Бидай мен ұн шектеусіз экспортталады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
11420

Азық-түлік тауарының шетелге сатылуына қойылған мәжбүрлі шектеу 1 маусымнан бастап күшін жояды.

Бидай мен ұн шектеусіз экспортталады

Төтенше жағдайға байланысты наурыз айында ауыл шаруашылығы министрлігі сауда және интеграция министрлігінің мақұлдауымен бірқатар азық-түлік тауарының экспортына уақытша шектеу қойды. Шет елге сатуға тыйым салынған тауар тізіміне қарақұмық, бидай, қарабидай ұны, қырыққабат, сәбіз, картоп, қызылша, пияз, қант және күнбағыс дәні енгізілді. Шектеу шарасы еліміздің азық-түлік қорын сақтау үшін қабылданды.

Осы турасында ауыл шаруашылығы министрлігінің сайтына: "Қазақстаннан тыс жерлерге ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға тыйым салу, шектеу қою төтенше жағдай кезінде халықты үздіксіз және кепілді түрде қажетті азық-түлік тауарымен қамтамасыз ету үшін мәжбүрлі және уақытша енгізілген шара екенін атап өткіміз келеді. Азаматтарды жағдайға түсінушілікпен қарауға шақырамыз. Экспортқа қатысты соңғы жаңалықтармен таныс болу үшін ауыл шаруашылығы министрлігі жариялаған хабарландыруларды қадағалап отыруларыңызды сұраймыз", – деп жазылды.

Министрліктің шешіміне бидай мен ұн экспортымен айналысатындар қарсы болды. Олар дабыл қағып, Президенттің атына үндеу хат жол­дады.

Сәуір айында министрлік жаңа бұйрық әзірлеп, бидай мен ұнды шетелге квотамен сату туралы шешім шығарды.

Бұл туралы министрліктің ресми ресурсы: "Наурыз айының басында басқа мемлекеттер тарапынан Қазақстанның бидайы мен ұнына үлкен сұраныс туды. Шектеу қойылмаған жағдайда бидай мен ұнның барлық көлемін елден әкету қаупі туды. Тапсырыс көлемі күн сайын геометриялық пропорцияда өсті. Тіпті бұған дейін бидай мен ұнды экспорттаумен айналыспаған компаниялар да өтінім берді. "Астық өңдеушілер одағы" мен "Қазақстанның Астық одағы" өкілдерімен кеңес өткізгеннен кейін ұнды экспорттауға тыйым салуды алып тастау және тағамдық бидай мен бидай ұнын экспорттау көлемін квота бойынша сату туралы шешім қабылданды. Экспорттаушылар шет елге сатуға әзірленген бидай мен ұнның 30%-ын белгіленген баға бойынша ішкі нарықта саудалауға міндеттелді", – деп хабарлады.

Азық-түлік тауарының экспортына қойылған уақытша шектеу қолайсыздық туғызып тұрған тұста ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров экспорттаушыларды жағымды жаңалықпен қуантты.

"Тыйым салу және квота түріндегі барлық реттеу шаралары уақытша. Коронавирус індетіне байланысты карантиндік шаралар жеңілдетілді. Сәйкесінше тауар айналымы да біртіндеп қалпына келеді. 2020 жылғы 1 маусымнан бастап астық пен ұнға, сондай-ақ басқа да азық-түлік өнімдеріне  қойылған барлық шектеулерді алып тастау жоспарланып отыр", – деді Сапархан Омаров.

Министрдің мәлімдеуінше, қолданысқа енгізілген тыйым мен квота азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Өңірлердегі тұрақтандыру қорлары ұн және басқа да азық-түлік тауарының тапшылығын сезген жоқ.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу