Ауыл шаруашылығы: Үкімет қашанғы ертегі айтады?

5354

Ауыл шаруашылығының халі тіпті парламент депутаттарының ашу-ызасын қоздырып, олар үкіметті "ертегі" айтпауға шақырды.

 Ауыл шаруашылығы: Үкімет қашанғы ертегі айтады?

"Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз" деген Бейімбеттің (Майлин) сөзі қазір де мән-мағынасын жойған жоқ. Әйтсе де, ауылдың ажары келісіп, маңдайы шылқып тұрғаны шамалы. Осы орайда бүгін Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Божкоға "бәрібір Беларуське де тең болмадық" деп күрсінуге тура келді. Генерал үкімет мүшелеріне "ертегі айтпауды" қатаң ескертті.

Бүгін Мәжілісте "Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыттары мен отандық агробизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыру перспективалары" деген тақырыппен "үкімет сағаты" өтіп, онда премьер-министрдің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов депутаттар алдында есеп берген болатын.

Шенеуніктерге сенсек, елмен бірге, ауыл шаруашылығы да көркейіп, өркендеуде. Ал өмір шындығы басқаша дейді. Еліміздің шетелге сататын экспортының көлемі құлдырауда. Қазақстанға сырттан әкелінетін азық-түлік өнімдерінің ауқымы артуда. Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерінің тауарлары қымбаттауда.

Мысалы, қарапайым бұқара көп тұтынатын азық – жұмыртқаның құны күрт қымбаттап, бір тауықтың құнына таяп қалды. Қалтасында азын-аулақ тиын-тебені ғана бар қазақстандықтар жұмыртқаның өзін биыл ондап емес, бір-екі даналап сатып ала бастады.

Жиында Владимир Божко қызығушылық қана емес, қызғаныш туғызар бір мысал келтірді: "Мына Беларусь өздері өндіретін тауық етін сертификаттаудан өткізіп, енді тіпті Орталық Африкаға жеткізе бастады! Бір сәт ойланып көрсеңдерші, олар Қытайда өздерінің 34 сүт зауытын сертификаттап алды.

Қазір барлық ет өңдеуші кәсіпорындарын сертификаттауды аяқтауда. Осының арқасында Беларусь Қытайдың алып нарығына осы өнімдерімен еркін шығуда" деген вице-спикер іргеде отырып, елдің осыған күші жетпей жатқанына ашынды.

Владимир Божко ауыл шаруашылығындағы басты екі проблеманы атады, оның бірі – "мемлекеттік органдардың "Агробизнес-2020" бағдарламасын іске асыруды өздері үшін міндетті деп санамауы", ал екіншісі – "бөлініп жатқан бюджеттік қаражаттардың тиімсіз пайдаланылуы" болып табылады.

Оның дерегінше, соңғы 3 жылда ғана ауыл шаруашылығын субсидиялауға бюджеттен жарты триллионға жуық қаражат – 498,6 млрд теңге шығындалған! Ал қайтарымы қайда? Судсидияның тиімсіз шығындалып келгенін Асқар Мырзахметов те мойындайды. Мәселен, бұған дейін еліміздің егістіктеріндегі бидай дақылының монополиясын жою үшін министрлік майлы және басқа да дақылдарға бөлінетін субсидия көлемін едәуір арттырды. Бұл ақыр соңында, кейбір аграрийлердің масылдығына соқтырыпты!

Атап айтқанда, мәселен, кейбір "өндірушілер" қызылша егіп, оның шыққандығын комиссияға көрсеткен және тиісінше, мол субсидия алған соң, қызылшаны ары қарай баптап-күтуден бас тартады екен. Өйткені мемлекеттен алған субсидиясы сол қызылшаны өсіріп, жинап, сатудан және басқа да шығындардан кейін қолда қалатын табыстан артық болып шыққан. Осының кесірінен, субсидияланған қызылша ішкі нарыққа да түспейді, экспортқа да сатылмайды, шығын шығарған мемлекет көздеген мақсатына да жетпейді.   

Сондықтан вице-премьер – ауыл шаруашылығы министрі гектарға субсидия беруден бас тартқанын жариялады.

"Үкімет отырысында" қазақстандық өнімнің өзіндік құнының қымбаттығы да сөз болды. Мәселен, Қазақстан ондаған миллион гектарлық ұлан-байтақ даланы жыртып, өңдеп, егін егеді. Ал содан еліміз жинайтын өнімді дамыған елдер әлдеқайда аз көлемдегі егіс алқабынан-ақ алады.

"Талдау көрсеткеніндей, үш аса қолайлы жылды қоспағанда, соңғы 13 жыл бойында дәнді дақылдардың орташа шығымдылығы бойынша көрсеткіш өспеген. Бидай, қара бидай, сұлы, арпа, тары, қарақұмық – бәрі-бәрі бойынша жағдай осылай. Тек жүгері, көкөніс және бақша өсімдіктерінің шығымдылығы ғана өсіпті. Сонымен бірге аграрлық ғылымды, тәжірибелік-сынақтық шаруашылықтарды ұстап тұруға мемлекет қыруар қаржы жұмсады. Ал егін шығымдылығының артуы секілді одан келетін қайтарым нашар, тіпті жоққа таяу", – дейді мәжілістің вице-спикері Владимир Божко.  

Ол ауыл шаруашылығында кадрлардың тапшылығын да мәселе етіп көтерді. "Тек ветеринарлар мен агрономдар ғана емес, тракторшылар, комбайншылар, бақшашылар, механизаторлар да жетіспейді. ЖОО-лардың жас түлектері заманауи техниканы, агрономияны, мал шаруашылығын нашар біледі, тәжірибелері жоқ", – деді Владимир Божко. Мысалы, мал бордақылаушы аграрлық кешендер жетекшілері тіпті қарапайым бақташы, шопанды табу қиын екендігіне шағымданады. Жастардың бір бөлігі мал бағуды қорсынады, басқа бөлігі жалақысын азсынады екен.

Ауыл шаруашылығындағы түйіні тарқамаған түйткіл – техника тапшылығы болып табылады. "Үкімет сағаты" барысында Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Тимур Тоқтабаев соңғы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығы техникасының өндірісі Қазақстанда 1,7 есе өскендігін мәлім етті. Бірақ бұл жерде басты көрсеткіш ретінде бағасы алыныпты: 2015 жылы 21,2 миллиард теңгенің агротехникасы сатылды делінді. Бірақ бес жыл бұрынғы баға бір орнында тұрмағаны, теңгенің құнсыздануымен бірге көп қымбаттағаны сөзсіз. Нәтижесінде, агротехника өндірісінің сандық тұрғыдан нақты өсімі белгісіз қалды.

"Комбайн, трактор, әртүрлі тіркеме-прицеп түрлерінің жаңа өндіріс орындары құрылды. Қазіргі кезде Қазақстан кәсіпорындарының ауыл шаруашылығы техникаларын шығару бойынша жалпы өндірістік қуаты 1545 бірлік комбайнды, 3 600 тракторды және 500 бірлік егін орғышты құрайды" деді вице-министр Тимур Тоқтабаев. Алайда, ол аталған кәсіпорындардың қанша пайызға жүктелгенін айтпады. Сондықтан мұндай баяндама Божкоға ұнамады.

"Мен сендердің бұл оптимизмдеріңді құптамаймын. Әсіресе, мыңдаған трактор туралы деректерің шындыққа жанаспайды. Қостанайдағы беларусьтік комбайндарды құрастырушы кәсіпорынды алайық. Олар бірде-бір темір бөлшекті өздері жасамайды. Олар комбайнды дайын дерлік күйінде алғызады. Сол үшін "ҚазАгроЛизингтен" қаржы алып, өте жақсы өмір сүруде. Оның сыртында белорустарға жыл сайын 50 млн теңге берешек болып қалады да, олар үнемі шағым-талап жолдап жатады. Міне, үкіметтің осы саланы ұйымдастыруы мен бақылауы бойынша барлық жұмысының нәтижесі!" – деп кейіген вице-спикер үкімет мүшелеріне парламентке келіп алып, "ертегі" айтпауға кеңес берді.

"Біз де "үкімет сағаты" алдында оқып, дайындалғанбыз!" – деді Владимир Божко.

Өз кезегінде АШМ басшысы Асқар Мырзахметов алыс шетелден комбайндарды сатып алуға шектеу қойылғанын хабарлады. Бұл қаржыны үнемдеу үшін жасалыпты. Оның айтуынша, алыс шетелдің емес, Ресей мен Беларусьтің агротехникасын сатып алу арқасында қаржыландыру ауқымы бұрынғы мөлшерде қалған. Бірақ, еліміздің комбайн паркі 3 есе өсіпті. 2015 жылы бұл мақсатқа 3,6 млрд теңге шығындалған. Осынша қаржы Қазақстанда қалса, одан да жақсы болар ма еді деген сауал ауада қалқып жүрді.

Асқар Мырзахметов өздері әзірлеген, Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған жаңа бағдарламасында ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін отандық зауытты құру бойынша тетіктер пысықталатынын айтты. "ҚазАгроҚаржы" желісі бойынша лизингтік бағдарлама аясында сырттан агротехниканы сатып алуға жұмсалатын қаражатты сол зауытқа бағыттау көзделген көрінеді.

"Құпия емес, елімізде олардың саны көп, бірақ бар істейтіні – дайын техника бөлшектерін бұрандамен жинай салады. Жергілікті өндірістің көлемі 20-25% ғана. "Енді бағдарлама аясында жыл сайын жергілікті мазмұн үлесін арттырамыз. Отандық ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласын қолдауға дайынбыз", – деп сендірді Асқар Мырзахметов.

Бұрын ауыл шаруашылығы вице-министрі болған, қазіргі Мәжіліс депутаты, палатаның Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров сала "жетістіктерінің" құпиясын ашты.

"Бүгінде отандық агроөнеркәсіп кешенінің өндірісі – ауыл шаруашылығы технологияларын кеңінен пайдалану, қазіргі заманғы жабдықтар мен ғылыми жетiстiктердi пайдаланудан емес, негізінен, шаруашылыққа экстенсивті әдістерді енгізудің есебінен өсіп отыр. Бюджет қаражатын пайдалану мәселесі ерекше назар аударуды қажет етеді. Есеп комитетінің мәліметінше, "Агробизнес-2020" бағдарламасының бірінші кезеңін іске асыру кезінде 53 млрд теңге бюджет қаржысы тиімсіз пайдаланылып кеткен, оның сыртында 40 млрд теңгеге жуық процессуалдық бұзушылықтарға жол берілген",  дейді депутат.

Қалай болғанда, планета тұрғындарының саны артқан қазіргі заманда азық-түлік көзі – ауыл шаруашылығы нағыз байлық көзіне айналды. Алайда, Қазақстанда бұл сала проблемалардан көз аша алмай келеді. Бұған дейін Елбасы "туризмді дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдап, сол арқылы қалалардағы артық еңбек ресурстарын ауылды жерлерге тартуды" тапсырған. Ол да шешімін күтіп тұр.

Әрине, Кеңес Одағынан ауыртпалығы мол, артта қалған ауыл шаруашылығы мұра болып қалды. Азаттықтың алғашқы жылдарында да өнім өткізер нарық таппай, ауыл алапат дағдарыстарды бастан өткерді. Қазіргі жағдай "Үкімет сағатында" бағамдалды. Демек, тәуелсіздіктің алдағы жылдарында мемлекет ауқымды жаңғыртулар арқылы ауыл шаруашылығын қарыштатып, агроөнеркәсіпті өрге сүйресе жөн.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу