Авиация саласының өкілдері мемлекеттен қолдау сұрауда

Әуежай басшылары мен тасымалдаушылар сала тығырықта, одан шығу үшін кемінде 2 жыл керек деп есептейді.  

Авиация саласының өкілдері мемлекеттен қолдау сұрауда

Бұл туралы азаматтық авиация жөніндегі қосалқы комитет отырысында айтылды. Әуе тасымалы саласының қазіргі жай-күйі талқыланған жиында Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының атқарушы директоры Дәулет Хамзин пандемия саланы тығырыққа тірегенін жеткізді. Компанияларға салықтық жеңілдіктер берілген, Еңбекақы қорына төлемдер жасау, меншік және жер салығынан босатылған. Алайда аталған шаралардың барлығы 2020 жылдың екінші және үшінші тоқсанына дейін ғана қарастырылған.

"Сала жұмысы тек екі жылдан кейін ғана қалыпқа келеді. Сондықтан бұл жеңілдіктер аздық етеді. Әлем елдерімен салыстырғанда мемлекет тарапынан жасалған қолдау бойынша орта деңгейдеміз. Мәселен, Ресейде әуежайлар мен тасымалдаушыларды субсидиялаудың механизмі толық жетілдірілді. Әуежайларға 24 млрд рубль, ал әуе компанияларына 10 млрд рубль қаржы бөлінді. Бұл сектор үшін бұрын соңды болмаған көмек. АҚШ-та авиация саласына 60 млрд доллар бөлінді. Оның 25 млрд доллары әуе компаниялары үшін несие түрінде, ал 10 млрд доллары әуежайларға. Басты талап қос тарап та жұмыс орындарын сақтап, қызметін тоқтатпауы керек. Ал біздің елімізде мұндай шаралар қарастырылмаған", – деген елордалық әуежайының атқарушы директоры қосымша шығындар да көбейгені жеткізді.

"Шығындарды барынша қысқартқанымызбен мемлекеттік қолдау жеткіліксіз. Сонымен қатар бізге қосымша жұмыстар жүктелді. Ол залалсыздандыру жұмыстары мен әлеуметтік қашықтық белгілері және тағы басқалары. Бұл шығындардың барылғын тасымалдаушылар мен әуежайлар көтеріп отыр", – деді Дәулет Хамзин.

Әлемде мұнай бағасының құлдырауымен қатар авиациялық керосиннің бағасы да төмендеді. Мәселен, Қазақстанда көгілдір отын 2 есе арзандады. Елордалық әуежайының атқарушы директоры  қазіргі баға өзге елдермен салыстырғанда айтырлықтай қымбат деген пікірде.

"Елімізде авиациялық керосин бұрыннан-ақ қымбат болатын. Сондықтан Ресей, Таяу Шығыс елдерімен салыстырғанда баға айтарлықтай төмендеген жоқ", – дейді ол.

"Эйр Астана" АҚ заң мәселелері жөніндегі вице-президенті Айдар Қашқарбаев министрлікке жолданып, қолдау таппаған ұсыныстарының бірі осы баға саясаты болғанын сөз етті. Оның ойынша бұл тақырып әлі де талқылануы тиіс.

"Біз мемлекеттен Қазаэронавигация қызметтеріне 50% жеңілдік беріп, жыл соңына дейін төлемдерді кейінге қалдыруды сұрағанбыз. Ұсынысымыз қолдау таппады. Сонымен қатар авиациялық керосиннің бағысын қосымша құн салығын қосқанда 1 тоннасы үшін 95 мың теңгеге төмендетуді сұрадық. Алайда бұл ұсыныс та жүзеге аспады. Тасымалдаушыларға әуежайлар көрсететін қызметтері үшін тарифтерді көтермеу туралы ұсыныс жасадық. Әзірге мұның барлығы сол күйі қалды", – дейді әуе компаниясының өкілі.

Ал "Алматы халықаралық әуежайы" АҚ басқарушы директоры Абдул Құсаев бұл ұсыныстармен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша әуе айлағы тарифтерді көтеруге мәжбүр. Ал қызметтер ақысын төмендету тасымал сапасына кері әсер етеді.

 "Отандық тасымалдаушылар, резиденттерден әуежай алымдарын жинамаймыз десек те болады. Олар бізге айтарлықтай пайда әкеліп отырған жоқ. Соған қарамастан әуежайлар 24 сағат, 7 күн жұмыс істеп тұр. Сондықтан аэронавигациялық алымдар мен әуежай алымдары ұшу сапасына әсер ететінін естен шығармайық", – деді Абдул Құсаев.

Сондай-ақ, Алматы әуежайының директоры наурыз айында көрсеткіштер төмендегенін айтады. Ал сәуір айында ол соңғы жылдағы ең төменгі деңгейге жеткен. Абдул Құсаев  сала жұмысы кемінде 2-3 жылдан соң  ғана қалыпқа келеді деп есептейді.

"2019 жылғы көрсеткіштерге 2022 жылдан кейін ғана жетеміз деп ойлаймыз. Бізге қазір нақты сандар керек. Ол үшін жарты жылдық немесе жылдық қорытындыны көру керек. Бұл тек дағдарыстың басы. Авиация саласының жай-күйін нашар, өте нашар және ең нашар деген үш санатқа ғана бөлуге болады", – дейді ол.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу