Қызылордалық күрішшілерге мал шаруашылығына ауысуды ұсынды

3339

Мұны ғалымдар Қызылорда облысында өткен малшылар слеті аясындағы ғылыми конференцияда талдап дәйектеді.

Қызылордалық күрішшілерге  мал шаруашылығына ауысуды ұсынды

Қызылорда облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Жахановтың айтуынша, соңғы жылдары өңірде тұрақты мемлекеттік қолдаулардың арқасында мал шаруашылығында оң даму үдерісі қалыптасып, агроөнеркәсіп кешені инвесторлар үшін тартымды салаға айналып келеді. Соңғы бес жылда Қызылорда облысында ауыл шаруашылығына тартылған инвестиция көлемі 27 есеге артқан.

Соның нәтижесінде, облыста мал басының өткен ғасырдағы ең көп болған уақыты 1993 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 35,6 %, жылқы – 70,3%, түйе саны 64,4% көбейіп отыр. Биылғы жылдың 1 мамырындағы мәліметке қарағанда, облыста 335,2 мың бас мүйізді ірі қара, 787,0 мың бас қой мен ешкі, 143,9 мың бас жылқы, 50,3 мың бас түйе, 2,8 мың бас шошқа, 114,4 мың бас құс өсірілуде.

"Жақында Парламент Сенатында ғалымдардың қатысуымен үлкен құрамдағы үкіметтік тыңдау өткізілді. Онда еліміздегі алда күтіліп отырған су тапшылығына қарсы іс-шаралар туралы мәселе қаралды. Қызылорда облысына қатысты түйгенім – егер осы қалыппен жүрсек, су мәселесіне қатысты күріштен бас тарта бастаймыз. Сол кезде міндетті түрде атакәсіп – мал шаруашылығына көшу жайы алдымыздан шығады. Мал өсіру үшін оның жемшөбі құнарлы болуға тиіс. Мұндай мүмкіндік Қызылорда облысында бар",– дейді "Микробиология және вирусология ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС-нің бас директоры, академик Амангелді Саданов.

Ғалымдардың айтуынша, қазақтың алғашқы айналысқан тірлігі – мал өсіру. Біздің ата-бабамыз осы сахарада төрт түлік малды мың-мыңдап айдаған. Малдың ыстыққа да, суыққа да төзімді сұрпын алған. Соның ежелгілері Еділбай қойы мен Адай жылқысының тұқымы қазіргі кезге аман-есен тегі бұзылмай жеткен. Жабы жылқысы Қазақстанның барлық өңірінде өз төлі есебінен өсіп жетілуде.

Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі, академик, профессор Әбдірахман Омбаев төрт түлікті асылдандыруда шетелдік тұқымға басымдық берудің қажеттілігі жоқ екенін айтады.

"Осыдан біраз бұрын Павлодарда жылқы шығыны болды. Академик Ничаевтың сұрауымен солардың тегін тексердім. Сөйтсем, шығынға ұшыраған жылқылардың бәрі сырттан әкелінгендер. Жабы жылқысына түк те болмаған. Шығын жоқ. Зерттегенімізде Адай мен Жабы жылқысында ежелден келе жатқан жабайы жылқының қаны қалған екен. Қазақтың қос өркешті түйесі де бабаларымыздың ұзақ жылғы селекциялық еңбегінің жемісі" дей келіп: "шетелден "Герефорд", "Аббердин", "Шароле", "Гертруда", "Обрак" атты етті бағыттағы сиырлар қымбатқа әкелініп жатыр. Біз реті келсе ТМД аумағын қарастырып көрсек, мал арзанға түседі. Қазір Сыр бойында Қалмақ сиырлары жерсініп кетті. Мұнымен Зұлпыхар Сыздықов деген азамат айналысып жатыр. Бұл Қалмақ тұқымды сиырлар төлін қасқырдан да өзі қорғай алады. Мұны көрші шаруашылықтарға беріп, тұқымын көбейткеніміз жөн. Біз шетелдік малға көп сұқтана бермей, мейлінше ауа райымызға төзімді, ғасырлар бойы сұрыптаудан өткен өз малдарымызға көбірек ден қойғанымыз абзал".

Өнімділікті арттыруда төрт түлікті асылдандыру маңызды. Осы бағыттағы жұмыстарды Республикалық мал шаруашылығын асылдандыру орталығы "Асыл түлік" АҚ-ның басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Болатхан  Махатов сөз етті.

"Қазір қолда ұстап отырған малымыздың саны бар да, өнімі төмен. Республикада бес-алты жыл бұрын ғана кең ауқымдағы селекциялық жұмыстар басталды. Малдың 70 пайызы жеке меншіктің қолында тұр. Қазір ет-сүт өңдеу зауыттары көптеп ашылып жатыр. Соларды ет-сүтпен қамтамасыз ететін қолда малы барлар. Ендеше, біз осы жекенің малдарының сапасын көтеруіміз керек. Өңірге Алатау сүтті сиырларын әкеліп, бірге жұмыс жасап жатырмыз. Бізде қолдан ұрықтандыру мәселесі кенже қалып тұр. Бір бұқа жылына әрі кетсе, 25-30 қашарды қашырады. Ал қолдан ұрықтандыратын болсақ, бір асыл тұқымды бұқамен 10 мыңнан астам қашарды қашыруға болады. Бұдан көп экономикалық тиімділікке жетеміз. Қолдан ұрықтандыру кезінде аналық семіз әрі дайын болуға тиіс. Ветеринардың шеберлігі мен біліктілігі, жемшөптің молдығы да қосымша фактор болады. Сонда ғана біз табысқа жете аламыз", – дейді ғалым.

Айта кету керек, облыста асыл тұқымды мал басы көбейіп келеді. Мәселен, бүгінгі күні барлығы 7462 мүйізді ірі қара, 68127 бас қой, 6380 бас жылқы, 3547 бас түйе асыл тұқымды малдардың санатына жатқызылды. Қойдың –11,3%, жылқының – 4,7%, түйенің –7,8 % асыл тұқымды. 

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу