Түрік инвесторы Атырау үшін күресте жеңілді

2780

Атырау әуежайы үшін болған тартыс ақыры Парижде аяқталды.

Түрік инвесторы Атырау үшін күресте жеңілді

Ел үкіметі мен шетелдік инвестор арасында үш жылға созылған, құны көпмиллиондық дау Франция астанасында Қазақстанның пайдасына шешілді.

Париждік халықаралық сауда палатасының жанындағы Арбитраждық трибунал тараптардың өзіне ұсынған дәйектеме-дәлелдерін жан-жақты қарай келе, "Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi" атты түрік компаниясының Қазақстанға қарсы бағытталған барлық талаптарын қабылдамау бойынша шешім шығарды.

Бұл даудың "тарихы" әріде жатыр. Сонау 1979 жылы "Гурьев біріккен авиациялық отряды" деген атпен құрылған Атыраудың әуежайын дамыту үшін мемлекет тәуелсіздік басында "Атырау біріккен авиациялық отряды" АҚ-ын құрады. Бірақ әуежайға жаңа технологиялар келуі үшін шетелдік инвестор тарту қажет болған. Осы мақсатта 1993 жылдың 14 сәуірінде үкімет "Маденли Йер Хизметлери ве Ташима А.Ш." компаниясымен тізе қоса отырып, "АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ-ын құрады. Ал "Қазақстан әуе жолы" ұлттық әуе компаниясының Атырау біріккен авиациялық отряды Қазақстан тарапынан құрылтайшы болды. Қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны өз жұмысына келесі 1994 жылдың 1 қазанында кіріскен. Компания бас кеңсесі әуежайда орналасты.  

Кейін ХХІ ғасырдың екінші онжылдығының басында ел үкіметі "әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар" (ӘКК) дегенді құрған болатын. Олар өңірлердегі мемлекеттік активтерді басқаратын өзіндік бір аймақтық ұлттық компанияларға айналуға тиіс еді. Атырау әуежайы енді осылардың біріне – "Атырау" ӘКК" АҚ-ына беріледі. Ол атыраулық әуе қақпасын түріктермен бірге басқаруды жалғастырады. Яғни, әуежайдың мемлекеттік пакеті әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның иелігінде болса, акциялардың қалған 50%-ы "Маденлиге" берілген.

Алайда кейін құрылтайшылар арасында келіспеушіліктер туады. Атырау халықаралық әуежайы тіпті жекешелендіруге де шығарылды. Содан "Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi" қазақстандық соттар шешіміне сенбей, 2015 жылдың наурызында халықаралық төрелік соттарға жүгініп, Қазақстанға қарсы арбитраждық сот өндірісін ашқызды. 2018 жылғы 4 шілдеде Париж қаласындағы халықаралық сауда палатасында негізгі тыңдаулар өтті. Онда түркиялық компания ортақ мүлік болған Атырау әуежайын мемлекет "национализациялап" алды деп кінәлаған. Өйткені ел үкіметі "Атырау халықаралық әуежайы" кәсіпорнын құрып, бірлескен компания атқарып келген қызметті соған берген көрінеді.

"Талапкер Қазақстанды Атырау халықаралық әуежайын құру арқылы жанармай жеткізу, жүк қызметтері және тікұшақтарға қызмет көрсету бойынша қызметтерді экспроприациялау бойынша іс-шараларды жүзеге асырды деп айыптады. Сондай-ақ ол "АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ-на құйған өзінің қосымша инвестицияларын Қазақстан өтеуге міндетті деп мәлімдеді. Бұл ретте оның талап еткен өтеуінің сомасы 16 миллиондай долларды (шамамен 6 миллиард теңге) құрады. Оған пайыздары мен төрелікке кеткен шығындарын қоспақ болды", – деп түсіндіреді еліміздің әділет министрлігі.

Халықаралық арбитраждар қызметі арзан тұрмайтыны мәлім. Мәселен, Іnternational arbitration интернет ресурсында орналастырылған есептеуіш-калькуляторға жүгінсек, егер сот дауы ұзағанда, осы сомадағы талап арыз үшін төрелік сот құны шамамен 900 мың долларға дейін баруы ықтимал болатын. Инвестор жеңгенде, бұл шығындардың барлығы ел бюджетіне біраз салмақ салмақ.

