"Ауыл мал сасып кетті": ауылдықтар төрт түліктен неге теріс айналуда?

16761

Еліміздің әр өңірінде ауыл тұрғындары мал ұстаушы отбасыларды жазалатып, кәсібіне толық тыйым салғызуға талаптанып жатыр.

 "Ауыл мал сасып кетті": ауылдықтар төрт түліктен неге теріс айналуда?

Әлеуметтанушылардың байламынша, Қазақстанда урбанизация үрдісі күш алды. Соңғы 10 жылда қала тұрғындарының өсу қарқыны ауылдағыдан оза жүруде. Нақтылай кетсек, 2010 жылдан бастап 2020 жылдар аралығында қала тұрғындарының саны 19,5%-ға, ауылда – бар-жоғы 3,4%-ға өскен. Урбанизациялану деңгейі 2021 жылы 59,1%-ды құрады, бұл 2020 жылғыдан 0,6% көп. Оның үстіне жылдан жылға тек артып келеді: урбанизациялану деңгейі 2014 жылы – 55%, 2015 жылы – 56,5%, 2016 жылы – 56,8%, 2017 жылы – 57,2%, 2018 жылы – 57,9%, 2019 жылы – 58,5% болған, деп жазады Inbusiness.kz.

Ауылда 8 миллион ғана халық қалмақ

Нәтижесінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Еңбек ресурстарын дамыту орталығының" демографиялық болжамында айтылғандай, ағымдағы онжылдықта, 2030 жылға қарай Қазақстандағы қалаларда бүкіл халықтың 61,2%-ы немесе шамамен 12,7 миллион адам өмір сүрмек. Ал ауылда 38,8%-ы немесе 8 миллион адам ғана қалатын көрінеді.

Дегенмен, қазірдің өзінде ауыл да өркендеп өзгеруде, біраз ауылды бұрынғының колхоз-совхозымен салыстыра алмайсыз: көшелері асфальтталған, ұялы байланыспен, интернетпен жабдықталған, көпқабатты коттедждер бой көтеруде.

Елді мекендердің тұрғындары енді ауыл ортасына мал кірмеуге тиіс деген талап қоюда. Яғни, баяғыдан көз үйренген, ауылдың әр тұсын төрт түліктің әрлі-берлі еркін кезетін көрінісі келмеске кетуі мүмкін.

Батыс Қазақстан облысының Зашаған кентінің тұрғыны Лаура Қараманова осындай проблема барын растады.

"Мысалы, кенттегі біз тұратын "Жақсы Ауыл" ықшамауданында бір тұрғын мал ұстайды, жылқы мен сиыр бағады. Үйінің айналасын қораға айналдырып жіберді. Жаз бойы малдарын көшенің әр жеріне байлап қояды. Олары көшеміздегі ағаштарды жеп кетеді. Зашаған әкімдігіне шағыммен жүгініп, сөйлескенмін. Олар тек учаскелік полиция қызметкері ескерту жасайды деді. Әкім кентте мал ұстауға болатынын алға тартады", – дейді ол.

Ауылдықтар наразылық білдіріп, облыс әкімінің де құлағын шулатыпты. Мәселеге орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев түсініктеме берді.

"Зашаған кенті әкімінің аппараты, сондай-ақ Орал қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары мен Зашаған Полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары шағымда айтылған жерге барды. Буйрин көшесінің мал ұстайтын тұрғынымен кездесіп, БҚО елді мекендерінде жануарларды асырау қағидасының 2-тармағында көрсетілген ауыл шаруашылығының жануарларын асырау жөнінде және БҚО елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидаларының "Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету" тармағы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Оған үй жануарын көше бойында жаюға және қараусыз жіберуге тиым салынды. Алдағы уақытта оның ережені бұзған деректері анықталса, жануар иесіне айыппұл салынатын болады", – деді облыс әкімі.

Кім кінәлі: табын қуған кәсіпкер ме, баланы қараусыз жіберетін ауылдық па?

Алматы облысындағы Чапаев ауылының тұрғындары да көшеде мал көргісі келмейді. Олар Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты мазалап жүр. Өйткені ауыл әкімі өнім өндіріп, өзін асырап, ауыл экономикасын көтеріп отырған ауыл кәсіпкерін қолдап шыққан.

"Бізде 2020 жылы асфальт жол төселді. Бүкіл көше болып қуандық, тіпті тойлап, дастархан жайдық. Рас, қаладағыдай тротуар жасап бермеді, осының өзіне рахмет. Алайда ұзақ қуана алмадық. Біздің көшемен мал табындары өтетінді шығарды. Олардың соңынан қиы қалады. Балалар самокат, велосипед тебе алмайды. Ата-аналар бала арбасымен серуендей алмайды. Ауламызға машина кірсе, доңғалағымен қиды есік алдына дейін әкеледі. Сыртта ойнап жүрген балалардың табын ортасына түсіп қалған кездері болды", – дейді Нұргүл Ергебек.

Оның айтуынша, тұрғындар наразылық шарасына шығып, әкімді алдыртыпты, ол мал өсіретін ауыл кәсіпкерін ерте келді. Ауыл шаруашылығы өндірушісі осы көшемен малын айдап өтуден басқа амалы да, жолы да жоқтығын түсіндірмек болыпты. Осы бағдарды пайдалану үшін тіпті су каналы үстінен көпір салған. Ауыл тұрғындары ол көпірді де қиратып, сүріп тастауды талап етуде.

Әзірге жағдай шешімін таппай, ары қарай ушығуда екен. Тұрғындар бұрыннан қалған "Қазақстан-2030" жарқағазы аясында малдың қиымен ойнап отырған балаларды суретке түсіріп, әлеуметтік желілерге салып, бүкіл әлемді шулатамыз деп қорқытуда. Ауыл әкімі екі оттың ортасында қалды: Үкімет төртінші деңгейдегі ауыл бюджетін ажыратқан, енді ауыл бюджетін толтыруға жергілікті әкім жауапты. Ал ауыл бизнесін өркендетпей, ол оған қол жеткізе алмайды.

"Иә, біз ауылда тұрамыз, бірақ біз қаладан 20 шақырым ғана жердегі ауылда тұрамыз! Балалардың ойнайтын алаңы болмаған соң, олар жолда ойнайды. Ол жолмен ауылдың байы малын айдап өтеді. Жақында жаңа оқу жылы басталады. Балалар мектепке және одан кері қарай қауіпсіз жүруі үшін тротуар жасап берсін", – деп тұрғындар талабын жеткізді Нұргүл.

Кәсіпкер кәсібін дамытқаны үшін жазалануы керек пе?

Алматы өңіріндегі Қарасай ауданында орналасқан Алмабалық ауылында да ұқсас шиеленіс өрбіді. Эльмира Тасболат жергілікті тұрғындар атынан әкімдіктерге, СЭС-ке және ветеринарлық станцияға арызданыпты. Органдар еш әрекет қылмай отыр дейді.

"Менің және көршілерімнің шағымы бір: іргелес жер учаскесінің қожайыны Гүлжамал 2021 жылдың басынан бері құс шаруашылығын қолға алды. Бұл жерде көршілердің, яғни біздің рұқсатымызды алған жоқ. Тауықтарды, бөденелерді, қаздарды, үйректерді және басқа да құс түрлерін өсіріп жатыр. Осы мақсатта өз учаскесінде құс ұстайтын құрылыстар салды. Қаптаған құс. Барлығы саңқылдап, қаңқылдағанда, ауылды шуға бөлейді. Қолқаны қабатын иісі де бар. Менің үйім құс өсіруші көршінің учаскесіне шекаралас тұр, бірнеше ай бойы тереземді ашудан қалдым. Бүкіл көше тұрғындары иіс-қоңыстан тыныс алуы қиындағанын айтады. Терезені ашпай тағы болмайды, түнде қапырық болып кетеді", – дейді ол.  

Әр жаққа арызбен шапқан, әкімқаралар мен басқа да шенеуніктерді шабуылдаған тұрғындар ауыл кәсіпкері Гүлжамал апайға құс шаруашылығын жүргізуіне тыйым салуды және ауылдықтарға қолайсыздық келтіргені үшін оны жазалауды талап етуде.

Елордалық кәсіпкер Мұхтар Бексұлтан жаз басында Ақмола облысындағы ағайындарын аралап, ауыл жаққа барыпты. Ауылдықтар мал ұстауды қойып бара жатыр дейді.

"Соқталдай жігіттер сенделіп бос жүр. Бар білгені, қыз-қырқын жағалайды. Таяуда жергілікті мал бордақылау кешенінің өкілдері келіп, әкіммен бірге тұрғындарды Мәдениет үйіне жинаған. Малшы-бақташылар, "разнорабочийлар" керек, жалақысы қомақты, уақытында төленеді деп шақырған. Сонда қол көтеріп, мен барам деген адам табыла қоймаған көрінеді. Жігіттер ол жақта интернет ұстамайды, сиыр мүйіздеп, жазым болармыз, мал иісі сіңіп, сасып кетеміз, қыз қарамай қояды деп, әралуан сылтау айтқан. Өзіміз бала кезде қой отарымен бірге араласып ойнақ салатынбыз, сиырлардың мүйізіне жармасып, арқасына қарғып мініп алатынбыз. Бәріне күйе жаққым келмейді, бірақ қазіргі ауыл жастарының біразы өзгерген сыңайлы. Қаланың баласы озық па деп қалдым. Өйткені білімге құштар, роботты техника, ай-ти, влоггинг секілді әр салаға қызығушылық танытып, жастайын маманданады", – дейді кәсіпкер.

Мұндай қарқынмен ауылда бизнес жүргізу мүмкін болмай қалайын деп тұр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу