Ирандық кемеде 100% дәрілеу жүргізілген

3134

"Агроконсульт" компаниясындағылар барлық технологиялар сақталып әрі дәріні мөлшерлеу фитосанитарлық инспектордың қадағалауымен жүргізілгенін айтады.

Ирандық кемеде 100% дәрілеу жүргізілген

19 қазанда Ақтаудан Бакуге қазақстандық астық тасымалдаған ирандық кеме экипажы мүшелері жүкті өңдеу барысында қолданылған химиялық заттардан уланып қалуы мүмкін. Бұл Әзербайжанның денсаулық сақтау министрлігінінің алдын ала айтқан мәліметі болатын. Оқиғаға ресми мәлімдеме жасалған жоқ.

Иран тарап Қазақстанның сыртқы істер министрлігіне хабарласпаған. Дегенмен Қазақстанда жүктің жөнелтілу жағдайы туралы анықтады. Еліміздің ауыл шаруашылғы министрлігі фумигацияны (астықты зарарсыздандыру – Ред.) "Агроконсульт" ЖШС жүргізгені, және барлық шара ереже бойынша жүргізілгені туралы ақпарат таратты.

Кемелерде мұндай "операцияларды" жүргізудің егжей-тегжейін білу үшін аbctv.kz тілшісі серіктестіктің директоры Гүлмира Әбішеваны әңгімеге тартқан болатын. Осы жерде айта кетейік, компания нарықта 18 жылдан бері жұмыс істеп жатыр және жылына шамамен 300-340 кемені "өңдейді".

– Гүлмира Исатайқызы, ирандық кемеде дәрілеу қалай жүргізілді?

– Импорттаушы елдердің экспорттық келісімшартына сәйкес, дәрілеу – міндетті талап болып саналады. Яғни, жүк белгіленген портқа тірі жәндіктерден таза күйде жеткізілуге тиіс. Аталған жағдайда сатып алушы мен сатушы арасында келісімшарт бар, онда мұндай талаптар келісілген.

Ирандық кемеде 100% дәрілеу жүргізілді, барлық технологиялар, әдістемесі, әдеттегідей тоннасына 9 грамм мөлшерлеу талабы сақталды. Дәрілеу фитосанитарлық инспектордың қадағалауымен жүргізілді. Жұмысты жүргізудің алдында сол кемеге комиссия кіреді. Комиссия кеден комитеті, шекара қызметі, кеменің меншік иесінің, экспедиторлық компания өкілдерінен тұрады. Олар дәрілеуге, кемеге жүкті артуға рұқсат береді. Осыдан соң барып тиісті жұмыстар жүргізіліп, біз люктерді бекітеміз. Комиссия дәрілеу жүргізілгені туралы актіге қол қойып, осыдан соң кемеден кетеміз. Аталған жағдайда біздің компания тарапынан ешқандай қателік жіберілген жоқ.

– Осы уақытқа дейін мұндай оқиға болған ба еді?

– Болған емес. Мүлдем болған жоқ. Мен улануға дәрілеу себеп болды деп ойламаймын. Әрине, жүкті алушы тарапынан әлі ресми мәлімдеме жасалады, дегенмен барлық талаптар, мөлшерлеу сақталғандығына сенімдімін. Жұмыс істеген 18 жыл ішінде бірде-бір рет шағым түсіп көрген емес. Қазақстаннан Иранға тиелетін астықтың 95%-ын біздің компания дәрілейді. Біз тек Әзербайжан бағытында ғана жұмыс істемейміз. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне және Новороссийск және Дондағы Ростов порттары бағытына жөнелтілетін жүктерге зарарсыздандыруды жүргізіп келеміз. Былтыр дәрілеген жүктің көлемі 3 млн тоннаны құрады.

– Дәрілеу шарасының өзі қаншалықты қауіпті? Теңізшілер жүк сақтаулы люктерді ашуы мүмкін бе?

– Люктер ашық болмайды. Оларға бітеме салынады, өйткені ол – кедендік жүк. Егер олар люкті ашатын болса, онда бұл контрабандалық жүк деп саналатын еді. Ол мүмкін емес. Қазір ештеңе деп айта алмаймын. Жүкті алушы тарапынан ресми нұсқа айтылған соң, бәрі де белгілі болады.

– Дәрілеу уақыт жағынан да, қаражат жағынан да қаншалықты шығынды болып келеді?

– Дәрілеу өте қымбат тұрады, себебі фумиганттың өзі қымбат. Біз Қазақстан Республикасы аумағында рұқсат етілген препараттарды қолданамыз, олар ресми тізбеге енгізілген.

– Қай елде өндірілген?

– Ресейлік, үндістандық және немістердің шығарған түрлері бар. Біз лицензиясы бар компаниялардан сатып аламыз. Дәрілеу шарасының өзі 1-2 сағатқа созылады. Оның барлығы жүктің көлеміне байланысты болмақ. Аталған жағдайда кеме өте шағын болды, барлығы 1,5 мың тонна астық тиелді.

– Сіздер Иранға 95% жүк "өткізесіздер", бұл бағытта қазіргі уақытта кетіп жатқан жүктің көлемі қанша? Бір кездері Иранда баж салығы жоғары болып, астық тасымалдаушылар бұл нарыққа аса қызыға қоймаған еді.

– Иран – үлкен серіктесіміз. Былтыр 1,5 млн тонна астық жөнелттік. Жемазықтық арпаны да негізінен Иран сатып алады. Соңғы 2 жыл бойы арпа жөнелтіп жатырмыз. Қазақстан оған дейін бидай тиеп келді. Алайда қазір астық тасымаймыз. Себебі Иран өздерінің жаңа жылына (Наурыз) дейін бидай сатып алуға тыйым салды.

– Жалпы алғанда, биыл сыртқы нарықтарға еліміздің астығын жеткізу қалай жүріп жатыр?

– Еліміздің астығы – ол Қазақстанның бренді болып табылады. Солай болып келді және бола бермек. Себебі қазақстандық астық қай кезде де жоғары сапасымен ерекшеленеді. Тіпті ресей астығы мен біздікін салыстырып, біздің 4-кластың сапасы ресей астығының 3-класымен бәсекелесе алатынын талай мәрте көз жеткізгенбіз. Негізінен Иран сатып алуда. Олар жемазықтық арпа мен майлы дақылдардан – зығыр мен рапс алып жатыр. Бидайды Орталық Азия елдері – Өзбекстан, Түркіменстан импорттайды. Түркіменстанның биылғы сатып алатын көлемі өте үлкен – 0,5 млн тоннаға дейін 3 класты бидай алмақшы. Ресей жақсы "үштіктен", қатты сұрыптарды алады.

– Ал Италияға жеткізу жүріп жатыр ма?

– Жүріп жатыр. Олардың биылғы көлемі шағын ғана. Биылғы жыл диқандар үшін күрделі, жаңбырлы болды. Ауа райы кедергісін келтірді, сапа жағынан мәселе бар. Италиялық импорттаушылардың талаптарына сәйкес келе алмаудамыз. Олар протеин, дәннің мөлдірлігі, глютен индексі секілді терең көрсеткіштер бойынша өте жоғары талаптар қояды.

– Ал біздің астық өсірушілер сапалы астық алуға қаражат құя ма?

– Негізгі ірі және орта өндірушілер перспектива туралы, бұл бір күндік бизнес емес екенін ойлайды. Біздің нарықта жүргенімізге 20 жылға жуықтады, олардың бәрімен де байланыстамыз. Иә, олар инвестиция, қаржы құйғылары келеді, бірақ өздеріңіз де білесіздер, қазір барлығы да кредиттің қамытын киіп алған. Биылғы жыл жаңбырлы болды, бидай бітесі, арамшөп көп. Тіпті қаржы құйып, жаңа құрал-жабдық сатып алып, одан әрі дамуға құлшынғанымен, бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ.

– Дәрілеу жайына қайра оралсақ, осы нарықта қанша компания жұмыс істейді?

– Олардың қарасы көп. Нақты санын айта алмаймын. Шамамен 40-тай шығар. Қазақстанда алғашқы лицензияға ие болған біздің компаниямыз. Біз №1 лицензияны алдық.

– Сіздің серіктестігіңіз тағы немен шұғылданады?

– "Агроконсульт" ғылыммен де айналысады. Біз зақымдану атласын, зиянкестер туралы кітаптар шығарамыз. Оларды оқу орындарына таратамыз. Әр жаз сайын қаржыландыратын экспедициямыз бар: жастар алқаптарды, элеваторларды аралап, мониторинг жүргізеді. Ол мәліметтерді жинақтап, кітаптар шығарамыз. Себебі бүгінгі күні ауыл шаруашылық институтының бірде-бірінде жаңа жағдайларға лайықталған оқу құралдары жоқ. Жыл сайын жаңа пестицидтер мен жаңа химикаттар шығып жатыр, жәндіктер осы химикаттарға мутацияланып, бейімделіп кетуде. Оған қоса өзге елдерден тасылатын үлкен жүк ағындары жәндіктердің жаңа түрлерін өздерімен ала келуде. Сол себепті де біз ақпаратты жыл сайын жаңартып тұрамыз. Мұндай кітаптарды ешкім шығармайды. Ғылыми институттар бюджетке қарайды, олар үшін кітап шығару үлкен шығын. Элеваторлардың директорлары, өндірушілер мұндай кітаптарды сұрайды, сол себепті де оларды жасаймыз.

– Дәрілеу шарасын жүргізетін жұмыскердің қандай білімі болуға тиіс?

– Олар агрономдар. Біздің фумотрядтың жетекшілері Ресейге, Украинаға оқуын жетілдіруге барып қайтты. Біліктіліктерін арттыруды, оқытуды өзіміз де жүргізіп тұрамыз.

– Ирандық жүк кемесінде орын алған оқиғаға қатысты дәл қазір не айтыңыз келеді?

– Бірдеңе деудің, шу көтерудің еш мәнісін көріп отырған жоқпын. Аталған жұмысты барлық технологияны, мөлшерлеуді сақтай отырып комиссияның бақылауымен, инспектордың бақылауымен жүргіздік. Мұндай оқиғаның орын алғаны өкінішті-ақ. Адамдар қаза болды. Қайғыға ортақтасып, көңіл айтамыз. Осы салада жұмыс істеп жүрген инспекторлар, комиссиялар, кеме иелері мен экспедиторлар – барлығымызға да сабақ болмақ және одан қорытынды жасайтын боламыз. Неге бұлай болғанын саралауға тиіспіз. Ал әзірге жүкті алушының ресми нұсқасын күтудеміз.

Айгүл Түлекбаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу