Астана мен Баку не жөнінде уағдаласпақшы?

3414

Нұрсұлтан Назарбаев пен Ильхам Әлиев транзит, сауда мәселеcін, ҰҚШҰ жаңа хатшысын талқылайды.  

Астана мен Баку не жөнінде уағдаласпақшы?

2-3 сәуірде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжанға ресми сапармен барады. Келіссөздер барысында  қауіпсіздік, экономика, транзит және аймақтық саясат саласындағы екі жақты ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарланып отыр. Қазақстан президентінің Армения мен Әзербайжан елдеріне сапары өткен жылы қазан айында жоспарланған болатын, бірақ елбасының денсаулығына байланысты кейінге шегерілді. Биыл Қазақстан президенті тек Әзербайжанға ғана сапар шегуді жоспарлап жатыр. Екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 25 жыл толуы  ресми сапарға себеп болып отыр делінеді.

Сарапшылардың пайымдауынша, Баку Таулы Қарабақтың мәртебесі және ҰҚШҰ-ның болашақ бас хатшысы мәселесінде Астанаға арқа сүйей алатынын екенін айтады. Айта кетсек, бас хатшының орнына армян үміткері келеді деген болжам бар, ал кейбір деректер бойынша, Әзербайжанмен тығыз қарым-қатынас орнатқан Қазақстан мен Беларуссия оған қарсы.

Бұдан бұрын америкалық Stratfor талдау орталығы Астана мен Минск ұйымның жаңа бас хатшысын тағайындауға кедергі болатынын хабарлаған. Бұл Мәскеудің Ереванға Николай Бордюжаның орнына Арменияның өкілін тағайындауға уәде еткендігімен бір байланысы болуы мүмкін делінген  Stratfor есебінде.

Мәскеу ҰҚШҰ бас хатшысының орнына Арменияның  бұрынғы қорғаныс министрі Сейран Оганянды ұсынады деген болжам бар. ҰҚШҰ-ның жаңа бас хатшысы Армения ұйымға төраға болған кезде 2015 жылдың қыркүйек айында тағайындалуға тиіс еді. 2016 жылдың 14 қазанында бас хатшыны кезекті рет сайлау қажет болған кезде, ортақ келісімге келуге желтоқсан айында талпыныс жасалған, бірақ тағы да ештеңе шықпады.

Демек Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға сапарының геосаяси астары да бар болуы мүмкін дейді сарапшылар. Сонымен қатар, елбасының сапары жағымды оқиғамен орайлас келгелі отыр. Бұл аптада еліміздің жаңадан салынған Құрық портынан Баку халықаралық теңіз сауда портына алғашқы жүк жөнелтіледі. Жалпы ауданы 40 гектарды құрайтын Құрық Транскаспий халықаралық көлік бағытының бойында орналасқан, бұл осы бағыттағы күн санап артып келе жатқан жүк көлемін реттеу үшін маңызды. Жаңа кешен Ақтауға қарағанда Баку портына жақын. Құрықтан Бакуға дейін аралық 18 сағат болса, Ақтаудан 22 сағатты құрайды.

Осыған қоса 2016 жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 136,8 млн долларға, яғни 8,3%-ға ұлғайды. Қазақстанның Әзербайжанға экспорты 106,5 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 30,4 млн долларды құрайтын Әзербайжан өнімінің импортынан үш есеге артық. Қазақстан Әзербайжанға азық-түлік, мұнай мен газ, химиялық шикізаттар, астық, арпа, темекі өнімі, көміртекті болат прокаты мен электр жабдықтарын жеткізеді. Ал Әзербайжаннан Қазақстанға битуминозды материалдардан алынған мұнай өнімдері, этилен полимерлері, машиналар мен механизмдердің жиынтығы, құрылыс конструкцияларын жеткізіледі.

Тым жақын қарым-қатынас

Нұрсұлтан Назарбаевтың Әзербайжанға сапары, оның геосаяси және экономикалық аспектілері жайлы abctv.kz сарапшылардан сұраған еді.

Оңтүстік Кореядағы "Ханкук" аймақтану университетінің докторы Ровшан Ибрагимов екі ел экономикасының әртараптандыру саясатын ескере отырып, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынас жаңа деңгейге өтуге тиіс екенін атап өтті. Ең алдымен, бұл транзиттік көлік жолдары дамуымен байланысты. Әзербайжанда "Алет" жаңа халықаралық порты салынды. Ибрагимов Қазақстанда Ақтау порты кеңейтіліп, Алетке бірінші болып жүк жеткізген Құрық порты іске қосылғанын атап өтті. Ол аңғарғандай, соңғы екі жылда транскаспийлік тасымал көлемі өсті, бұл жерден енді Қытайдан, Түркиядан, Украинадан тауарлар тасымалданады, ал Баку-Тбилиси-Карс темір жолы іске қосылғаннан кейін тауар Еуропаға жеткізілетін болады.

"Сонымен қатар, 2008 жылы екі ел арасында Каспий көлік жолдарын құру туралы келісімге қол қойды, бұл арқылы ірі теңіз кен орны Қашағаннан өндірілген мұнай тасымалдау жоспарланған болатын. Өткен жылдан бастап мұнай өндіріле басталды, сондықтан бұл бағыттың дамуы әбден мүмкін. Бұдан басқа, Қазақстан Әзербайжанның ауыл шаруашылығы өнімдеріне қызығушылық танытып отыр. Әзербайжанның Azersun компаниясы Ақтауға ауыл шаруашылығының өнімдерін жеткізіп отыратын логистикалық орталық салды. Саяси қарым-қатынасқа келер болсақ, Қазақстан қай кезде де Әзербайжанның аумақтық тұтастығын мойындаған. Еуразиялық экономикалық одаққа кіргенде Арменияға талап қойылған кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әрекетіне және өткен жылғы сәуір айында "төрт күндік соғыс" кезінде қолдау керсеткенін Баку жылы қабылдаған болатын. Сол себепті Әзербайжан Қазақстанды стратегиялық серіктесі деп біледі және Бакудегі кездесу қарым-қатынастың одан әрі дамуына тың серпін береді", –  деп атап өтті Ровшан Ибрагимов.

Баршаға мәлім, Қазақстан Арменияның ЕАЭО-ға қосылу барысында ұйымға кіру Таулы-Қарабақ жері кірмейтін жалпы әлем қабылдаған шекараның негізінде ғана мүмкін екенін айтып ескерту жасады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Арменияны ЕАЭО-ға Біріккен Ұлттар Ұйымы растаған шекарамен қосу талаптары жазылған президент Ильхан Әлиевтің хатын әріптестерінің алдында оқып берді. 

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 2 сәуіріне қараған түні Әзербайжан мен Армения шекарасында ахуал ушығып кетті, сол кезде Астана екі тарапты сабырлыққа шақырды. Бұл Әзербайжанның аумақтық тұтастығын кезекті рет мойындағанын дәлелдейді. 

Әзірбайжан қолдауға зәру

Тәуелсіз саясаттанушы Рафаэль Саттаров Астана мен Баку энергия ресурстары бағасының төмендеуін қатты сезінеді, бюджеттің қаражаты қарқынды жұмсалатындықтан, сондықтан экономикалық мәселелер алдыңғы қатарға шығатынын атап өтті. Оның үстіне Әзербайжанға ҰҚШҰ және ЕАЭО мүшелерінің қолдауы қажет-ақ. Көптеген армян сарапшыларының пікірінше, осы салада Ереван Бакуден қалыс қалып отыр. Астана қазір БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, бұл Баку үшін ұйымда әзербайжандық шешімдерге артықшылық берудің тиімді құралы екеніне назар аударды сарапшы. Сонымен бірге екі ел де құлаған ұшақ оқиғасынан кейін Ресей мен Түркияның татуласуына үлкен үлес қосты, бұл да екі басшының арасын жақындастырады.

"Менің ойымша, ҰҚКҰ-ның болашақ хатшысы туралы сөз әрине, қозғалады. Бірақ Назарбаев Әлиевке әрі қарай армян үміткерлігіне қарсыласу күрделеніп бара жатқанын айтып көндіретін шығар, өйткені Астана осы мәселеге байланысты Ресей тарапынан қысым сезінеді. Сірә, Назарбаев Әлиевке армян тарапы ұсынған бас хатшыға уақытша шыдай тұру керек, бірақ ол екі ел арасындағы қарым-қатынасына әсер етпейді деген уәж айтуы мүмкін. Қазақстан Қапқаз аймағындағы экономикалық жобаларға белсенді түрде қатысады. Қазақстанның Грузия экономикасына салатын инвестиция көлемін алсақ жеткілікті, ол көш бастап тұр. Әрине жаңа экономикалық өзгерістерге байланысты Қазақстанға  өз өнімін өткізетін жаңа нарықтарды табу қажет. Қауіпсіздік мәселесіне байланысты, Астана салафиттердің шырмауы Солтүстік Қапқаз аймағынан шығып жатқанын сезінеді, осындай желілік қауіп-қатердің алдын алу үшін мықты серіктестер қажет", – деді Рафаэль Саттаров.

Астана – ыңғайлы бітімгер

Ішкі және сыртқы саясат, қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы ресейлік сарапшы Григорий Трофимчук посткеңестік алаңда Әзербайжанға сапар әрқашан жоғары деңгейдегі маңызға ие екенін атап өтті. Бәлкім бұл Бакудің өзі жасаған имиджіне байланысты шығар, дейді ол. Баку мен Астана Ресейдің сыртқы саясат мәселелерінде  делдалдар ретінде белсенді әрекет етіп отыр. Мұндай белсенділіктің себебі бір ғана: елдер арасында қалыптасқан байланыстар мен қарым-қатынастарды үзіп алмауға талпыныс. Барлық ресми қарама-қайшылықтарға қарамастан Қарабақты ЕАЭО пен ҰҚШҰ мүшесі болып табылатын Армениядан бөліп алу мүмкін емес. Бұл мәселеде де Астана маңызды бітімгер тарап болып табылады, ал президент Назарбаевтың саяси салмағы мен беделін айтпасақ та болады. Өзара ынтымақтастықтың маңызды мәселесі экономика, энергия тасымалдағыштар транзиті, көлік коммуникациясы, Каспий аймағы болып табылады. Екі тарап арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас деңгейі бұдан да жоғары болуы мүмкін деп есептеледі. Алайда мұнда жаһандық саяси дағдарыс аясында шаруашылық саласының төмендеуін ескеру керек. Егер тараптардың қауіптері туралы айтар болсақ, екі басшы да Каспий теңізі бойынша ең жақын көршісі Иранға деген АҚШ-тың қысымы туралы мәселеге тоқталмай кете алмайды. Бұл мәселе бойынша өңірдегі жағдай қалай болатынын алдын ала болжап қана қоймай, оған дайын болу қажет", –  деді Григорий Трофимчук.

Оның айтуынша, қауіпсіздік – бүгінгі күннің басты мәселесі. Мұндай қауіп-қатердің алдын алуға үстіміздегі жылдың екінші жартысында Астанада өтетін Ислам ынтымақтастығы ұйымының саммиті көмектеседі деген үмітте. Тұтастай алғанда, бірқатар эмоционалдық қарама-қайшылықтар Қазақстанға оңай болмай отыр, мысалы, Қазақстан Әзербайжанға қарағанда, ЕАЭО және ҰҚШҰ бойынша одақтас ел Арменияға әлдеқайда жақын болуы керек еді.

"ҰҚШҰ бас хатшысы лауазымына келер болсақ,  оны ұйымға мүше кез келген елдің өкілі иелене алады, бұл мәселеде армян үміткеріне кедергі келтіру үшін Бакудің қысым көрсетуі екіталай. Оның үстіне Астананың көмегімен, себебі мұндай екіжақты уағдаластық біртүрлі көрінер еді. Егер Әзербайжан ҰҚШҰ мүшесі болғанда аталған мәселе бойынша наразылығы өзгеше сипатқа ие болып, күн тәртібінде тұрар ма еді. Сонымен бірге барлық жағдайларды ескерсек, бұл мәселеде Баку мен Астананың ұстанымынан гөрі Минсктің көзқарасы әлдеқайда маңыздырақ болғалы тұр" - деп сөзін түйіндеді спикер.

Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу