда санитарлық нормаларды сақтау бойынша арнайы хаттамалар дайындалады. Хаттаманың орындалуы тұрақты түрде тексеріледі. Егер кәсіпорын ол талаптарды бұзса, қатаң шектеу н қолданамыз", – деді министр.

Елордада экономиканың алты секторында қызмет ететін кәсіпорындар жұмысын жалғастырады. Ол кәсіпорындарға 20 сәуірден бастап жұмысын қайта бастау ұсынылған.

"Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 20 сәуірден бастап келесі секторлардағы кәсіпорындардың жұмысын жалғастыруды ұсынды. Бірінші, өндірістік және индустриялық кәсіпорындар. Екінші, құрылыс саласындағы кәсіпорындар. Үшінші, қыстан кейін жол жөндейтін, асфальт-бетон зауыттары. Төртінші, зейнетақы мен жәрдемақы беру үшін екінші деңгейдегі банктер қызмет етеді. Банктер сағат 16:00-ге дейін қысқа жұмыс кестесімен жұмыс істейтін болады. Бесінші, жеке-қосалқы қызмет көрсетету секторының кейбір ұйымдары. Мысалы, химиялық тазалау және кір жуу ұйымдары, шиномонтаж, арнайы техникаларды жөндеу, көлік жуу станциялары. Алтыншы, қоғамдық тамақтану орындарынан тамақ жеткізу мүмкіндігін кешкі сағат 22:00-ге дейін ұзарту ұсынылды", – деп айтып өтті Дәурен Абаев.

Министрдің сөзінше, аталған кәсіпорындарда 100 мыңға жуық адам жұмысын жалғастырады. Бұл – Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істейтін халықтың шамамен 20%-ы.

Ал Алматыда 128 мың адам жұмысын қайта жалғастырады.

"Сәуірдің үшінші декадасында өнеркәсіптің барлық салалары, қоймалар, құрылыс, екінші деңгейдегі банк қызметкерлерінің 50%-ына дейін, қызмет көрсету саласының кейбір секторлары толық жұмыс күні режиміне көшеді. Нәтижесінде Алматы қаласында 128 мың адам жұмысын жалғастырады",– деді ол.

Сөз соңында Дәурен Абаев барлық шектеу талаптарының қатаң  сақталатынын тағы бір рет еске салды.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу