Грантта оқитын тұрғылықты емес студенттерге жатақхана беру басымдығы жойылады. Жоғары оқу орындары мен колледждерде ақылы негізде оқитындар да төсек-орын алуға мемлекеттің кепілдігін алады. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте білім және ғылым министрлігінің вице-министрі Бибігүл Асылова мәлім етті.
Бұл норма "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін кеңейту мәселесі бойынша өзгерту мен толықтырулар енгізу туралы" заңжобасына енді. Құжат мәжілісте мақұлданып, қазір сенатта қаралып жатыр.
"Бұл заң жобасында оқу түріне, яғни оқу ақылы немесе тегін болуына қарамастан, жатақханадан орын алуға кепілдік ұсыну қарастырылған. Бүгінгі таңда бұл норма әзірге мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқитын балаларға ғана қатысты", – деді вице-министр.
Заңнамалық түзетулер айдың соңына дейін қабылдануға тиіс. Содан кейін БҒМ тиісті заңнамаға тәуелді актілерді әзірлейді. Салалық ведомство заң тамыз-қыркүйек айында күшіне енеді деп күтіп отыр.
Бибігүл Асылованың мәліметі бойынша, бүгінгі күні елімізде басқа қаладан келіп оқитын 204 мың студент бар, оның тең жартысы – 101 мың студент үшін тұрғын үй мәселесі өзекті болып отыр. Егер өңірлер бойынша қарастыратын болсақ, жатақханаға деген үлкен қажеттілік Алматы, Астана, ОҚО-да байқалуда. Яғни Алматыда 23 мың, Астанада 17 мың, ОҚО-да 11 мың орындық жатақхана қажет.
Қазақстан президентінің әлеуметтік бастамалар аясында жоспарланып отырған жаңа жатақханаларды пайдалануға енгізгенге дейін оқу орындар мәселені басқа жолдармен шешуде. Мысалы, Астанада хостелдерді студенттік жатақханаларға айналдырып, оған колледж студенттерін орналастыру жоспарланып отыр. Жаңа ғимараттардың құрылысы аяқталған соң, оған колледж студенттері жайғасатын болады деп түсіндірді білім вице-министрі.
"Астанада хостелдер жалға алынып, студенттердің тұрғаны үшін шыққан шығыс өтеледі. Бұл жерге мемлекет қатыспайды. Ол жерде оқу орындары мен жеке кәсіпкер өзара мәмілелеседі. Осылайша, Астананың жоспары бойынша қазір барлық колледж студенттері жүз пайыз қамтылады", – деп атап кетті вице-министр.
Егер жатақханалар құрылысы алдағы қыркүйекте басталатын болса, онда жаңа жатақханаларды бір жыл күту керек болады. БҒМ есебі бойынша, осы уақыт ішінде бес мың студент жаңа орынмен қамтылады. Одан әрі жатақханаларды енгізу қарқыны өсетін болады.
Білім және ғылым министрлігі Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының қолда бар нысандарды студенттерге арналған жатақхана етіп қайта бейімдеу ұсынысынан жемқорлық қаупін көріп отыр. Осыған байланысты бұл бастамалар ведомствода қолдау таппады.
"Бұл жоспарда жемқорлық қаупі көп. Егер жатақхана құрылысы қатаң жобалық сметалық құжат бойынша жүретін болса, онда ол мемлекеттік сараптамадан өтеді, яғни бұл жерде бағалау мәселесі туындайды, сонда қолда бар ғимараттар қалай бағаланады? Бұл аяқталған өндіріс пе әлде аяқталмаған ба? Бұл жерде жамқорлық қаупі жоғары. Сондықтан бұл тетіктен бас тарттық", – деп түсіндірді Бибігүл Асылова abctv.kz-ке.
Білім және ғылым министрлігі студенттерге арналған жаңа орындарды жаңа жатақханаларды салуды қарастыратын МЖӘ-ның тетігі бойынша енгізуді жоспарлап отыр. Осының аясында мемлекет жеке кәсіпкердің барлық инвестициялық шығысын сегіз жыл ішінде қайтарып береді. Ал пайдалану шығыны оқу орындарын және жартылай студенттің төлемі есебінен қайтарылады.
Қазір бизнес үшін несие алу мәселесі маңызды болып отырған кезде мемлекет оларға "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша мөлшерлемелерді субсидиялау түрінде қолдау көрсетуге дайын.
"Қазір бизнестің жол картасына жатақханаларды салуды қосу арқылы банктердегі несие бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету мәселесін қарастырып жатырмыз. Бұл тетік бизнес-қауымдастықпен және банктермен мақұлданған. Егер "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы" бағдарламасына кіретін болсақ, онда пайыздық мөлшерлеме жеті пайыз шамасында болады, себебі кез келген ждағдайда бұл шығын деп ойлаймыз", – деп түсіндірді білім беру вице-министрі.
Сонымен қатар жеке әріптестер әлеуметтік бастамалар аясында жер телімін қайтарымсыз деңгейде алады. Тап қазіргі уақытта әкімдіктер шамамен 134 жер учаскесін бөлген.
Бұған дейін ұлттық экономика министрі студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын МЖӘ арқылы шешудің "бюджеттік" жоспарын ұсынған болатын. Еске салар болсақ, 5 наурыз күні елбасы бес әлеуметтік бастаманы айтқан еді. Оның қатарында 2022 жылға қарай кем дегенде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу, сондай-ақ қазіргі 54 мыңға қосымша 20 мың грант бөлу бар.
Гүлназ Ермағанбетова, Карина Алимова