Астаналықтардың құнарсыз тамаққа құмарлығы алаңдатады

2864

Ел үкіметі қазақстандықтардың қаншалықты нәрлі тамақтанып отырғанын анықтады.

Астаналықтардың құнарсыз тамаққа құмарлығы алаңдатады

Бір қызығы сол, ауылдықтар қалалықтарға қарағанда әлдеқайда жұғымды ас ішеді екен.

Кеңес тұсындағы бос сөрелер заманында және одан бұрынғы кезеңдерде де ауылдарымыз қаланы асырап отыратын. Қыс басталса қала қазағы ауылдан соғым күтетін. Жазғытұрым ауылдардан қалаларға жеміс-жидек, көкөніс, ет пен сүт тасыған жүк көліктерінің керуендері үздіксіз қатынап жататын.

Енді әлем нарықтары ашылып, гипер-супер-шағынмаркеттер мен дүкен сөрелері әлемнің әр түкпірінен әкелінген азық-түлікке толған қазіргі дәуренде қала халқы қалағанын татып, таңдағанын жей алады. Алайда мемлекет анықтағанындай, олардың бәрі ауылдың өніміндей адамға нәр мен әр бермейтінге ұқсайды.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті "Қазақстан халқы тұтынған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы туралы" есеп әзірледі. Оны дайындау барысында зерттеушілер үйді-үйді іріктемелі түрде аралап, елдің не ішіп, не жеп отырғандарын білген. Нәтижесінде, Қазақстанда "тамақ депривациясының деңгейі", яғни тамақтануының калориялылығы рұқсат етілетін ең төменгі деңгейден де төмен болып шыққан. Халықтың үлесі 2017 жылы, алдыңғы жылмен салыстырғанда, 1,1 пайыздық тармаққа азайып, 3,6 пайызды құрағаны мәлім болды. Қарапайым тілмен айтсақ, қазіргі заманда осынша қазақстандық ашығып жүр.

Сөлдері құрып, ішегі шұрылдап, ашқұрсақ жүрген азаматтардың үлесі қалада көп көрінеді және олар барлық қалалықтардың жалпы үлесінің 3,5 пайызын құрайды. Ал ауылдықтар арасында бұл көрсеткіш тура 3 пайызға тең екен. Және бұл өзгешелік бірнеше жылдан бері сақталуда. Айталық, нәрлі ас іше алмайтындар үлесі 2015 жылы қалалық жерде 3,5%, ал ауылдық жерде 2,3% болса, 2016 жылы тиісінше 4,6% және 3,7%-ды құраған. Осы орайда сондай-ақ, 2015 жылмен салыстырғанда, ашығушы қазақстандықтар қатары артқаны байқалады.

"2017 жылы халық тұтынған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы жан басына шаққанда орташа есеппен, Қазақстанда күніне 3192 ккал болды. Бұл өткен жылға қарағанда 217 ккалға көп. Сонымен бірге, ауылдық жердегі халықтың тамағы қалалық жерге қарағанда неғұрлым калориялы екендігін атап өтуге болады", – делінген баянжазбада.

Егер әр жылдағы динамикаға келсек, қазақстандықтар тұтынған азық-түліктің энергетикалық құндылығы 2015 жылы – 3164 ккалды (соның ішінде қалалықтарда 3112, ал ауылдықтарда 3233 ккал), 2016 жылы  2975 ккалды (қалалықтарда 2935, ауылдықтарда 3028) құраған. Өткен жылы қалалықтар тамағының нәрлілігі 3162 ккалға, ал ауылдықтарда 3233 ккалға дейін көтерілген.

Әрине, барлық өңірде халық бірдей құнарлы тамақ жеп отыр деуге болмайды. Мұны статистикашылар да растайды. Және олар жаға ұстатар жайтты анықтаған: фаст-фудқа мықтап бет бұрған елордалықтар бәрінен де нәрсіз тамақтарға ұрынып отырған көрінеді.

"Өңірлік тұтынысты қарастыра отырып, еліміздің барлық өңірлерінде халық тұтынған тамақ өнімдерінің іс жүзіндегі энергетикалық құндылығының деңгейі "энергетикалық құндылықтарға деген ең төменгі қажеттіліктер" деңгейінен асып түскенін атап өткен жөн. Энергетикалық құндылығының ең жоғары деңгейіндегі тамақ өнімдерін Шығыс Қазақстан облысының, ал ең төменгі деңгейіндегісін – Астана қаласы тұрғындары тұтынатыны байқалады", – делінген статкомитет дерегінде.

Нақтырақ тоқталсақ, Астанада халық тұтынған тамақ өнімдерінің энергетикалық құндылығы 2864 ккалды, ал ШҚО-да 3638 ккалды құрады. Көшбасшылар қатарындағы екінші орынға 3419 ккал көрсеткішімен Павлодар облысы шықты. Ал "үштікті" жаңадан құрылған Түркістан облысы (3374) тұйықтайды.

Басқа өңірлердегі жағдай мынадай: Алматы қаласында 3326 ккал, Атырау облысында 3259, Қарағанды облысында 3242, Қызылорда облысында 3183, Маңғыстау облысында 3072, Алматы облысында 3046, Ақмола облысында 3036, Жамбыл облысында 3015, Қостанай облысында 2976, БҚО-да 2960, Ақтөбе облысында 2928, СҚО-да 3063 ккал.

Зерттеушілер еш ерінбей, халық тұтынған тамақ өнімдерінің химиялық құрамын да зерделеп шығыпты. Оның нәтижесінде, қазақстандықтардың "көмірсуларға" (углевод) "құштарлығы" әшкереленген. Көмірсулар нан және ұн өнімдерінде, әртүрлі жарма өнімдерінде көп кездеседі, оның үстіне зерттеушілер дәл осы өнімдердің үлес салмағы әсіресе, ауылдықтардың ас мәзірінде басымдыққа ие екенін анықтаған. Статистика комитетінің басқарма басшысы Наталья Белоносованың дерегінше, құрамы ақуыз және майға бай ет және ет өнімдері, сүт өнімдері және жұмыртқаның үлесі ауылға қарағанда, қала тұрғындарында жоғары болып шықты.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу