Астық экспортынан бас тартуды ұсынды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4030

Қарағандылық ұн өндірушілер шикізат түрінде астық экспорттауды доғарып, оны тек өңделген күйде сатуды ұсынды.

Астық экспортынан бас тартуды ұсынды

Егер үкімет мән берсе және қолдау көрсетсе, отандық өндірушілер ұн шығару көлемін қазіргіден бірден төрт есеге арттыруға дайын отырған көрінеді.

Бірақ әзірге бұл сала серпінді дамуға қол жеткізе алмауда. Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің дерегінше, жыл басынан бері ұн тартушылар жаһандық нарыққа өткізген өнімдерінің көлемін сәл арттыра алды. Алайда әлемдік "қара базардағы" бағаның арзандауы нәтижесінде олардың табысы керісінше, 4%-ға кеміген.

Жалпы алғанда, осы жылғы үш тоқсан қорытындысында қазақстандық өндірушілер 3,05 миллион тонна ұн жасады. Бұл 2017 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда, небары 1,9%-ға ғана көп.

2018 жылдың басынан бері отандық ұн өндірушілер ұнға деген ішкі қажеттілікті 99,9%-ға жапты. Импорт 0,1%-дан аспады. Былтыр да дәл осылай болған.

Ал 1,4 миллион тонна ұн экспортқа шығарылған. Бұл бір жыл бұрынғыдан 4,4%-ға көп. Соған қарамастан, экспорттан түскен қаражат 272 миллион долларды ғана құрап, былтырғыдан 4,3%-ға кеміді.

Өңірлік бөліністе алсақ, бірқатар облыстар екпініне ерен екпін, қарқынына керемет қарқын қосқаны, ал кейбірінің алға басқан қадамы кері кеткені байқалады.

Ұн өндірісіндегі еліміздің сөзсіз көшбасшысы мәртебесін Қостанай облысы сақтап қалды: жалпы көлемнің үштен біріне жуығы – 28%-ы жалғыз өзіне тиесілі. Алайда өңір бұл салада шегіншектеуде: жыл басталғалы, 854,3 мың тонна межеге ғана қол жеткізіп, көрсеткішін 5,6%-ға кемітіп алды. Екінші тұғырда жаңа мегаполисіміз – Шымкент қаласы орналасқан: ол өз "диірмендерінде" 393,7 мың тонна ұн тартып, жалпыреспубликалық көлемде 12,9%-дық үлесті иеленді.

Биыл "үштікте" өзгеріс бар. Әдетте, көшбасшылар қатарын астықты Ақмола облысы тұйықтайтын. Өңір 309,2 мың тонна ұн жасап, былтырғы жетістігін қайталады. Бірақ сайыс тілімен айтсақ, бұл "қола жүлде" алуға жетпей қалды. Өйткені Солтүстік Қазақстан облысында тіркелген компаниялар биыл өз ұн өндірісін 335,2 мың тоннаға дейін өсіріп, Ақмола облысын төртінші тұғырға түсіріп тастады. СҚО-ға қазір 11%, ал Ақмолаға 10%-дай үлес тиесілі.  

Жетекші "үштікке" тоқталсақ, Қостанай өңірінде "Костанайский мелькомбинат" АҚ-ы, "Саламат", "Асалия", "Азия Ұны", "Romana-Нан", "Аруана-2010", "КЗП" және басқа да компаниялар, Шымкент қаласында "Miller & K", "Атамекен" корпорациясы, "Алтын-Дән", "Pioneer Grain Products" секілді кәсіпорындар, СҚО-да "Кзылтуский мукомольный комбинат" ЖШС, "Мамлютский мукомольный комбинат" ЖШС сияқты осы сала бизнесінің алпауыттары жұмыс жасауда.

Ал Ақмола облысының беткеұстарлары қатарында "Урожай" ЖШС, "Колутон-95", "Agrimer-Astyk" және өзгелері аталады.

Сарапшылар байламынша, болашақта көшбасшылар сапында өзгерістер болып қалуы да ғажап емес. Мысалға, Түркістан облысы (287,8 мың тонна) мен Қарағанды облысының (280 мың тонна) жетістіктері көшбасшыларға жақындап қалды. 

Өзге де өңірлер бұл салаға тыңнан түрен салып, жап-жақсы тегеурін танытуда. Өсім бойынша көшбасшыларды атасақ, бидайды көп жиғанымен, оны өңдеуде арттап жүрген Солтүстік Қазақстан осы жылы ұн өндірісін шамамен төрттен бірге – 26,9%-ға ұлғайтты. Әнеу жылдары құрғақшылық пен қуаңшылыққа ұшырап, біраз астығынан айырылған Батыс Қазақстан облысы да енді еңсе көтеріп, өндірісін бірден 25,8%-ға (89,1 мың тонна) жоғарылатты. Алматы облысы да көрсеткішін күрт – 18,5%-ға жақсарта алды (88,4 мың тонна).

Өзге өңірлердің табыстары келесідей: Шығыс Қазақстан облысы – 111,7 мың тонна, Астана қаласы – 105,9 мың тонна, Алматы қаласы – 69,7 мың тонна, Ақтөбе облысы – 59,7 мың тонна, Павлодар облысы – 48,6 мың тонна, Маңғыстау облысы – 9,2 мың тонна, Жамбыл облысы – 7 мың тонна, Атырау облысы – 0,4 мың тонна.  

Айта кету керек, жан басына шаққандағы ұн экспорты бойынша Қазақстан ұзақ жылдар бойы әлемдегі "№1 мемлекет" саналып келген. Әйтсе де, кейінгі жылдары өндірісте құлдырау тіркелді: ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2013 жылы – 3,2 пайызға, 2015 жылы – 3,7 пайызға, 2017 жылы – 1,6 пайызға төмендеді.

Қарағанды облысының ұн өндірушілері мен нан пісірушілер қауымдастығының басшысы Дос-Мұқасан Тәукебаевтың айтуынша, Қазақстан ұн өндірісі көлемін төрт есеге өсіру мүмкіндігі мен әлеуетіне ие. Ол елде жиналған барлық астықты шикізат түрінде шетелге экспорттамай, барлығын толығымен өңдеуді ұсынады. 

Бірақ мамандар мұндай радикалды қадамға барудың қажеті жоқтығына сенімді: әйтпесе, Қазақстан онсыз да қолдан сусып шыға бастаған жаһандық астық нарығынан айырылып қалады да, кері орала алмайды. Мәселен, Ресей Қазақстанды Мысыр нарығынан ысырып шығарды. Қазір ел үкіметі елшілігіміз  арқылы Мысырға қайтадан астық жеткізу жолдарын іздеуде. Сонымен бірге, мамандар ұн экспорты көлемін арттыруды қолдайды.

"Қазақстанда кейінгі азайғанның өзінде, бидай бүкіл егістіктің 55 пайыздан астамын алып жатыр. Ішкі тұтыныс үшін бізге шамамен 9-9,5 миллион тонна астық керек. Тағы 7-8 миллион тоннасын жыл сайын шетелге экспорттаймыз. Бізде егіннің орташа шығымдылығы кейінгі 5 жылда әр гектардан 12 центнерден айналуда. Яғни, гектардан бір тоннадан сәл астам ғана өнім жиналады. Әлемдік нарықта баға да бұрынғы деңгейде қалуда. Нәтижесінде, астық өндірушілер бір тоннадай алады да, оны өткізуден өз шығындарын ғана жабады", – дейді "Атамекен" ұлттық палатасының агрөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департаменті директорының орынбасары Жанна Ақышева.

Егер өндірісін арттырса, Қазақстан келешекте қайтадан жаһандық көшбасшы атана алады.

"Түркия әлемдегі негізгі ұн экспортшысы болып табылады. Ол екі жыл ішінде ұн экспорты көлемін 1,2 миллион тоннадан екі есеге – 3,5 миллион тоннаға дейін ұлғайтты. Қазақстан қазір тұрақты түрде екінші орында келеді және үшінші орындағы Еуропалық одақты көп артта қалдырды. Қазақстан 2007 жылдан бері әлемдік лидер болды. Алайда оның экспорт көлемі бұрынғы деңгейде сақталғанымен, мемлекет жаһандық рейтингте екінші орынға түсті", – дейді БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (FAO) экономисті Дмитрий Приходько.

Көшбасшылықты жоғалтуына көрші мемлекеттердің өз нарықтарын қолдау мақсатында қазақстандық ұн алдынан тоспа құруы, бұл өнімді жаһандық нарыққа тасымалдаудағы қиындықтар ықпал етті. Соған қарамастан, "қазақстандық ұн" бүкіл дүниежүзі білетін әлемдік бренд саналады.

Отандық осы өнімнің басты тұтынушысы Ауғанстан болып табылады: ол осы жылы еліміз сыртқа шығарған барлық ұнның 60%-ына жуығын немесе 854,94 мың тоннасын сатып алған. Рас, бұл өткен жылғыдан 6,3%-ға аз. Екінші ірі тұтынушымыз – Өзбекстан: оның экспортымыздағы үлесі 32,5% немесе 464,56 мың тонна. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев арқасында достық қарым-қатынастар екі елдің ынтымақтастығын нығайтып, осы салаға да ізгі әсер етуде: бір жыл ішінде өзбек ағайындар қазақстандық ұнды сатып алу көлемін 25,2%-ға арттырды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу