"Нұрлы жол" вокзалы мен әуежайдың жаңа терминалы ашылды

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2820

Нұрсұлтан Назарбаев Астанада жаңадан салынған нысандарды аралады. 

 "Нұрлы жол" вокзалы мен әуежайдың жаңа терминалы ашылды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы "Нұрлы жол" вокзалын ашты.

Аумағы 126 мың шаршы метр болатын жаңа вокзал алты қабатты. Ол тәулігіне 35 мың жолаушыға қызмет көрсете алады.  

"Жуырда EXPO ашылады, осыған байланысты Астананың жаңа мақтанышы болатын жаңа нысандарды аралап жүрмін. Бұл бұрынғы кеңес елдері арасындағы осындай жалғыз вокзал, мен тіпті Еуропада мұндайды көрген жоқпын. Ол болашаққа арналып салынған.Қазақстанның барлық өңірін "Тальго"  жүрдек пойызымен байланыстырдық, олар сағатына 150-200 шақырым жылдамдықпен жүре алады. Бұрын Алматыдан 24 сағатта жететін болсақ, қазір 11 сағат жеткілікті", – деді президент.

Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату үдерісін интеллектуалдық басқару желісімен қамтылған.

"Ертеңнен бастап халықтың игілігіне ұсынылатын пойыз маршруттары мен уақыты бекітілді", – деді "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы" АҚ вокзал шаруашылығын дамыту және пайдалану департаментінің директоры Жұбан Көрпебаев.

Бірінші және екінші қабатта 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Сонымен қатар ол жерде қызметтік-теxникалық бөлмелер орналасқан. Үшінші қабатта шатыр астында перрон орын тепкен. Төртінші қабат ең негізгі қабат болып саналады. Мұнда басты кіреберіс пен 10 билет кассасы, анықтама бюросы, сауда орындары бар. Бесінші қабатта фуд-корт орналасқан. Алтыншы қабатта әкімшілік кеңселер болады.

Сонымен қатар  вокзалда ана мен бала бөлмелері, қонақ үй, медициналық пункт бар. Вокзалдың қауіпсіздігіне де көп көңіл бөлінген. Ғимаратта адамдарды тексерістен өткізетін 16 кіреберіс бар. Оның үстіне ақылды жүйемен басқарылатын 510 шақты камера орнатылған. Бұл вокзалға негізінен соңғы аялдамасы Астана болатын пойыздар қатынайды. Ал ескі вокзалда транзиттік пойыздар мен қала маңы қатынасына басымдық беріледі.

Келесі жылы қаланың орталығын, ЭКСПО, Назарбаев университеті мен әуежайды қосатын жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі тартылатыны мәлім. Осы орайда, жаңа вокзал жанынан қалааралық автобустар аялдайтын арнайы ғимарат салынып жатыр. Олардың өз кассалары болады. Қалалық таксиге де жеке орын жасалмақ.

"Нұрлы Жол" темір жол вокзалының құрылысы кезінде 2 мың жұмыс орны ашылса, нысан пайдалануға берілгенен кейін 1,8 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. 

Жаңа вокзалдан бөлек Елбасы Астана халықаралық әуежайының жаңа терминалының ашылуына қатысты.

Терминал VIP және қарапайым жолаушыларға арналған екі аймақтан, өрт кіреберісінен тұрады. Жолаушыларды тіркейтін 26 бірдей орын және төлқұжат тексеретін 42 кабина орнатылған. Ал жаңа жүйенің арқасында қол жүктерінің 1200 данасын бір сағаттың ішінде өткізуге болады. Терминалдың жалпы ауданы  47 мың шаршы метр.

"Жүктерді өткізу жүйесінің басты ерекшелігі  қандай да бір қауіпті жүк болса, оның барлығы автоматты түрде бірден басқа жолақпен кетеді де, қауіпсіз аймаққа шығарылады", –  дейді әуежайдың бас директоры Раділбек Әдимолда.

Әуежайдың жаңа терминалы бес-алты күннен кейін жолаушыларға қызмет көрсете бастайды. Ескі ғимараттан ішкі рейстер ұшырылса, жаңа терминал xалықаралық рейстерге қызмет көрсететін болады. Жаңа терминалдың жолаушы өткізу мүмкіндігі жылына 5 млн адам екенін ескерсек, енді Астана әуежайы жылына 8,2 млн жолаушыға қызмет көрсететін болады. Осының арқасында алдағы уақытта елордаға қатынайтын халықаралық әуе рейстерінің санын арттыру жоспарланған.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу