Биылғы жылдың алғашқы жеті айының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығындағы ішкі жалпы өнім көлемі 1,3 трлн теңгеге жетті. Бұл өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 12,5% артық. Ал осы уақыттағы инфляцияны ескерер болсақ, аталған уақыттағы өнім көлемінің нақты өсімі 3,5% деңгейінде.
Саладағы ішкі өнімнің өсімінің 32%-ын Алматы (224 млрд теңге) мен Түркістан (186,9 млрд теңге) облыстары қамтамасыз етіп отыр. Ал үшінші орында тұрған ШҚО-дағы өнім көлемі 167,1 млрд теңге шамасында.
Одан кейінгі Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай, СҚО, Ақмола, Жамбыл, Павлодар, БҚО өңірлеріндегі ауыл шаруашылығының ІЖӨ көлемі 50-100 млрд теңге аралығында болса, Атырау, Қызылорда, Шымкент, Маңғыстау 6-24 млрд теңге аралығында.
Ең соңғы орындағы Алматы мен Астана қалаларындағы саланың ІЖӨ көлемі тиісінше 2,1 және 0,3 млрд теңге.
Ал жылдық өсім қарқыны бойынша ең алғашқы орында Маңғыстау облысы. Бұл өңірдің ІЖӨ өсімі биыл 5,1 пайызға артса, Ақтөбе мен Қостанай облыстарындағы өсім 4,8 пайызды құраған.
Артынша Павлодар облысы 4%, Жамбыл облысы 3,8%, Ақмола облысы 3,7%. ШҚО 3,6%, СҚО 3,2%, Қарағанды облысы 3,1%, Алматы облысы 2,9%, Атырау облысы 2,5%, Қызылорда облысы 2,0%, БҚО 0,1% өсім көрсетсе, Алматы мен Астана қалаларындағы көрсеткіш керісінше 0,9% және 6,8% кеміп кеткен.
Маусымдық факторларға сай, агроөнеркәсіптік кешен ішкі жалпы өнімінің 87,2 пайызын мал шаруашылығы құрап, 1,1 трлн теңгенің тауары мен қызметін ұсынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13,6 пайызға артық, ал физикалық көлемде 4,1 пайыз өсім бар.
Әр өңірдің өзіндік ерекшеліктеріне тоқталар болсақ, Қостанай облысында өсімді қамтамасыз етуші сектор сиыр сүті өндірісінің 6,5 пайыз, ет өнімінің – 4,9 пайыз, жұмыртқаның 0,9 пайыз артуы болса, Ақтөбе облысы тауық жұмыртқасының 27,9 пайыз, еттің – 5,8 пайыз, сиыр сүтінің 3,9 пайыз өсімі арқасында саланы алға ілгерілетті. Өз кезегінде Маңғыстау облысындағы тауық жұмыртқасының 2,1 есеге, еттің – 8,3 пайызға, сиыр сүтінің 6,9 пайызға артуы өңірді алға сүйреген.
Сонымен қатар, 2018 жылдың алғашқы 7 айының қорытындысы бойынша өндірілген жұмыртқа саны 13,6 пайызға артып 3,2 млн данаға жетсе, мал мен құс етінің өнімі 4,9 пайызға өсіп 946,5 мың тоннаға, мал терісі 6,7 пайыз көбейіп 1,5 данаға және сиыр сүті 3,2 пайыз ұлғайып 3,4 млн тоннаға жетті.
Малды сою көрсеткіші ғана емес, одан бөлек осы уақытта жалпы мал басы да айтарлықтай артып отыр. Мәселен, жеті айда жылқы басы 6,6 пайызға ұлғайып 2,7 млн-ға, ірі қара саны 6,4 пайыз көбейіп 7,8 млн-ға, түйе басы 6,2 пайыз артып 211 мыңға жетті. Ал құс саны 7 пайыз көбейіп 44,8 млн-ға жетті. Есесіне ешкі саны мен шошқа саны тиісінше 1,2 және 4,2 пайызға азайып 2,7 млн мен 926 мыңға дейін азайса, қой саны бар болғаны 0,7 пайыз өсіп 19,7 млн-нан асқан.
Бауыржан Мұқан