Астана LRT ісі: Айыпталушылар соттағы соңғы сөзін айтты

2134

"Астана LRT" жобасын іске асыру барысында жымқырылған миллиардтаған қаржыға қатысты сот ісі аяқталуға жақын қалды.  

Астана LRT ісі: Айыпталушылар соттағы соңғы сөзін айтты

Бүгінгі отырыста айыпталушылар соттағы соңғы сөзін айтып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Айта кетсек Нұр-Сұлтандағы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бұған дейінгі отырысында прокурор Диас Янгалышев айыпталушыларға 7-11 жыл аралығында жаза беруді сұраған еді. Сотталушыларға 5,8 млрд теңгені жымқырды деген айып тағылған. Істі судья Қажымұқан Мекемтас жүргізіп жатыр.

Айыпталушылар сотта өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлім етті. Соңғы сөзінде олар кінәлі емес екенін, осы уақытқа дейін өздерін қолдап келген отбасыларына, қорғаған адвокаттарына алғысын айтты. Кейбірі тергеушілердің жұмысына наразылықтарын білдірді. 

Осы іс бойынша сотталушылардың бірі, мердігердің өкілі Дәурен Әбдіхамитовтың соңғы сөзінде судьяға "осы істен абыроймен шығуды" тіледі. Прокурор соттан Әбдіхамитовты 11 жылға соттауды сұраған еді. 

"Маған қатысты іс қалай қолдан жасалғанына куә болдыңыздар. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің тергеушісі жалған дәлелдемелерді алға тартқан секілді. Сол себепті Ақбаеваның, Сламбаеавтың, Ержановтың жалған жауаптары маған да, басқаларына да қарсы қолданылмауы керек. Иә, мен Арданды (Талғат) білдім. Оның кеңсесінде бірнеше рет болдым. Бәлкім, басқалары оның кеңсесінде менен де көп болған шығар. Бірақ бұл жағдай – мені соттауға себеп болмаса керек. Олармен қылмыстық келісімге келген емеспін. Мен тіпті оның көңілдесі мен немерелес бауыры компания ашып алып, ақшаны қолма-қол түрінде алып отырғанын білген де емеспін. Ол жайлы істі оқып отырып қана хабардар болдым", – дейді ол.

Дәурен Әбдіхамитов сотқа бұл істе үлкен жауапкершілік артылып отырғанын мәлім етті.

"Егер мен кінәлі болсам, Қазақстанда әділдік жоқ деген сөз. Мен халықаралық инстацияларға жүгінуге, адам құқықтары жөніндегі комитетке мәжбүр боламын", – деп сөзін аяқтады Әбдіхамитов.

Сотталушы Рашид Аманжолов (Нұр-Сұлтан қаласының жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары басқармасының бұрынғы басшысы) та өзіне тағылған айыппен келіспейтінін, кейінгі бір жылда адвокаты осыны дәлелдеу үшін барын салғанын мәлімдеді.

"Бәрі де айтып жатыр. Бағаның өзін өсіру жағдайы болмаған. Бәрі де бюджет кодексіне сәйкес жүргізілді. Мен ешқандай қылмыстық топтың мүшесі болған емеспін. Сотта бәрі анықталды. Ондай топқа мүше болғаным туралы сотта бірде-бір дәлелдеме құжат ұсынылған жоқ. Айыптаушының өзі менің нақты кінәм қандай екенін түсіндіре алмай отыр. Қандай заңды бұздым? Неліктен мен жасалмаған қылмыс үшін жауап беруім керек? Бәрі де маған берілген тапсырма болды. Ол тапсырмалардың барлығы менен жоғары жақтан мың рет тексерілетін. Менің кішкентай үш балам бар. Әйелім жазылмайтын ауыр дертке шалдыққан. Туған-туыстарым мен балаларымды қамын ойлаймын. Мен тек бәрін заңды түрде істедім", – деді соңғы сөзінде Рашид Аманжолов.

Сотталушы Ұлықбек Ачилов (мердігердің өкілі) осы жылдың сәуір айында айтқан сөзі – соңғы сөзі болып қала беретінін жеткізді. 

"Тек қосарым: сот ісі барысында біздің концорциум дайындаған есеп құжаттарының бәрі де қаралар деп үміттеніп едім. Зайыбыма рахмет. Мені демеп келеді. Менің балаларымды қазір жалғыз бағып жатыр. Бір жылдан астам уақыт уақытша изоляторда отырып, туған-туыстарымның маған деген қолдауын сезіп отырмын. Құрметті сот! Мен тағылған айыппен келіспеймін! Мені ақтауды сұраймын", –дейді ол.

Сотталушы Жанат Нұрпейісов (Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының бұрынғы депутаты) басқалар секілді ұзақ сөйлеген жоқ. Қысқа қайырды.

"Айыптау тарапы сотқа менің кінәмді дәлелдейтіндей құжаттарды ұсына алған жоқ. Әу баста айыптаудың бәрі де күдік деңгейінде болған – күні бүгінге дейін солай қалды. Бұл дегеніміз айыптаудың өзі ойдан шығарылғанын көрсетеді. Қолымды жүрекке қойып тұрып, сот сізге айтарым – мен кінәлі емеспін. Мен заңға қарсы ешқандай әрекет жасамадым. Сол жылдары кейбір құжаттарға қол қоя отырып, мен өзіме басталған процесті созбалаңға салғызбау міндетін алдым. Басқа ешқандай бөтен ойым жоқ еді. Мен сіздің әділдігіңізге сенемін",– деді Нұрпейісов соттан.

Айыпталушы Талғат Әшім (Astana Innovations бұрынғы басшысы) бұл істе ерекше құқықтық ахуал туындап тұрғанын жеткізді.

"Бұл іс басқа істерді де солай жүргізуге болатындай жол ашып беруі мүмкін: жоба бойынша құжатты дайындаған, сараптама жасаған, оны қорғаған кез келген адамды айыпталушылардың орындығына отырғыза салуға болады екен. Мұндай жүйеде қай-қайсымыз болмасын қорғансыздың күйін кешеміз. Мүлде қорғансыз!",–дейді ол.

Айып тағылып отырған Тимур Қасабаев (мердігердің өкілі) болса өзіне жүктелген міндетті адал орындағанын жеткізді.

"Талғат Әшім дұрыс айтты: менде ешқандай пиғыл болмаған. Тек жобаны сапалы әрі уақытында атқаруға атсалысқым келді. Менің отбасыма осындай қысылтаяң шақта қолдау білдірген ет жақындарымның бәріне алғыс айтамын. Отбасыма қиын. Бірақ мен де уақытша изоляторда қиналып жатырмын. Өзім үшін емес, күнкөрісте қолдаусыз қалған отбасым үшін жаным ауырады", –деп түйді Тимур Қасабаев.

Сотта мердігердің тағы бір өкілі Дулат Мүсенов соңғы сөзін айтып үлгерген жоқ. Сот үзіліске кетті. Сағат 16.30-да сот жалғасады. 

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу