Мұның себебі ретінде макроэкономикалық жағдайдың нашарлауы мен сұраныстың төмендеуі көрсетілсе, облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев кәсіпкерлік нысандарының азаюын ұсақ шаруашылықтардың кооперативтерге бірігуімен түсіндіреді. Сондай-ақ, өткен жылы облыстағы шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтардың саны 118,1 мың адамды құрап, алдыңғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда (64,0 мың) 7,2 пайызға кемігенін көрсетіп отыр.
Жалпы өңірдегі ШОБ негізгі бөлігін қызмет көрсету, сауда-саттық және ауыл шаруашылығы құрайды.
Кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер мен қаржы ұйымдары өкілдері арасында жүргізген сауалнамасына сай облыста бизнестің алға баспауының бірнеше себебі бар. Оның ең бастылары – қаржы ресурстарының қолжетімсіздігі, өнімді өткерудің қиындығы, инфрақұрылымның қиындығы және қажетті мамандардың тапшылығы.
Сондай-ақ, түрлі тексерулер мен салықтар, айыппұлдар да өңір кәсіпкерлеріне кері әсерін тигізбей қоймайтын көрінеді.
Мысалы, өткен 2016 жылдың ішінде облыстық Кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлік субъектілерінен жалпы саны 217 шағым түскен. Ол шағымның сомасы 1,1 миллиард теңге болатын 43 пайызы оң шешімін тапқан. Сондай-ақ, өткен жылы кәсіпкерлердің құқығын сот арқылы қорғаған палата қызметкерлері 22 сот ісінің 80 пайызын кәсіпкерлердің пайдасына шешіп берген. Сондай-ақ, облыстық прокуратура мен құқықтық статистика комитеті қызметкерлерімен бірігіп, 700-ден аса заңсыз тексерудің алды алынған. Осының негізінде кәсіпкерліктің қанат жаюына облыста ғана емес, жалпы республикада кедергі болып отырған бірқатар мәселелер анықталған. Олардың қатарында салық, жер қатынастары, мемлекеттік сатып алу, сот қорғауы, монополия мен тарифтерді бекіту, субсидиялау сынды мәселелер бар.
Жамбылдық кәсіпкерлерді толғандыратын тағы бір мәселе – екінші деңгейлі банктердің елді мекендердегі шаруашылықтарды несиелендірудің қиындығы. Өйткені, банктер көбінесе ауылдағы мүліктерді кепілдікке алмайды. Ал Жамбыл облысының шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысып отырған азаматтырының жартысына жуығы нақ осы агроөнеркәсіп саласында еңбек етеді. Бұл мәселені оңтайлы шешу мақсатында КҰП мен облыс әкімдігі бірігіп "Атамекен Тараз" микроқаржы ұйымын" құрған болатын. Бүгінгі таңда аталған қаржы ұйымы жалпы сомасы 265 миллион теңгеге 34 несие берген.
Өңірдегі осы секілді шешімін күткен мәселелер мен қолға алынып, жасалып жатқан жұмыстар "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаевтың облысқа жасаған арнайы сапары барысында ұйымдастырылған кездесуде кеңінен талқыланды.
Жұмыс сапарын "Казфосфат" ЖШС-на қарасты "Минералды тыңайтқыштар зауытының" жұмысымен танысудан бастаған Тимур Асқарұлы Жамбыл облыстық Кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің кеңейтілген отырысына қатысты.
"Біз барлық өңірдегі адал тауар өндіруші кәсіпорындардың тізімін жасақтаудамыз. Біз оларға мемлекеттік сатып алулар мен квазимемлекеттік сектордағы сатып алулар кезінде қолдау білдіретін боламыз", – деді Тимур Құлыбаев жиын барысында. – Бұл тізімді, сондай-ақ, ұлттық компанияның сатып алу кезінде де қолдануымызға болады. Әлбетте, аталған іс әкімдіктің қолдауынсыз болмайды. Бұл мәселеде толыққанды қолдау мен диалог қажет". Сондай-ақ, Тимур Құлыбаев туризм мәселесіне де ерекше назар аударды. Өңірлік палата мен облыс әкімдігі бірігіп туристік ақпараттық орталық құрғанын тілге тиек еткен ол: "Біз өзіміздің өңірлік дирекцияға жергілікі әкімдікпен бірігіп туристерге арналған мәдени, тарихи, табиғи орындарды белгілеуді тапсырған болатынбыз. Соның нәтижесінде біз республикалық және облыстық картаға қандай нысанның енгізілетінін белгілеуіміз қажет. Республикалық картаға енген орындарға қосымша қаражат бөлініп, онда инфрақұрылым жүргізіледі. Ал онда қонақүй, асхана салу сынды жұмыстар шағын және орта кәсіппен айналысатын азаматтарға беріледі. Осылайша, өзара біріккен жұмыстың нәтижесінде облысқа атбасын бұрушылар қатары артатын болады. Бізде демалатын орындар баршылық. Туризм – бұл облыстық әкімдікпен бірігіп жұмыс істейтін дұрыс бағыт".
Айта кетейік, Жамбыл облысында туристерге ұсынуға лайықты деп танылған 741 нысан белгіленген. Олардың қатарында ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген Ақыртас мәдени кешені, Құлан, Ақтөбе, Қостөбе және Өрнек көне қалалары, 3336 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Облыс "Ұлы Жібек жолын жаңғырту" мемлекеттік бағдарламасына енгізілген.
Ал өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев өз кезегінде өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік ахуалы жайлы баяндай келе "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында облыста 2016 жылы "Өсім пайызын субсидиялау" бойынша жалпы сомасы 25,6 миллиард теңгенің 195 жобасы, "Банк несиелеріне кепілдік беру" бойынша 564,7 миллион теңгенің 70 жобасы "Индустриалды инфрақұрылымды дамыту" бойынша 1922,8 миллион теңгенің 13 жобасы мақұлданғанын айтты.
Кеңейтілген отырыс барысында бірқатар кәсіпкерлер мен өңірлік кеңес мүшелері өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Мысалы, Қордай аудандық "Интенсив-Білім" қосымша білім беру орталығы" ЖШС директоры Валерий Ромашенко жергілікті атқарушы орган өкілдері облыстағы жер телімдерін пайдалану мониторингін жүргізуге құқылы ма деген сауал жолдаса, "Новый регион" газетінің редакциясы" ЖШС директоры Лариса Сафонова жергілікті компаниялардың етті экспортқа өткізуі үшін аса қажет емес құжаттарды толтыруының қаншалықты қажет екенін сұрады. Өңірлік кеңес мүшесі, "ТаразПетролСервис" ЖШС директоры Есей Мухиев операторлар арасында жанар-жағармай бөлу қандай талаптарға сай жүргізілетініне қызығушылық танытты. "Атамекен" КҰП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев аталған мәселелердің барлығы назарға алынып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатынын айтты.
Маржан Кәрімжанқызы, Тараз