Коронавирусқа байланысты жарияланған пандемия өз кезегінде аймақ бюджетіндегі кейбір шығындардың азайып, бөлінген қаржының үнемделуіне жол ашып отыр. Бұл жөнінде Атырау облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында белгілі болды. Атап айтқанда, мектеп оқушыларының соңғы тоқсанда қашықтықтан оқуына орай ыстық тағамға бөлінген 409 млн теңге, мемлекеттік қызметкерлердің іссапарына бөлінген 232 млн теңге, көктем кезіндегі өтпей қалған бірқатар мерекелік шаралардың есебінен 288 млн теңге, мемлекеттік сатып алу тендерлерінің тоқтатылуына байланысты 49 млн теңге үнемделген.
Дегенмен, бұл қаржы да орнын тауып, қажет деп табылған баптар бойынша жұмсалуда екен. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бастығы Азамат Сәлімбаевтың айтуынша, үнемделген қаражат облыстағы тоғыз балабақша құрылысына, аз қамтылған отбасылардың балаларына компьютер сатып алуға, қыс мезгіліне дайындық шараларына, сондай-ақ, карантин кезінде денсаулық сақтау және құқық қорғау саласы қызметкерлерін ынталандыруға жұмсалған. Бұдан бөлек, мұнайлы аймақтың өз бюджеті есебінен Түркістан қаласындағы "Ұлы Дала Елі" орталығына жәдігерлер сатып алуға, Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Семей көшелерін абаттандыруға ақша бөлгені мәлім болды.
Айта кетейік, жыл басынан бергі облыстық бюджетке кіріс көлемі 167 млрд 617,4 млн теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджет трансферттері 25 млрд 262,7 млн теңге болса, кредиттер 4 млрд 597,6 млн теңгеге жеткен.
"Биылғы төрт айда мемлекеттік бюджетке түсімдер 448 млрд теңге болып, өсім көлемі 103,6 пайызды құрап отыр. Жергілікті бюджетке түсімнің өсім көлемі 33,4 млрд теңгеге жетті. Ал салық түсімдерінде өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім бар. Қазіргі таңда жергілікті бюджетке түскен түсім көлемі 134,8 млрд теңге", – деп мәлімдеді жақында бюджет қаржысының игерілуі, салықтық түсімдер мәселесіне қатысты өткен селекторлық жиынында Атырау облыстық кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Сағынаев.
Жалпы алғанда, Атырау облысы бойынша игерілмей тұрған қаражат көлемі – 3 млрд теңге.
Құралай Қуатова