Тараптардың дәлелдерін толымды зерделеген трибунал ақырында түркиялық инвестордың барлық талаптарын қабылдамай тастап, оның сұрағанын қанағаттандырудан бас тартты. Трибуналдың қорытынды шешімі бойынша "Қазақстанның мемлекеттік органдары жанармай жеткізу, жүк қызметтері және тікұшақтарға қызмет көрсету бойынша қызметтерді экспроприациялау бойынша ешқандай әрекетке бармаған". Бұдан бөлек, ел үкіметінің "Mağdenli Yer Hizmetleri ve Taşıma Anonim Şirketi"-не қосымша инвестицияларын кері қайтаруына кедергі жасағаны да дәлелденбеді.

Арбитраждық трибунал "қазақстандық сот жүйесі шетелдік инвесторлардың құқықтарын бұзбаған және заңдылық пен әділдік қағидаттарына сәйкес әрекет еткен" деген қорытындыға келді.

Ғажабы сол, париждік сот түркиялық инвесторға бір тиынды да қимады. Халықаралық трибунал "Mağdenli"-дің сонша даулаған қосымша инвестицияларын кері қайтару бойынша енді Қазақстан үкіметінің "қандай да бір міндеттемелері жоқ" деп үзілді-кесілді қаулы етті. Ол сондай-ақ "Қазақстан бұл инвестор алдында шетелдік инвестицияларды қорғау бойынша халықаралық міндеттемелерін толықтай орындады" деген қорытындыға келді.

Бұл жерде аталған түрік инвесторы "мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылған" күйде. Себебі, халықаралық төрелік трибунал Қазақстанның жұмысты ұйымдастыру үшін жұмсаған шығыстарын және төрелік шығындарын "Маденли" көтеруі керек деп қаулы шығарды.

"Ал бұл сома жарты миллион (шамамен 500 мың) АҚШ долларын құрап отыр. Арбитраждық трибуналдың шешімі Қазақстанның дұрыс ұстанымын толықтай растайды. Мемлекетіміз Қазақстан аумағындағы шетелдік инвесторларға жан-жақты қолдау саясатын бұрынғыша ұстана беретін болады", – дейді әділет министрі Марат Бекетаев.

Сарапшылардың түсіндіруінше, түрік компаниясы жиырма жылдан астам уақыт ішінде өз салғандарын артығымен қайтара алса керек. Демек, халықаралық арбитраж осыны ескеріп отыр. "АТМА – Атырау әуежайы және тасымалдау" АҚ-ы әуежайда "жолаушыларға қызмет көрсетумен, соның ішінде әуе билеттерін тіркеу, жүкті, поштаны, қол жүгін рәсімдеумен", "ВИП/СИП залдарға қызмет көрсетумен, жолаушыларға жайлы жағдайлар жасаумен", "жүктерді өңдеумен, рәсімдеумен, жүктеумен, түсірумен", "өртке қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз етумен", "ұшақтарға қызмет көрсететін арнайы техникалық құралдарды ұсынумен, атап айтқанда, ұшақ ішіндегі тамақтандыруды ұйымдастырумен, траптардың, перрондық автобустардың және басқаларының қызметін ұсынумен" айналысты.

Бірлескен компанияның табыс табу көзі мұнымен шектелмейді. Жолаушыларға медициналық көмек көрсету де, санитарлық бөлім қызметтерін ұсыну да, жылжымайтын құрам үшін өтпе жолын жалға беру де, сумен және кәріз жүйесімен жабдықтау да (әуежай аумағындағы барлық кәсіпорындарды сумен және канализация қызметтерімен қамту) соның құзырында. Әуежайдағы ғимараттарды, алаңдарды, орынжайларды жеке тұлғаларға және компанияларға, жалға беруден түсетін қаражат та соның қалтасына құйылатын. Ендеше, түрік инвесторының өкпелеуге еш негізі жоқ көрінеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу