Әуежайлардың қожайындарына тиіскен депутаттарға Үкімет басшысы жауап берді

840

Қазақстанның әуе қақпаларының шетелдіктердің басқаруына жаппай берілуі қоғамның алаңдаушылығын туғызды. 

Әуежайлардың қожайындарына тиіскен депутаттарға Үкімет басшысы жауап берді Фото: abilet.kz

Таяуда, биылғы 6 мамырда вице-премьер Серік Жұманғарин вьетнамдық "SOVICO Group" компаниясы Қазақстандағы әуежайлардың бірін басқаруға алуға ниетті екенін мәлімдеді.

"Вьетнам – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең ірі серіктестеріміздің бірі. Қазақстан Президентінің Вьетнамға сапары барысында вьетнамдық SOVICO Group біздің ұлттық "Qazaq Air" авиакомпаниясын сатып алды. Жақында олар тағы да келді, мен олармен кездестім. Олар енді әуежайымызды да сатып алу мәселесін қарастырып жатыр, себебі әуе компаниясына базалық әуежай қажет. Бұл компания өте үлкен, қарқынды дамуда. Осы бағытта үлкен жұмыстар жасалмақ", – деп мәлімдеді Үкімет басшысының орынбасары Жұманғарин.

Бұл мәлімдеме қоғам арасында қызу пікірталас туғызды.

"Ел арасында болып, сөйлескенде, естимін, әуежайларды шетелдіктердің басқаруына жаппай беріп жатқаны халықты мазалайды. Былтыр көлік министрі Қазақстанның 20-дан астам әуежайын шетелдік инвесторлардың басқаруына беруге дайын екендерін жариялады. Бұл дегеніңіз, елдегі барлық халықаралық әуежай деген сөз. Әуе қақпасы – кез келген елдің басты стратегиялық нысаны. Заманауи соғыс тактикасы бойынша қандай да бір елді басып алу үшін жау алдымен оның ірі елді мекендерінің әуежайларын қолға түсіруге тырысады. Бүгінде 9 әуежай мемлекеттің уысынан шығып кетіпті! Енді әуежайларымыздың тағы бірін Вьетнам алмақшы, ол – Ресейдің тікелей одақтасы ғой", – деді қоғам қайраткері, Qazaqstan Ardagerleri қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл.

Мысалы, әскери әуе көліктерін өндіретін ресейлік "Вертолеты России" корпорациясы Вьетнамда HELITECHCO бірлескен кәсіпорны аясында Ми-8/17 типті әскери мақсаттағы тікұшақтарды жөндеуді жолға қойды. Ресейлік ақпарат құралдары Вьетнамда ресейлік кем дегенде 80 әскери әуе көлігі жөнделгенін хабарлады.

Әскери одақтас Ресей және Вьетнам қош көретін саясат пен көзқарас көпбағдарлы саясат ұстанатын Қазақстанға жарай бермеуі мүмкін. Сондықтан қоғам қайраткері әуежайға инвестор таңдағанда ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан мұқият қараған жөн екенін қаперге салды.

Бұл жағдайды қазіргі депутаттар да құптамай отыр. Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Бас прокурордың атына ресми сауал жолдап, Астана әуежайындағы шетелдік инвестордың қиянатына қатысты наразылық күшейгенін жариялады.

Мәжілісмен бірнеше жыл бойы әуежай маңында жұмыс істеп келген отандық "Сервис-АСТ" компаниясы мен өзге де отандық кәсіпкерлердің келісімшарттарын шетелдік инвестор ескертусіз бұзып, орнынан күштеп қуғанын мәлім етті.

Қазақстанның бас қаласының бас әуе қақпасының ескі-жаңа қожайыны – БАӘ-ден келген инвестор уәде еткен модернизация мен даму орнына жылдар бойы жұмыс істеп келген қазақстандық кәсіпкерлерді ығыстыруға кіріскен екен.

Депутаттың айтуынша, кәсіпкерлер Қазақстанның сот жүйесіне жүгініп, Жоғарғы сотта да жеңіске жетті. Алайда шетелдік басқарушы заңды күшіне енген қазақстандық сот шешімін орындаудан бас тартқан.

"Жоғарғы соттың шешімін елемеу – тек сот жүйесінің емес, жалпы еліміздің беделіне нұқсан келтіреді! Бұл – стратегиялық нысандарда отандық бизнеске қысым көрсетудің ашық көрінісі. Оларға ешкім әуежайды: "адал еңбегімен нәпақа тауып келген кәсіпкерлерімізді қуып шық" деп берген жоқ", – деген Толықбай сот шешімін елемеген шетелдік басқарушыға қатысты арнайы шара қолдануды, сол арқылы Қазақстанның имиджіне соққы берілуіне жол бермеуді сұрады.

Сенат депутаты Сүйіндік Алдашев әуежайларда күрделі жағдай қалыптасқанына, Президент те былтырғы жолдауында аэрохабтарды дамыту міндеті шешілмегенін еске салғанына назар аудартты.

"Біздің Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті биылғы сәуір айының басында "Азаматтық авиацияны дамыту" тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, онда депутаттар осы саладағы бірқатар жүйелі проблемаларды көтерді. Атап айтқанда, ел әуежайларын дамыту бойынша Үкіметте де, инвесторларда да жүйелі тәсілдің жоқтығы қадап айтылды. Өңірлердегі әуежай инфрақұрылымы қанағаттанарлықсыз күйге жетті", – деді сенатор.

Ол әуежайлардағы жерүсті қызмет көрсету аумағы бірқатар өңірлерде апатты жағдайда тұрғанын айтты. Олар түбегейлі қайта құруды қажет етеді. Бұл мәселе әуежай жабдықтарына да қатысты, олар да әбден көнерген, жаңа жабдықтар сатып алу талап етіледі.

Сенаторлардың байламынша, әуежайларды шетелдіктерге жаппай таратпастан бұрын алдымен бұл істегі жүйелі тәсілді және оңтайлы тетіктерді әзірлеу қажет. Әйтпесе, қазіргі Үкіметтің бейберекет әрекеттерінен болашақ ұрпақ зардап шегуі мүмкін.

Сондай-ақ сенатордың байламынша, әуежайларды басқарушы инвесторлар бизнес пен табыс қуа бермей, өздерінің негізгі қызмет түріне – мысалы, қону және ұшу жолағын жөндеуге, әуе кемелерінің тұрағын сайлауға, жолаушылар мен багажға дұрыс қызмет көрсетуге, терминалдарды пайдалануға, әуежайды заманауи жабдықтармен жарақтандыруға баса мән беруі керек.

Ашық дереккөздердегі ақпарат бойынша бүгінде келесі әуежайлар жеке компаниялардың меншігіне өтіп кетті:

• Орал халықаралық әуежайы – ресейлік "Ретранс" компаниясының иелігінде,

• Ақтау халықаралық әуежайы – 2036 жылға дейін Түркияның ATM Grup Uluslararası компаниясының сенімді басқаруына берілген.

• Алматы халықаралық әуежайы – 100% акциясы Түркияның TAV Airports Holding холдингінің иелігінде.

• Түркістан қаласының жаңа "Әзірет Сұлтан" халықаралық әуежайы - YDA түрік холдингі қолында.

• Шымкент халықаралық әуежайы – SCAT меншігінде.

• "Әулиеата" (Тараз) халықаралық әуежайы – SCAT әуе компаниясының меншігінде.

• Қарағандының "Сарыарқа" халықаралық әуежайы – акцияларының 60%-ы Turlov Private Holding арқылы миллиардер Тимур Турловтың, қалған 35%-ы Ерлан Оспановтың меншігінде.

• Жезқазған әуежайы – "Қазақмыстың" "Жезқазған Эйр" авиакомпаниясына тиесілі.

• Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы (Астана) – БАӘ Terminals Holding компаниясының басқаруына берілген. Онымен арадағы бұрынғы келісімшарттың мерзімі 2025 жылғы 7 қаңтарда аяқталып, елорданың әуе қақпасы уақытша коммуналдық меншікке өтті. Алайда қала әкімдігі сол компаниямен сенімді басқару туралы жаңа келісімді дайындап жатыр.

Үкімет басшысы Олжас Бектенов депутаттарға осы стратегиялық нысандарға қатысты қысқаша түсініктеме берді. Ол бұл салада жүйелі тәсіл барлығына сенімді.

Өйткені жалпы, авиация саласындағы мемлекеттік саясат стратегиялық құжаттарда, соның ішінде 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспарда (ҰИЖ), сондай-ақ 2030 жылға дейінгі Көліктік-логистикалық әлеуетті дамыту тұжырымдамасында көрсетілген әуежай инфрақұрылымын жаңғырту бойынша іс-шаралар аясында іске асырылады.

"Қазақстанда заманауи, ірі фюзеляжды әуе кемелерін қабылдауға және жолаушылар мен жүктердің тиімді транзитін қамтамасыз етуге қабілетті өңірлік авиациялық хабтар құру жоспарланған. Осы мақсатта Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы негізгі әуежайларды кеңейту мен реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде. Икемді тарифтік саясатты енгізу, кедендік және көші-қон рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ жанармай құю жүйелерін жаңарту және цифрлық сервистерді дамыту жоспарлануда", – деді Бектенов.

Оның тұжырымдауынша, белгіленген шаралар шетелдік капиталды тарта отырып, Қазақстанды таяу және алыс шет елдер үшін негізгі транзиттік торап ретінде күшейтуге бағытталған.

"Айталық, шетелдік инвестордың – түркиялық TAV Airports қатысуымен Алматы әуежайында 2024 жылы жаңа халықаралық терминал пайдалануға берілді. Оның өткізу қабілетін жылына 14 миллион жолаушыға дейін ұлғайтады. Бұған қоса, YDA түрік холдингі мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Түркістан қаласында жаңа "Әзірет Сұлтан" халықаралық әуежайын салды. Оған жалпы көлемі 70 млн доллардан астам инвестиция тартылды", – деді Үкімет басшысы.

Оның мәліметінше, сондай-ақ өңірлік аэродром-әуеайлақтарды дамытуға көңіл бөлінеді: ұшу-қону жолақтары, жарықсигналды және навигациялық жабдықтары жаңартылып жатыр, перрондары модернизациядан өтуде.

Премьер-министр қарша жауған сынға қарамастан әуежайларды инвесторларға тапсыру жалғасатынын жариялады.

"Басқару және қаржыландыру модельдерін оңтайландыру бойынша стратегиялық инвесторларға сенімгерлік басқаруға беру мәселелерін ары қарай пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Бұл өңірлік әуежайлардың қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет. Өз кезегінде инвесторлар алдында бейінді емес қызметтерді кезең-кезеңімен шығара отырып, қызметтің негізгі түрі ретінде авиациялық қызмет көрсетуді жүзеге асыру бойынша міндеттемелер белгіленеді", – деп сендірді Олжас Бектенов.

Мысалы, оның дерегінше, Ақтау әуежайында авиазауыт базасында әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын (MRO) құру жобасы іске асырылуда, бұл ел ішінде авиатехникаға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.

Түрік инвесторларынан басқа шетелдік инвесторлар туралы Премьер-министр ештеңе айтпады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу