Елорда әуежайының ұшып-қону алабын су басуы мүмкін

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2428

Қазақстан бойынша 918 елді мекенге осындай қауіп төніп тұр.

Елорда әуежайының ұшып-қону алабын су басуы мүмкін Фото: reuters.com

Қар еріген соң көлдегі су деңгейі көтерілуі мүмкін, деп мәлімдеді ҚР ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

"Солтүстік Қазақстан облысының Үлкен Тарангүл көлінің суын бұрып жіберетін арнаны жөндеу керек, ол бұзылса теміржол және автокөлік жолдарының учаскелері күйреуі мүмкін. Сондай-ақ Астана халықаралық әуежайының маңайындағы Майбалық көлінің суын бұрып жіберу арнасын кеңейтіп, тереңдету қажет, егер су деңгейі көтерілетін болса әуежайдың ұшып-қону алабы су астында қалуы мүмкін", - деді ол 21 ақпанда өткен үкімет отырысында.

"Оны (Майбалық көлін – автордың ескерт.) арнасынан шығармау үшін  биыл Астанадағы №2 су жіберу шлюзін ашпау туралы шешім қабылдадық. Бұл ретте біз елбасының жақында шығарған жарлығымен Астана қаласына қосылған аумақтарды ескердік.  Майбалық көлінің арнасынан шыққан суды Нұра-Есіл арнасына бұрып жіберуге мүмкіндік беретін арнаны қалпына келтіру  керек. Сондықтан біз осы жұмысты наурыз-сәуір айлары аралығында әкімдікпен бірлесіп аяқтауға тиіспіз", - деп түсіндірді кейінірек ішкі істер вице-министрі Юрий Ильин.

Ол төтенше жағдайды  шешуге қажет қаражат алдын ала қарастырылғанын атап өтті.

"Әкімдіктің көктем маусымындағы төтенше жағдай үшін қорда сақтап отырған қаражаты бар. Ол барлық аймақ бойынша шамамен 20 млрд теңгені құрайды және төтенше жағдай орын алған жағдайда жұмсалады. Қазір апатты жағдайда тұрған гидроотехникалық құрылыстың пайдаланылуын біз су ресурстары комитетімен бірлесіп қадағалайтын боламыз және елді мекендерге су басу қаупін төндірмеу үшін судың арнадан шығуына жол бермейміз. 60-қа жуық гидротехникалық құрылыс ерекше қадағалауға алынды – оларда едәуір көлемде су қоры бар және су тасыса үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Олар жұмыс істеп тұр және қадағаланады", - деді Юрий Ильин.

Оның айтуынша, су қоймалары суға толса онда артық су ағызылады.

Бұл ретте Қазақстанның барлық елді мекендерінде апатты жағдайды хабарлау жүйесі жоқ екенін атап өтті ол.

Өз кезегінде ІІМ басшысы Қазақстанда осы күнге дейін иесіз су қоймалары бар екеніне тоқталды.

"Бізде иесі жоқ су қоймалары мен тоғандар мәселесі бар. Ақмола облысында олардың саны 20-ға жетеді, Павлодар облысында – 7, Ақтөбеде – 6, Батыс-Қазақстанда – 4, Қостанай облысында – 1. Бұл мәселені орнында шешіп, олардың жағдайын бақылауға алу керек. Бірқатар өңірде судан сақтайтын жаңа бөгеттер мен суды бұрып жіберетін арналар салу керек, енді біреулерінде оларға жөндеу жүргізу қажет. Мысалға Солтүстік Қазақстан облысындағы Степное және Москворецкое ауылдарында және Қостанай облысындағы Таранов ауылында бөгет салу мәселесі әлі шешілген жоқ", - деді Қалмұханбет Қасымов.

Қазақстан бойынша 918 елді мекенге су тасу қаупі төніп тұр.

"Еліміз бойынша 918 елді мекенге және бір жарым мыңнан астам теміржол және автокөлік жолдарының учаскесіне үлкен қауіп төніп тұр (су басу қаупі – автордың ескертп.)", - деді ол.

"ҚазГидроМеттің" болжамына назар салсақ, биыл Ақмола, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Солтүстік-Қазақстан облыстарында судың шамадан тыс көп болады.

Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу